Аталған проблема, әсіресе, еліміздің "мұнайлы астанасы" атанған Атырау аймағының тұрғындарын алаңдатып отыр. Бұл туралы "Атырау" газеті жазады. Кей ретте қоқыс полигонының өртке оранып жатқанын жиі көреміз. Бұл əсіресе арнайы талапқа сай жабдықталмаған алаңдарға тəн. Мұндайда атмосфераға өте көп улы заттардың бөлініп шығатынын біліп жүруіміз керек. Одан шыққан түтін адамның тыныс жолдарын зақымдап, репродуктивті жəне иммундық жүйелердің ауытқуына əкелуі мүмкін. Бұл жерде қатты қауіп төндіретін органикалық зат – диоксиндер. Олардың əсері цианды калийден, стрихниннен жəне курареден күшті. Əрине, мамандардың сөзін бекерден бекерге келтіріп отырған жоқпыз. Оның залалы зауыттардан ауаға бөлініп жатқан будақ-будақ улы түтіндерден еш кем емес. Күнделікті өмірде қоқыс қалдықтарынан адам өмірі мен денсаулығына төніп жатқан қатерді байқай бермейміз. Ал, мəселенің тереңіне үңілсек, біз ойлағаннан да көп екенін көруге болады.
Өкінішке қарай, біз жағымсыз иісін сезіп, тынысымызды тарылта бастағанда ғана мəселеге назар аударамыз да, аяқ астында шашылып жатқан, қоқыс жəшіктерінде үюлі тұрған қоқысқа, экологиялық проблемаларға мəн бермейміз. Мүмкін, олар зауыттан атмосфераға тасталған «выброс» секілді бірден бас ауыртпаған соң алаңдаушылық туғызбас. Негізінен, бүгінгі қоғамның тарқатылмай жатқан басты түйіні сол. Сондықтан, қала мен елді мекенді тұрмыстық қоқыс қалдықтарынан тазарту, залалсыздандыру, сұрыптау, оны өңдеу күн тəртібіндегі өзекті мəселеге айналуы тиіс. Өркениет төріне озып кеткен Швейцария мен Сингапур сияқты елдер оның зияндылығына əбден көз жеткізіп, мəселені əлдеқашан шешкен əлемдегі экологиялық таза мемлекеттердің қатарында. Қазақстан, соның ішінде жер көлемі жағынан оларды үш орап алатын Атырау аймағы бұл саланың сара соқпағына əлі түсе қойған жоқ. Əйтпесе облыс орталығы атына заты сай болып, Европаның қалалары секілді айнадай жарқырап тұрар еді.
ҚАЛДЫҚ ТА БИЗНЕС КӨЗІ
Рас, осыдан үш-төрт жыл бұрын Атырауда қоқыстарды сұрыптау цехтары іске қосылды. Алайда, ол мəселені түпкілікті шешпейтіні анық. Бізде оны өңдеп, қайтадан кəдеге жарататын технологияның тетігі жоқ. Сарқынды суларды өндіріске қайта жарату мəселесіне енді-енді бас қатырып жатқанда бұл проблеманы əзір қолға ала қоймасымыз анық. Оның үстіне, қоқысты сұрыптаудан басқа, қалада оны бөлектеп жинау, тасымалдау мəселесінің өзі күн тəртібінен түспей тұр. Осы олқылықтың орнын толтыруды ойлап жүрген қалада еріктілер ұйымының бар екенін естігенде қатты қуандық. Өйткені, оның дені жастардан құралған екен. Ал, қаланың келешегі – ел ертеңінің қолында. Демек туған қаласының тазалығы үшін жаны ашып, жанұшырып жүрген жастар барда – қаланың болашағы да бар деген сөз. «Шаңырақ» атты еріктілер командасының қоқысты сұрыптау бекетін салып жатқаны жайлы хабарды бұрын да естігенбіз. Көпке ұзатпай олар шағын ғана қоқысты бөліп қабылдау бекетін аз уақыттың ішінде салып бітіріп, оның атын «Экопункт» деп атапты.
Осы команданың еріктісі Мейрамгүл Дінғазиевамен тілдескенімізде, бекеттің бой көтеруіне атсалысқандардың атыжөнін жеке-жеке атамаса да, құрылыс жұмыстарының еріктілер мен елге жанашыр азаматтардың, бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың қаржысына жүргізілгенін білдік. «Көп түкірсе – көл» дегендей, соның арқасында «Экопункт» пилоттық жоба ретінде Атыраудың «Алмагүл» шағынауданынан жол тартты. Бекет шағынаудандағы мектептің алдынан өтіп жатқан тасжолдың бойындағы көрнекі жерде орналасқан. Оған қоқыс тастаудың тəсілі де қарапайым. Үйден шыққан немесе көшеде шашылып жатқан қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап алып, тапсырасың да, орнына ақша аласың. Түсінікті тілмен айтқанда, «Экопункт» – сенен «мусорды» сатып алатын бекет. Егер үйде қарап жатпай ақша тапқың келсе, онда үйдегі, иə аулаңдағы тұмыстық қалдықтарды жинап ал да, ерінбей осында əкеліп тапсырып, табыс тап.
Мұндай бекеттердің кешегі кеңес өкіметі тұсында болғаны рас. Қағаз қалдықтары – макулатураны, бос шыны шөлмектерді қабылдайтын орындар əлі есімізде. Тіпті, ауылдың балаларына даладан малдың сүйегін тергізіп қоятын «Живсырье» мекемесінің жұмыс жасағанын ұмыта қойған жоқпыз. Мұның барлығы бір жағынан жастарды өскен өлкесінің тазалығын сақтауға ынталандыратын. «Дəстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, «Шаңырақ» еріктілер командасы, міне, сол ескі үрдісті жаңғыртып, қазіргі заманға сай жарақтандырып, іске қосып отыр. Бұл қала тазалығын сақтаудың бірден бір тетігі. Əрине, тазалыққа кімнің де жаны ашиды. Бірақ, бес саусақтың бірдей еместігі секілді, жеме-жемге келгенде тұрғындардың бəрінің бірдей жұдырықтай жұмыла қоюы қиын.
– Біздің мақсатымыз – тұрғындардың бойында тазалықты сақтау мəдениетін қалыптастыру. Өркениетті елдердегідей қоқыстарды бөлек-бөлек жинап, оны арнайы орынға тапсыруға үйрету. Өзіңіз көріп тұрғандай, бұл негізінен, пилоттық жоба. Егер дұрыс жолға қойылса, онда қаланың өзге де шағын аудандарынан ашуды жоспарлап отырмыз. Əрине, көздеген ойымыз іске асып жатса, нұр үстіне нұр. Мақсатымыз – Атыраудың тазалығын сақтау жəне қала тұрғындарын, соның ішінде жастар мен балаларымызды экологиялық тазалықты сақтауға үндеу. Бұл жерде макулатура, пластик, шыны бөтелке, өзге де тұрмыстық қатты қоқыс қалдықтары қабылданады.Олар алты бөліктен тұратын жəшікке сұрыпталып салынады. Қоқыс тапсырған барлық тұрғындарға ақы төленеді. Мəселен, макулатураның əр келісінен 35 теңге пайда табады. Металл мен полиэтилен қалдықтарының келісі 60-70 теңгеден келеді. Шыны бөтелкелер 5 теңгеден, ал пластикалық түрі 50 теңгеден алынады. Бір сөзбен айтқанда, қайтадан өңделетін əрбір қалдықтың түріне қарай өзінің бекітілген бағасы бар. Ол үшін, əрине, «Экопунктте» арнайы бір оператор отырады. Қоқыстар сол жерде сұрыпталып, қалдықтардың қабылдау жұмыстарын үйлестіріп береді. Əрмен қарай, бұл сұрыпталған қоқыстар «Экодаму» ЖШС арқылы өңдеу зауыттарына жөнелтіледі. Қазірдің өзінде макулатураларды Атыраудағы дəретхана қағазын шығаратын цех қабылдауға дайын. Ал, түскен ақшаның 10 пайызы қайырымдылық шарасына жұмсалады, – дейді Мейрамгүл Дінғазиева.
СҰРЫПТАУДАН ӘРІ АСА АЛМАЙ ТҰРМЫЗ...
«Жас келсе – іске» дегендей, бұл шынымен де өте жақсы бастама болды. Адам санасының саңылауын нарық толтырып, ақша мен баға билеп тұрған заманда аяқ астында жатқан қоқысты жинап қоюға да уақыт таппайтыны анық. Біреулердің уақыты болса да, өзі тұрып жатқан көпқабатты үйдің кіреберісінде шашылып жатқан «целофан» мен «баклашкіні» көтеруге арланады. Тұрғындардың тазалыққа деген ынта-ықыласын осындай жолмен оятуды көздеген ерікті жастардың идеясын қос қолдап қолдауға лайық. Бұл əсіресе металл сынықтарын жинап, ақша тауып жүретін қолы бос балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын оятары хақ. Осы арқылы еріктілер өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа қоқысты да бизнес көзіне айналдыруға болатынын қазірден бастап ұғындыруға қадам жасап отыр. Өйткені біз көп айтатын шет мемлекеттерде жеке кəсіптің осы түрі жақсы дамыған. Егер ел ертеңі соны түсіне білсе, «Экопункттің» қатары алға қарай көбейе түсер деген үміт бар.
– Біздің қоқысты сұрыптау орындары қаланың шетінде, орталықтан тым қашықта орналасқан. Онда, əрине, жай адамдарға жеткізу қиын. Сондықтан бұл «Экопунттің» ашылуы тұрғындарға қала тазалығына атсалысуға біраз мүмкіндік береді. Бекеттен шыққан қоқыстар бізге сұрыпталған дайын күйінде жеткізіледі. Сол себепті ол біз үшін өте тиімді. Біз оларды əрі қарай Шымкенттегі пластик, Алматыдағы шыны қалдықтарын қабылдайтын зауыттарға жөнелтеміз. Мəселен, пайдаланылған картон қағаздары Орал қаласына жеткізіледі. Ондағы зауыттар қалдықтарды қайта өңдеп, оларға «екінші өмір» сыйлайды. Сондықтан қоқысты бөліп қабылдайтын мұндай экологиялық бекеттерді тағы да салуымыз керек. Өйткені, қала аумағы кеңейген сайын тұрмыстық қатты қалдықтар қатары да көбейіп келеді. Мəселен, біздің серіктестік бір күнде 3 тонна қоқыс қабылдайды. Бізге жетпей жатқаны қаншама?! Осының өзі көп нəрсені айғақтаса керек, – дейді бізбен əңгімесінде «Экодаму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Мұратбек Дəкенов.
Əрине, қоқыс сұрыптау орны жалғыз Атырауда ғана емес, аудандарда да бар. Мəселен, Құлсары қаласынан 2019 жылы ашылған «Экоқала ХХІ» ЖШС мекемелерден шығарылған қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен айналысады. Жылына 30 мың тонна қатты тұрмыстық, 6 мың тонна азық-түлік жəне ауыл шаруашылық, 2 мың тонна құрылыс қалдықтарын жинап, кəдеге жаратады. Енді тұрғын үйлерден шығарылатын қоқыс қалдықтарын қолға алмақ. Көріп отырғанымыздай, қойнауы қара алтынға толы қазыналы өңіріміз мұнай секілді бұл салада да шикізат өндіруден әрі аса алмай тұр. Яғни сұрыптап, өзге жерге жөнелтіп қарап отырамыз. Әрі қарай өңдеп, оны кәдеге жаратуды ешкім ойлап жатқан жоқ. Еліміздің «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, қалдықтарды өңдеу үлесін 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға көтеру көзделген. Бірақ, Қазақстан тұрғындарының мұндай өзгеріске дайын еместігі белгілі. Өйткені, көпқабатты үйлерден шығатын қоқыстардың тек 1 пайызы ғана сұрыпталады екен. Соның кесірінен, қоқыс полигондары лық толы. Мамандардың пікірінше, бір ғана Атырау аумағында орта есеппен 2,5 миллион тоннадан астам қоқыс жатыр. Одан қалай тазарамыз, қайтсек өңдеп, кәдеге жаратамыз – ол уақыттың еншісінде. «Экопункт» сол мақсатқа жету жолында теңізге құйылған тамшы іспеттес.