ЖАСЫРАТЫНЫ ЖОҚ, ҚОҒАМДА ӘСКЕРДЕГІ ӘЛІМЖЕТТІКТІҢ ӘЛЕГІ ТУРАЛЫ ЖИІ АЙТЫЛАДЫ. АЛ, ОФИЦЕРЛЕР ӘЛІМЖЕТТІК АЗАЙҒАНЫН АЛҒА ТАРТАДЫ. ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ДА, ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫН ӨТЕУ – ӘРБІР ЕР ЖІГІТТІҢ АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫ. ОСЫ МӘСЕЛЕГЕ ОРАЙ ПОЛКОВНИК МАРАТ САДЫҚОВ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУДЫҢ ТАЛАПТАРЫ МЕН ТӘРТІБІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕР ТУРАЛЫ АЙТЫП, ҚОҒАМДА РЕЗОНАНС ТУЫНДАТҚАН ПРОБЛЕМА ЖАЙЫНДА КЕҢІРЕК ТҮСІНДІРДІ.
– Қазір жастар әскерге барып, Отан қорғау борышын өтегеннен гөрі одан сытылып кетудің жолын іздейтін болды. Бозбалалардың әскерге баруға ынтасының төмендеуіне не себеп?
– Рас, бір кезде əскерге барып, жауынгерлік борышын өтемеген жігітке деген көзқарас басқаша еді. Қазір олай емес. дегенмен, əлі де əскерге барғысы келетін жастар аз емес. Дені десант-шабуылдаушы бөлімдерде əскери борышын өтегілері келеді. Ал, одан бас тартатындардың дені бұл əрекетін оқуымен байланыстырады. Оның үстіне, ата-аналар да ұлын əскерге жібергеннен гөрі уақыт оздырмай, мамандығы бойынша табыс тауып, көз алдында жүргенін қалайды. Əсіресе, Атырау өңірінде мұнайшылардың жалақысы жоғары болғандықтан, ауысымдық əдіспен жұмысқа тұрып, мол еңбекақыдан бас тартқылары жоқ. «Бір жыл уақытты бекерге өткіземіз» деген теріс ұғым осыдан қалыптасқан. Əрине, Отан қорғау мен жұмыс жасау екі бөлек түсінік. Отанды қорғау, ең алдымен, ер-азаматтардың міндеті. Əскери тəртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді. Бұл мектептен өткен бала ертең ата-анаға масыл болмайды. Жігітке жігіттік сипат беретін де əскер. Ол өмірден өз жүгін көтеріп өте алады. Əскерге барған қай бала болсын, жемқорлықтан ада, Отанын сүйетін адам болып шығады. Жырақта жүріп ата-анасының, туған өлкесінің қадірін жете түсінеді. Саяси сауаттылық та əскерде қалыптасады. Өйткені, əскерде қару атудан басқа да көп дүние үйретіледі. Негізінде, адамның бойындағы патриоттық сезім бесікте жатқаннанақ бойына сіңуі тиіс. Ананың айтқан əлдиінен бар тəрбиені жиып өскен бала əкенің қатал мінезімен бой түзейді. Осы орайда, жастарды əскерден жалтаруға емес, оған ұмтылуға жұмылдыру жолында атаананың ролі зор. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасындағы тəрбиенің өзіндік маңызы бар. Қашан да халықтың ұлы болу – əрбір ер-азаматтың биік арманы. Ал, Отан алдындағы борышын өтеп, əскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі.
– Әскерден қасақана бас тартатындарға шара қолданыла ма?
– Өз басым қасақана бас тартқандарды көрген жоқпын. Бірақ, жергілікті əскери басқару органдарының шақыруымен келмеген азаматтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 387 бабы (əскери қызметтен жалтару) бойынша қылмыстық, əкімшілік жауапкершілікке тартылады.
– Ол құқын шектеу емес пе?
– Бұл – кодексте көзделген жауапкершіліктер. Ал, медициналық куəланырудан жалтарғандар мен жұмыс орнынан жібермеген жағдайда заңды тұлғаның басшылары немесе жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылады.
– Келесі жылдан бастап әскерге барғандар ҰБТ нәтижесінсіз, емтихансыз оқуға қабылданатыны туралы ақпарат тарады. Бұл реформа әскерден қашу, жалтару секілді проблемалардың алдын ала ма?
– Қорғаныс министрлігі Ғылым жəне жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ, елдегі жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, əскерге баруға ынталандырудың жаңа жобасын ұсынды. Идея – қарапайым, бір жылдық борышын өтеп келгендер университеттерге ешқандай тест тапсырмай-ақ қабылданады. Немесе екі жыл ішінде ҰБТ нəтижесін есепке алмай, əңгімелесу арқылы ақылы негізде жоғары оқу орнына түсе алады. Ал, олардың барлығы ЖОО-ндағы əскери кафедрада емтихансыз жəне тегін оқиды. Тіпті, жеке қасиеттері, үлгілі тəртібі мен мерзімді əскери қызметін өтеу кезіндегі жауынгерлік даярлық нəтижелері бойынша үздік шыққан жекелеген əскерилерге жоғары оқу орны есебінен тегін білім алу мүмкіндігі берілмек. Бұл жоба қазір борышын өтеп жүрген азаматтар мен 2022 жылы əскерге шақырылуға жататын жастар үшін 2023 жылдан бастап іске асады. Мұны 40-қа жуық жоғары оқу орны қолдады. Бұл бұрыннан бар тəжірибе, бүкіл əлемде өзін-өзі ақтаған тəсіл. Осының арқасында əскерден қашатындар саны күрт қысқарып, керісінше армия қатарына баруға құлшыныс еселеп артуы мүмкін. Өмірде əртүрлі жағдай болады. Бүгінде банктен немесе микроқаржы ұйымдарынан несие алғандар аз емес. Олардың қатарында əскер жасындағы жастар да бар. Əскерден жалтару себептерінің бірі де осы, несиенің үстемеақысы көбейіп кетуден қорқады. Əскерге шақырылғандар мен олардың отбасын əлеуметтік тұрғыда қолдау үшін Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіп, жауынгерлік борышын өтеп жүрген кезінде олардың несиесін кейінге қалдыру туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ, көп балалы отбасындағы жұмыс жасайтын үлкен ұлы отбасын асырап отырса, отбасы мүшелерінің коммуналдық төлемдеріне жеңілдіктер беру де назардан тыс қалған жоқ. Жоғары неме се арнаулы оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын студенттер əскери есепке алынады, бірақ оқуы аяқталғанша əскерге шақырылмайды. Өйткені, адам əуелі білім алуы қажет. Кəсіби деңгейдегі армия болғандықтан, сарбаз əскерде де игерген мамандығы бойынша бағдарламашы немесе автомеханик болып қызмет етіп, армия қатарынан тəжірибе жинақтап оралады. Бұл – əскерге барған азаматтың біліктілік дəрежесін алып шығуы жөніндегі Президент тапсырмасының нəтижесі.
– Өзге ңірлерде жас жігіттерді ескертусіз алып кеткені туралы ақпараттарды да оқып қалып жатырмыз. Бұл заңды ма?
– Біріншіден, Отан қорғау – кезкелген ер-азаматтың Отан алдындағы борышы, екіншіден, азамат болып қалыптасу мектебі. Əскери қызметке кəмелет жасына толған, 18-27 жас аралығындағы өз-өздеріне жауап бере алатын азаматтар шақырылады. Бұл жұмыс жергілікті əкімдік пен қалалық, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдердің құзырында. Шақыру қағазы əскерге шақырылушының өз қолына табысталады. Егер өзі болмаса ата-анасына, жақын-туыстарына беріледі. Оған қоса, ұялы телефонына электронды хат жолданады. Жұмыс орнындағы басшының қолын қойғыза отырып та шақыру беріледі. Оған құлақ аспаса, заң жүзінде шара қолдану көзделген. Сонымен қатар, шақыру қағазын ала отырып, дəлелсіз келмей қалғандар мен шақыру қағазын таратқанда, тұрғылықты мекен-жайында болмағандарды іздестіру үшін жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер полиция бөлімдеріне хабарлайды. Əскерге шақырылушының бөлімге уақытында келуіне кедергі келтіргендер де қолданыст ағы заңнамаға сəйкес, жауапкершілікке тартылатынын ескерген жөн. Ал, көшеден ұстап алып, пойызға салып жіберу мүмкін емес. Өйткені, ол əуелі медициналық, психологиялық тексерулерден өтеді жəне біздің мамандар жеке əңгімелесіп, жіберілетін бөлімдері алдын-ала зерттеледі.
– Әскердегі өлім, әлімжеттік жасаудың себебі неде?
– Біз əскерге шақыру мекемесіміз. Əскерге бару жасына жақын жастармен алдын ала жұмыстар жасалады, «ашық есік» күні өтеді. Əскери бөлімдерге апарып, тыныш тіршілігімен таныстырамыз. Толғандырған сұрақтарына жауап алады. Ал, сіз айтып отырған «дедовщина» – кеңес дəуірінен қалған түсінік. Ол кезде əскер қатарына түрмеден шыққан азаматтар да алынатын еді. Бұл сөздің түп-төркіні осында жатыр жəне бұрын екі жыл бойы əскери тірлікті əбден меңгерген «əккілер» өзінен екі жылға кейін шақырылған «жастарға» кəдімгідей ықпал ететін. Қазір жағдай басқаша, мерзімді əскери қызмет бар болғаны бір-ақ жыл. Əскерге жастар жарты жыл сайын шақырылады. Осыған қарамастан, жарты жыл сайынғы шақырылатындардың өзі 18 бен 27 жас аралығындағылар. Олар бірбіріне қандай басымдық көрсетеді?! Сарбаздар аптасына төрт рет ата-анасы мен туыстарына телефон шалып, сөйлесіп отырады. Əрине, 200-300 бозбала жиналған жерде, əрқайсысы өзінің үстемдігін көрсеткісі келеді. Ол адам баласының табиғатына тəн жағдай. Қаншалықты бақылауде жүрсе де шекісіп қалып жататыны рас. Оны «əлімжеттік» деп айтуға болмас. «Ер шекіспей бекіспейді» демекші, ылғи ерлер арасында өзара қақтығыстар туындауы да ғажап емес, олар көбінесе ауызша дау-дамай негізінде басталады. Соған байланысты сарбаздар «қиын» мінез-құлқымен өзінен шені жоғары құрамды қатаң шара қабылдауға итермелеуі мүмкін. Бірақ, біреуді қорлап, жəбірлеуге жол берілмейді. Кез-келген жағдайда кінəлі лауазым иелері қатаң жазаға тартылады немесе Қарулы Күштер қатарынан шығарылады. Мұндай орынсыздықтар балабақша мен мектепте де болатыны анық. Ең момын, ешкімге тиіспейтін бес баланың арасынан да бір лидер міндетті түрде табылады. Сондықтан, Қарулы Күштер сапындағы офицерлік құрам мен келісім-шарт арқылы жұмыс жасайтын қызметшілердің тəрбиеші ретіндегі ролі жоғары. Əрине, Атырауда өскен бозбала Өскеменге барғанда, оның саулығына ауа райының əсері болуы мүмкін, кейбіреуі психологиялық тұрғыдан əлсіз келеді. Бастысы, баланы сəби шағынан Отанды қорғап, ел мен жерін сүюге тəрбиелеу – ата-ананың парызы. Жастайынан спортқа баулып, физикалық тұрғыда дайындау қажет.
– Десек те, болған жағдайларды бүркемелеу орынсыздық болар. Шабытпен барып, табытпен қайту көбейіп кеткен секілді…
– «Əскерде өлім көбейіп барады» деу біржақты пікір деп ойлаймын. Алысқа бармай-ақ, ақпарат құралдары мен əлеуметтік желіде жол апатынан күн сайын дерлік қаншама жан қаза болып жатыр. Өзіне қол жұмсайтындар да аз емес… Жасыратыны жоқ, психологиялық төзімі төмен жасөспірімдер көп. Бізге, яғни əскерге ұялы телефонмен «өскен» балалар келіп жатыр. Олардың əрқайсысының миына кіріп, ойына ену қажет. Барлығының бірдей санасына жету мүмкін емес.
– Әскери қызметті бала күніңізден армандап па едіңіз?
– Иə, əскерге барамын деген мақсат болды. Себебі, ағаларымыз бірінен кейін бірі армияға барып, борышын абыроймен өтеп келетін. Альбомдағы фотоларды көріп қызығушы едік. Қазір бəрінің қолында смартфон, адамдар өзара сөйлескеннен гөрі əлеуметтік желі арқылы байланысуға құмар. Ұмытпасам, V сыныпта оқып жүргенде бозбала жігіттердің əңгімелерінен əскери бөлімге шақырылып, тексеруден өткенін, ВДВ-ға баратынын естіп қалдық. Оның не екенін түсінген де жоқпыз. Бірақ, сол сөз жадымызда қалып қойды да, біз де «əскерге ВДВ-ға барамыз» деуші едік. Ал, қазір армияның имиджін көтеру жұмыстары төмен екенін мойындауымыз керек.
– Ұлдарыңызды әскерге жібересіз бе?
– Əке ретінде үш ұлыма əркез əскерге барудың артықшылықтарын айтып отырамын. «Жоғары оқу орнына түспедің бе, əскерге барасың. Келгеннен кейін емтихансыз қабылдау сынды жеңілдіктерді пайдаланып, қалаған мамандығыңды игеріп шығасың» деп құлағына құйып жүремін. Жоғары оқу орнында оқитын үлкен ұлым қосымша əскери дайындықтан өтіп жатыр. Офицерлік əскери атақ алса, екі жылға əскерге шақырылады. Қалған екеуінің əскер қатарында шыңдалып, өмір көргенін қалаймын. Əскери адам болғанына да қарсы емеспін. Кейде менің көңіліме қарай ма, есейгенде əскери қызметке баратындарын айтады. Ал, аналары дəрігер болғанын қалайды. Сонымен, əскери дəрігер болу секілді ортақ мəмілеге келіп жатырмыз (күледі…).