RSS лента

Қазақстандық жастардың әскерге баруға құлшынысы қалай?

Автор фото: sputnik.kz

Қазір жастардың әскерге баруға құлшынысы бұрынғыдай емес, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мәселен, Атырау қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасындағы мамандардың сөзіне сүйенсек, мұнда 300-ге жуық адамды әскерге шақыру көзделіпті. Бірақ...

 

Мекеменің кіреберісіндегі кезекші офицер құжатымызды тексеріп, әрі қарай жүруге рұқсат берді. Ұзын дәліз бойында сап түзеген жастар тұр екен. «Әскерге шақырылғандар осы болар-ау...» деп тұрғанда, алдымыздан басқарма бастығының уақытша міндетін атқарушы, подполковник Берік Омарқұл шықты. Әскери тәртіптің адамы екенін байқатып, бірден науқанның қалай ұйымдастырылып жатқанын түсіндірді.

 

– Медициналық тексеруден бұрын біздің мамандар шақыру контингентін зерделеу, жастармен, ата-аналарымен, олар оқитын және жұмыс атқаратын мекеме өкілдерімен түсінік жүргізеді. Өйткені, жастарды әскери бөлімдер бойынша сұрыптау және бөлу кезінде аталмыш шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, физикалық және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі, - деді Берік Асанұлы.

 

Демек, әскерге шақырылушылардың санынан бұрын сапасына мән беріледі. Сондықтан, жігіттердің саулығы дәрігерлік комиссияда қатаң тексеріледі.

 

Болашақ сарбаздың алғашқы әскери танымы әскерге шақыру пунктінен басталады. Міне, «Отан алдындағы парызымды өтесем» деген бозбалалар дәрігердің шақыруын күтіп тұр. Қобалжып тұрғандай... Оларды түсінуге де болады. Өйткені, денсаулығынан сәл кінәрат табылса әскерге бару арманы тағы да кейінге шегеріледі. Алайда, бұл «әскерге бармайды» деген сөз емес, дәрігердің нұсқаулығымен ем алған соң қайтадан осы процестен өтеді. Тиісті мамандардан құралған әскери-медициналық комиссия жастардың денсаулық жағдайын анықтауға қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерден рұқсат алып жұмыс бөлмесіне енгенде көз дәрігері Сапарғали Абдуллаев болашақ сарбаздың жанарын арнайы құрылғымен тексеріп отыр екен. Оның көру қашықтығы 4-көрсеткіш екені анықталып, әзірге Отан алдындағы борышын өтеуге жіберілетіндердің санатына қосты. Көз дәрігерінің айтуынша, соңғы жылдары көзі нашар көретіндердің саны көбейіп барады. Себебі, жастар бала кезінен компьютер, гаджет-смартфондарға тым әуес. Бұл жақсы әдет емес. Келесі бөлмеде психолог маман Жұмазия Оразова Сұлтан есімді шақырылушымен сұхбаттасып отыр екен. Маман оған қиын жағдайда қалай әрекет ететінін сұрап, жауабына қарай өзінің тұжырымын жазып алып отыр.

 

«Денсаулығы жарамды болғанымен, психологиялық сауалдардан өте алмай қалатындар бар. Өйткені, бір жауаптың екіншісімен сәйкес келуі арқылы бозбаланың өтірік немесе шын айтып тұрғаны зерделенеді» деп түсіндірді психолог.

 

Бұл жолғы шақырылушылар Қарулы Күштер және Ұлттық Ұлан жасақтарына үміткерлер екен. Ал, ұланның қай жасаққа баратыны әскерге жарамдылығы жөнінде анықтама берілген соң ғана нақтыланады. Өйткені, әр жасақ талабына сай параметрлерге сәйкес болуы тиіс. Әскери-медициналық комиссияның төрайымы, аға дәрігер Гүлнар Құлғалиева Қарулы Күштер қатарына тек саулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданатын шымыр жігіттер іріктелетінін айтады.

 

– Әскерге шақырылушылар арасында ішкі бас сүйек қан қысымы (внутричерепное давление), қаны аздық (анемия), құлақ-мұрын, жүрек, ішек құрылысы, майтабан дерттерін жиі кездестіреміз. Болашақ Отан қорғаушылардың саулығы мықты болуы қажет. Тексеруден өткен жастардың көбі фастфуд жеп, энергетикалық сусындарды ішетінін мойындайды. Оның үстіне басты байлыққа селқос қарап, емдеу картасының жоғалуына мән бермей жүретіндер де бар. Ақыры, ауруы асқынғанда ғана өкінеді. Егер дер кезінде ем қабылдаса, жазылмайтын ауру жоқ. Қазір әскерге шақырылғандардың қатарында омыртқасы қисайғандар (сколиоз) көбейіп кетті, - деп аға дәрігер бозбалалардың саулығына алаңдаушылығын білдірді.

 

Оның сөзін лор-дәрігер Татьяна Бимағанова мен кардиолог Бақтылы Саназарова да растады. Кейбір жігіттер жап-жас болып семіріп кетсе, енді бірінің бойы мен салмағы сәйкес емес. Мамандар мұның бәрі тамақтану режимін дұрыс сақтамаудан болатынын айтады.

 

Біз тілдескен жігіттер әскерге баруға құлшынып тұр. Дзюдо күресімен кәсіби түрде айналысатын Әлихан сәтін салса, Ұлттық Ұланға сұранбақ. Ал, терапевтің қабылдауына кіріп шыққан 21 жастағы Нұрсұлтан екі жылдан бері денсаулығына байланысты әскер қатарына қабылданбай жүріп қалғанына өкінішін білдірді. «Осы жолы әскерге аттанамын. Дәрігерлердің нәтижелі емінен кейін денсаулығым түзелді» дейді ол тезірек Отан қорғауға аттанғысы келетінін аңғартып. Биыл жоғары оқу орнын бітіретін Мейрам Жексенов Қарулы Күштер қатарына барамын деп мақсат қойыпты.

 

– Бүгін дәрігерлік тексеруден өтіп жатырмыз. «Ұланы бардың ұраны бір» дейді ғой, әскерге баруды борышым деп түсінемін. Бала күнімнен ата-анамның «әскерге бару – абыройлы міндет» деген сөзін құлағымызға құйып өстік. Соның нәтижесінде екі ағам да әскери борышын аман-есен өтеп келді. Ендігі кезек менде, дәл қазір әскер қатарына аттануға дайынмын. Алдағы өмірімді әскери саламен байланыстырғым келеді. Азаматтық борышымды абыроймен атқару – басты мақсат. Меніңше, ер-азамат атаулы әскери өмірді басынан өткеру керек деп есептеймін. Өйткені, әскер физикалық тұрғыдан ширақ болумен қатар, өмірдің қандай да бір қиындығы мен ауыртпалығына төзімді болуға үйретеді, - деп ағынан жарылған Мейрамға сәттілік тіледік.

 

Басқарма бастығының уақытша міндетін атқарушы Берік Омарқұлдың айтуынша, өз еркімен әскерге сұранатындар көбейіпті. Сала басшысы мұны мерзімді әскери қызметін өткерген сарбаздарға арналған жоғары оқу орнына түсу жеңілдіктерімен байланыстырады. Тіпті, кейбірі медициналық тексеру кезінде саулығындағы шағымды айтпай, жасыруға тырысады екен. Дегенмен, тыңғылықты сұрыптаудан сүрінбей өткендері ғана әскерге аттанбақ. Соның өзінде де кейбірі кері қайтарылатын көрінеді. Мамандардың айтуынша, көбінесе бала күнгі сырқаты аяқ астынан сыр беріп, госпитальдағы ем-домы нәтиже бермесе «жарамсыз» деген тоқтам жасалады. Бір жақсысы, Атырау облысынан барғандар арасында мұндай жағдай тым сирек.

 

– Жастар әскерде қызмет ету болашақта қажет болатынын ұғынды. Енді келісім-шартпен қызметке қалуға, құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруға мүмкіндік береді. Қазір мемлекет те әскери қызметшілерді әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіп, барынша қамқорлық таныта бастады. Бұл жастарды сапқа тұруға ынталандырады және біраз адам осы мүмкіндікті пайдаланып жүр. Келісім-шарт арқылы жұмыс істейтіндердің арнайы орта білімі болса, олар сырттай оқуға түсіп, жоғары білім ала алады, - деді Берік Асанұлы.

 

Ұландардың әскери салаға қызығуына білім беру мекемелеріндегі насихат жұмыстарының да әжептәуір әсері бар. Қарулы Күштердің беделін арттыру және нығайту мақсатында «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі, әскери-патриоттық тәрбиені күшейту бағытында «Айбын» жастар жиыны, мектептегі «Ерлік сабағы» бар. Б.Омарқұлдың айтуынша, әскери борышын өтеуді кейінге қалдырылушылардың санатында да өзгерістер бар екен. Мысалы, бұрын кейінге қалдыру ауыл мектебінің мұғалімдеріне ғана берілсе, енді бұл білім беру саласында еңбек етіп жүрген педагогтарға да қатысты болмақ. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының білім беру мекемелерінде бастапқы әскери даярлықтан өтіп жатқан азаматтар да осы санатқа жатады. Заң бойынша үйленгендер, сотталғандар, денсаулығы жарамсыздар және күндізгі бөлім студенттері әскерден босатылады. Сондай-ақ, әскер қатарына шақырылушы жалғызбасты ананың баласы болып, оның отбасында өзінен басқа 18 жасқа толмаған бауырлары болса және ата-анасы І немесе ІІ топ мүгедегі болса асыраушы ретінде оның әскерге бармауына рұқсат етіледі. Тек мұндай санаттағы азаматтар растау құжатын әскери комиссариатқа тапсыруы тиіс.

 

– Қазіргі науқанға орай «Atyraý» газеті арқылы ата-аналарды біздің қызметімізге түсіністікпен қарауға шақырамын. Қызметкерлер әскерге шақырылушыға құлақтандыру (повестка) беру үшін телефон шалады немесе мекен-жайына іздеп барады. Бұл жұмысты күндіз ұйымдастырсақ та, көбінесе шақырту қағазын қолына беру мүмкін емес. Біреуі жұмыста, оқуда, тағы басқа себептері бар. Сондықтан бұл жұмыстарға кешкі тоғыздан кейін кірісуге тура келеді, - дейді Атырау қаласы Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Берік Омарқұл.

Оставить комментарий
Последние новости
     
ЭКОНОМИКА
30.04.2416:07
Доллар вновь поднялся  
   
Все новости