RSS лента

Қазіргі жастар әскерге барудан қорқа ма?

  • 20.09.2023, 16:57,
  • 675
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: Turan Times

Қазір әскерге барамын деп ұмтылатын жастар қатары сиреп барады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұрын ұл балалардан «өскенде кім боласың?» деп сұрағанда «ғарышкер боламын» десе, қазір «блогер боламын» дейді екен. Сол секілді, бұрын жастар әскери қызметке қызықса, бүгінгі жағдай мүлде басқаша. Қызығушылықты былай қойғанда, қазір Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүргендер көп. Бұған не себеп – әскердегі әлімжеттік пе, әлде үйдегі теріс тәрбие ме? Біз бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін сала мамандарымен тілдескен едік. Сонымен, кім кінәлі?

 

«Отан отбасынан басталады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Әсіресе, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеуде отбасындағы әкенің ролі өте ерекше. Бұл айтпаса да түсінікті жайт. Өкінішке қарай, бүгінгі әкелер ұлдарын әскерге дайындауға асықпайды десе де болады. Тек «біз әскерде болғанбыз, ендеше, сен де барып кел» деуден әрі аспайды. Ал, баланың батыл да батыр азамат болып қалыптасуы үшін бұл жеткіліксіз. Сонда қайтпек керек?

 

Бір сәт ойланып көрсек, қазіргі ата-аналар балаларын өз еліміздің емес, өзге мемлекеттің шекарасын қорғауға жіберіп жатқандай көрінеді. Әке-шешенің жанарынан мұң, баланың бойынан үрей байқалады. Әсіресе, аналар жағы баласын қалайда әскерге жібермес үшін неше түрлі қулық-сұмдықтарға барып жатыр. Ал, шын мәнінде, ертең ел басына «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешетін» күн туа қалса, сол аналарды қорғайтын осы балалар емес пе? Осы ретте, біз атадан балаға аманатталып келе жатқан кең-байтақ жерімізге қызыға да қызғанып қарап отырған сырт көздер көп екенін бір сәт естен шығармауымыз керек.

 

Бірақ, елімізде патриоттық рухты көтеру бағытында ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ деуге тағы болмайды. Себебі, әскери бөлімдер мен жасақтарда күн сайын іргелі істер атқарылып, жарқын жобалар қолға алынуда. Мысал келтірсек, биыл Қазақстанда алғаш рет тегін білім беретін «Сармат» әскери мамандандырылған лицей-мектебі өз жұмысын бастады. Осыған орай біз аталған білім ұясында басшы қызметін уақытша атқарып жүрген Ерлан Тоқпаевты әңгімеге тартқан едік.

 

– Елімізде ең алғаш тегін негізде білім беретін әскери мектеп ашылып отыр. Бұл да тектен-тек жасалып жатқан дүние емес. Мақсат – ертең ержеткенде елін қорғайтын ерлерді тәрбиелеп шығару. Жасыратын несі бар, мен секілді орта және жоғары буын өкілдері әскери борышын кешегі кеңес үкіметі кезінде өтеді. Осы орайда, өткеннен де өнеге алар тұстар бар дер едім. Мәселен, бізді әскерге қазіргідей мектептен түлеп ұшарда немесе студенттік шақта емес, бала кезден дайындады. Ал, 9-сыныпты бітірген кезде арнайы тізімге алды. Содан 18 жасқа дейін денсаулығымызды тексеріп, егер ауру анықталса, тегін ем-дом жүргізді. Бүгінде дәл сондай жүйе жетіспей тұр. Қазір кішкентай тістің өзін емдету үшін қыруар қаражат керек қой. Мұны ата-аналардың бәрі бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да болар, әскер жасындағы жеткіншектердің көбісінің денсаулығы жарамсыз, - дейді ол.

 

Жалпы, жастардың әскери өмірге қызығушылығын арттыру үшін болашақ Отан қорғаушыларға қойылар қатаң талап пен темірдей тәртіпті жұмсартса, қалай болады? Өйткені, соңғы кезде сарбаздар арасындағы суицид, командирлер тарапынан орын алатын әлімжеттік пен ақша жинау деректері көбеймесе, азаятын емес. Оны естіген жастардың да, ата-аналардың да төбе шашы тік тұрары хақ. Ендеше, әскери-патриоттық құндылықтарды насихаттау үшін не істеу керек? Мүмкін әскерге барғысы келмейтіндерді көшеден ұстап алып, күштеп казармаға қамау керек шығар?

 

– Мәселе тек денсаулықта емес қой. Бүгінгі жастардың бойынан ішкі үрей мен қорқыныштың белгісі байқалады. Міне, соны жеңе білу керек. Мен әскердегі алғашқы күндерімді еске алатын болсам, алғашқы оқ атылғанға дейін менің де бойымда үрей болғаны рас. Бірақ бұл – уақытша нәрсе. Кейін адам әскери тәртіп пен талапқа бағынып, міндет пен мақсат айқындала түседі. Ал, көшедегі жастарды ұстап алып еркінен тыс әскерге жіберуге қарсымын. Физикада «қарсы күшке қарсы күш жауап береді» деген түсінік бар. Сондықтан ешкімді зорлап отансүйгіштікке баули алмаймыз. Одан да патриоттық сана-сезімін оятуға жұмыстанған жөн. Ендеше, «Сармат» мектебінің де мақсаты – осы. Мұнда негізінен балалар жаратылыстану-математикалық бағытта білім алатын болады. Сонымен бірге әскери дайындықтан да өтеді. Ертең осы мектептің оқушылары көшеде әскери киім киіп бара жатқанда, басқалары да қызығып, патриоттық рухы ояна түседі деген сенімдемін, - деген ойымен бөлісті ауған соғысының ардагері Е.Тоқпаев. 

 

Айтпақшы, әскери сала қызметкерлеріне деген мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдік пен қамқорлық жылдан-жылға артып келеді. Айталық, оларға жалақыдан бөлек үй жалдауға 45 мың теңгеден бастап жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ, әр отбасы мүшесіне тегін медициналық көмек көрсетіледі. Сол сияқты, әскерилердің балалары кезексіз балабақшаға орналаса алады.

 

Ал, өңірлердегі әскери бөлімдердің ахуалы нешік? Отан алдындағы міндетін атқарып жатқандар тарапынан қандайма бір арыз-шағым бар ма? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білмек болып біз №5546 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басшысының аға көмекшісі Ноғайбай Сапарғалиевпен жолықтық. Оның жауаптары бізді қатты таңқалдырды! 

 

– Көктемгі және күзгі шақырылымда сарбаздар қатары толыға түседі. Бірақ, жаңадан келгендер бұрынғы сарбаздарға бірден қосылмайды. Олар алдымен бір айлық бейімдеу кезеңінен өтеді. Яғни, қарапайым сап түзеу, ішкі тәртіп, қару-жарақ қолдану және басқа да машықтарға үйренеді. Енді әр заманның өз кемшіліктері мен артықшылықтары болады ғой. Мәселен, бұрын ғаламтор деген атымен болған жоқ. Сарбаздар әскери саламен практикалық тұрғыда танысып, оқу-білімді молырақ меңгерді. Ал, қазір олардың телефонға телміріп отыратыны жасырын емес. Бұл тек сарбаздарға ғана емес, сіз бен бізге де қатысы бар әңгіме. Есесіне, бұрын ата-анамен, ағайын-туыспен байланысу қиынға соқты. Сарбаздардың жазған хаттары бір айдан соң ғана үйлеріне жететін. Бүгінде олар апта сайын ата-аналарымен тілдесіп тұрады. Сенбі-жексенбі және мереке күндері телефонмен сөйлесе алады. Әскердегі күндері қалай өтіп жатқанын көрсетіп, фотосурет пен бейнежазба жолдап отырамыз. Соның бәрін арнайы кітапшаға жазып, тіркеп отырамыз, - дейді ол бізге берген сұхбатында.

 

Иә, бүгінде рухани құндылықтардың орнын материалдық игіліктер басты. Бұрын ер азаматтар елін қорғауға дайын болу үшін әскерге баратын болса, қазіргілер тек баспаналы болып, несиені жабуды ғана ойлайды. Яғни, мемлекет жағдайларын жасап берсе, әскери борышын өтеп келуі де әбден мүмкін деген сөз ғой...

Оставить комментарий
Последние новости