Бұл туралы журналист Жолдасбек Көшербайұлының «Атырау» газетінде жарық көрген мақаласында айтылады. Тұрғындарды, әсіресе, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі толғандырады. Министрдің айтуынша, ғарыштан жүргізілген мониторинг қорытындысымен былтыр 131 рұқсат етілмеген қоқыс алаңы анықталған. Қазір Атырау облысында 55 қоқыс полигоны бар. Солардың 8 полигоны (14,5%) ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Қазір полигондарда 2,5 млн. тоннадан аса қоқыс жинақталған. Алайда полигондарға тасымалданған құрылыс қалдықтары өңделмей жатыр.
– Жергілікті әкімдіктер шағын және орта бизнес субъектілерін коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеуге тартуы қажет. Ал, коммуналдық қалдықтарға байланысты арнайы бағдарлама әзірлеген жөн, - дейді З.Сүлейменова.
Министрдің дерегіне сүйенсек, Экологиялық кодекстің енгізілуі әкімдіктерге табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссиялар үшін төлем қаражатын 100% пайдалану мүмкіндігін беріп отыр. Мәселен, өткен жылы Атырау облысының бюд[1]жетіне экологиялық төлемдерден 9 млрд. теңгеден аса қаражат түскен. Бірақ, одан мұнайлы өңірдің ауасы да, тұмса табиғаты жақсарып жатқан жоқ. Өйткені, бұл өңірде табиғатқа қарсы жасалатын тағылық әрекеттер тоқтамай тұр. Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, былтыр табиғат пайдаланушыларға қатысты 121 бақылау жүргізілген. Сондай бақылаудың нәтижесінде, экология заңнамасының талаптарын бұзған 241 дерек тіркелген. Заң бұзушыларға қатысты 230 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 306 млн. 635 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды. Алайда табиғат пайдаланушылардың айыппұлды төлеуге асығар түрі жоқ.
Қазір 14 млн. 102 мың теңгелік 8 әкімшілік істің орындалу мерзімі өтпеген. Ал, 107 мың 957 847 теңгенің 7 әкімшілік ісі сот орындау[1]шыларының өндірісінде қаралып жатыр. Мәселен, табиғат пайдаланушының біріне жалпы сомасы 56 млн. 146 мың теңгені құраған залалды өтеу туралы бір ұйғарым беру туралы шешім қабылданған. Ақтөбе облысында тіркелген табиғат пайдаланушы бұл шешіммен келіспей, сол өңірдегі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағым берген. Алайда, сот шешімімен шағым қанағаттандырусыз қалдырылған. Табиғат пайдаланушы сот шешімімен тағы да келіспей, Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасына апелляциялық шағыммен жүгінген. Сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырудан бас тартылған. Қоршаған ортаға келтірілген залал өндірілген.
Бұл өңірдің тұрғындары да жұтар ауаның жұпар болғанын қалағанымен алаң көңілді жұртшылықтың қалауы оңынан шешілмей тұр. Өйткені, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Досановтың мәліметіне сүйенсек, кейінгі 5 жылда Атырау облысында қоршаған ортаны бүлдіруге қатысты 47 оқиға тіркелген. Соған байланысты 2,5 млрд. теңгеден аса соманың айыппұлы салынған. Экологияға келтірілген залал мөлшері 700 млн. теңгеден асқан. Қоршаған ортаға зиян келтіретін жағдайлар «АМӨЗ», «Теңізшевройл» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, «North Caspian Operating Company N.V» филиалында анықталып отыр.
Облыстық экология департаментінің мамандары да аталған кәсіпорындардың тұмса табиғаттың бүлінуіне қосар «үлесін» жоққа шығармайды. Мәселен, «North Caspian Operating Company N.V» филиалына қатысты профилактикалық бақылау кезінде заң талабына қайшы 10 дерек тіркелген. Біріншіден, контейнерлік типтегі 2 көлденең резервуары бар уақытша алаң болмаған. Екіншіден, пайдаланылған сілтіні қалпына келтіруге арналған күкірт қышқылы бар бірнеше резервуар тағы жоқ. Үшіншіден, екі желіде аминді тазартуға арналған 14 қосымша сүзгісі бар алаң болуы керек. Төртіншіден, технологиялық сыйымдылығы бар уақытша 29 алаңның болмағаны анықталған.
Өткен жылғы 3 тамызда «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы жұмысы газдың таралуына байланысты тоқтатылды. Мамандар мұның себебін Каспий теңізіндегі «D» аралынан өндірілген газдан сұйықтықтың бөлінуін қамтамасыз ететін шлам ұстағыштың істен шығуымен түсіндірген. Содан кейін шлам ұстағыштың құрылымы жобасыз қайта жасалған. Бірақ, улы газ датчиктері (газ сепараторы) іске қосылған. Атмосфералық ауаға тараған күкіртті газдың көлемі 1 665 килограмды құраған. Экологтар былтырғы 9 айда Атырау мұнай өңдеу зауытына 4 рет жоспардан тыс тексеру, 1 профилактикалық бақылау жүргізді. Бұл кәсіпорын тарапынан қоршаған ортаны қорғау талабы жиі бұзылатынын аңғартады. Мәселен, бірінші жоспардан тыс тексеру кезінде био[1]логиялық тазарту қондырғысынан құрамында үлкен концентрацияда биошламы бар сарқынды өндірістік сулардың булану алаңына ағызғаны анықталған. Аталған дерекке байланысты зауытқа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 327, 328 және 311-баптарының 1-бөліктерімен, 31 млн. 233 мың теңге айыппұл салынған.
Сәуір айындағы үшінші жоспардан тыс тексеру кезінде кәсіпорын тарапынан қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін асыруға қатысты 4 заң бұзушылық анықталғаны тіркелген. Сол себептен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлімімен салынған айыппұлдың көлемі 55 млн. 949 теңгені құрады. Ал, маусым-шілде айларында жүргізілген профилактикалық бақылауға Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен Ақтөбе облыстық экология департаменті мамандары қатысты. Сол кезде анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама беріліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 324, 326, 327 және 344-бабымен 6 млн. 993 мың теңге көлемінде айыппұл салуға шешім қабылданды.
Сондай-ақ, шілдеде «KEGOC» АҚ-та орын алған апаттық жағдайға байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты электр қуатынсыз қалды. Мұның сал[1]дарынан улы газ алауда жағылған. Осы дерек үшін Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін бір жыл ішінде жүйелі түрде (екі реттен көп) асырғаны үшін экологиялық рұқсаттың қолданысын 1 айға тоқтата тұрып, ластағыш заттардың асып кеткен мөлшеріне қатысты қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін 5 млн. 626 мың теңге айыппұл салынған еді. Алайда, облыстық соттың қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы жойылды. Сөйтіп, зауытқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс аса қажеттілік жағдайында іс-әрекеттің жасалуына байланысты тоқтатылды.
Қазір облыстық экология департаменті Атырау облыстық сотының қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарауға кассациялық наразылық беру үшін Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жолдап отыр. Жалпы, өткен жылы Атырау мұнай өңдеу зауытына Экологиялық кодекс талаптарын бұзғаны үшін жалпы көлемі 100 млн. 672 мың теңгені құраған әкімшілік айыппұл салынды. Қазір ауыл тұрғындары да қоршаған ортаның бүлінбегеніне мүдделік танытып отыр. Сондай тұрғынның бірі былтырғы қарашада Whatsapp мессенджері мен әлеуметтік желіде мұнайға ұқсас сұйықтық төгілгені туралы бейнежазба таратты. Топырақ қабаты бүлінген аумақ Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылдық округіндегі Батырбек ауылынан солтүстік шығысқа қарай 8-9 шақырым қашықтықтағы Ыдырыс пен Шегенді қыстақтарының аралығынан табылған. Мұнда «SMART-OIL» ЖШС былтыр тамыз айынан бері барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізуді бастаған. Аталған қыстау Құрманғазы ауданының ор[1]талығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан.
«Осыған байланысты Атырау облыстық экология департаментінің мамандары, Құрманғазы ауданы әкімі мен аудан прокурорының орынбасарлары, Сүйіндік ауылдық округінің әкімі, Азғыр полиция бөлімінің бастығы, «SMART-OIL» ЖШС-нің өкілдері бар топ топырақ қабаты бүлінген жерге тексеру жүргізді. Тексеру кезінде топырақ қабаты белгісіз сұйықтықпен бүлінгені анықталды. Департамент қызметкерлері зертханалық талдау жүргізу үшін бүлінген жерден сынамалар алды. Мұнай өнімдерімен бүлінген жердегі ластаушы заттың нақты концентрациясы аялық (фоновый) топырақтан көп екені дәлелденді. Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің іс құжаттарында жерді бүлдірген «SMART-OIL» ЖШС-нің мердігері – «Капуанов Б.З.» шаруа қожалығы екені көрсетілді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қоршаған ортаның бірден-бір жанашыры – экология департаментінің мамандары «Капуанов Б.З.» шаруа қожалығына заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Шаруа қожалығының басшылары кінәсін мойындаған. Сол себептен қысқартылған іс жүргізу тәртібімен шаруа қожалығы 459 450 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл арқалады. Бұл серіктестіктің Қызылқоға ауданында қоршаған ортаны бүлдіргені туралы дерек бар. Мұны облыстық экология департаментінің мамандары растап отыр. Дәлелге жүгінсек, «SMART-OIL» ЖШС «Қарабау» кен орны аумағындағы бұрғылау қондырғысын көшіру кезінде топырақ қабаты бұрғылау шламымен бүлдірген. Бұрғылау шламын мердігер мекемеге беру кезінде экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны анықталған. Мұндай әрекет үшін серіктестікке Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің талабымен қысқартылған тәртіппен 3 млн. 828 мың 750 теңге айыппұл салынған.
Департамент басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің айтуына қарағанда, былтырғы желтоқсанда «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында көлемі 6 гектарға жуық жасанды көл түзілген. Бұл лас суды далаға рұқсатсыз төгудің салдарынан Атыраудан 30 шақырым қашықтықтағы Қарабатан елді мекенінің тұсында пайда болған. Мұнда «Базис Констракшн» АҚ «Су дайындау» жобасын жүзеге асырып жатыр. Тапсырыс беруші – «Karabatan Utilities Solution» ЖШС.
– Әлеуметтік желіде жер астына көмілген құбырдан құрамы белгісіз лас судың жер бетіне рұқсатсыз төгілгені жайлы бейнежазба жүктелді. Осылайша, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС тарапынан экологиялық заңнама талабы бұзылған. Осыған байланысты департамент қызметкерлері жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысымен көрсетілген деректер расталды. Аталған серіктестік заң бұзушылық дерегіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-тармағымен қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін асырғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, 10 млн. 448 мың теңге айыппұл салынды, - дейді Ә.Бекмұхаметов.
Ал, Атырау облыстық маманданды[1]рылған табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермековтің мәліметінше, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру үшін карьерлерді рұқсатсыз пайдаланған кәсіпорындар бар. Мұндай дерек прокуратура қызметкерлерінің жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысына жүргізген талдауы кезінде анықталған.
– Талдау қорытындысымен кәсіпорындардың тарапынан бірнеше талаптың орындалмағаны белгілі болды. Оның ішінде лицензиялық міндет[1]темелердің орындалмағаны, міндетті төлемдердің түспегені, жер пайдалану құқықтарының үшінші тұлғаларға заңсыз берілгені және жер учаскелерін құқық белгілейтін құжатсыз пайдаланылғаны туралы заң бұзушылықтар кездеседі. Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес жалпы көлемі 773,9 гектар жер учаскесінің қойнауын игеруге жасалған «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның 13, және «Консалтинг-Недра» ЖШС-нің 1 келісім-шарты бұзылды, - деп мәлімдеді Е.Ермеков.
Оның айтуынша, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапқа тартылған. Мұндай талдау жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Заңдылықты бұзған өзге де жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты шаралар қабылдау жоспарланып отыр. Атырау облысында жасыл желек өте аз. Тіпті, жоққа тән деуге болады. Сол себептен жыл сайын мыңдаған тал көшеті егіледі. Бұл көрініс 2000 жылдан бері қайталанғанымен, бой тіктеген жасыл желекті көрмейсіз.
Бұрнағы жылы Атырау облысында орман өсірудің 2021- 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленгені белгілі. Сол кездегі облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов те, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының үлкенді-кішілі басшылары да алдағы жылда 7 млн. көшет егілетінін жарияға жар сала хабарлады. Өңірдің мұнай-газ өнеркәсібіндегі алыптар – «Теңізшевройл», «North Caspian Operating Company N.V», Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Ембімұнайгаз» АҚ-қа жер телімі бөлініп, көшет егу тапсырылған еді. Алайда, бұл кәсіпорындар әзірге тал көшетін еккені, жасыл желектің жайы туралы ақпарат таратқан жоқ. Дегенмен, «North Caspian Operating Company N.V» филиалы 2021 жылдың күзіндегі меморандум шеңберінде «Береке» шағынауданында 62 гектарға 62 мың көшет еккен. Былтырғы көктемде тағы 11 гектарға егілген көшеттің саны 11 мың түпті құраған. Ал, Еркінқала ауылында 21 мың, 20 мың түп көшеттің егілуіне ұйытқы болған.
Қалай десек те, табиғат та аялауды қажет етеді. Десекте, жер астындағы бай[1]лықты молынан қарпып, қыруар табысқа белшесінен батуды көздегендер қоршаған ортаға орасан зор зияны тиетін тағылық әрекетін тоқтатар емес. Заңсыз әрекеті қоғамдық пікір туғызғандар кінәсін мойындап, салынған айыппұлдың жартысын төлеумен құтылып кетіп жүр. Басқаша айтқанда, жеңілдікпен айыппұл төлейтін кәсіпорындар айылын жимай тұр. Осы орайда тұмса табиғатты бүлдіретіндерге салынатын айыппұлды толығымен төлетуді енгізу қажеттілігі туындайды. Ал, бұл үшін әкімшілікті істі қысқартылған тәртіппен қарау, соған орай айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлету туралы талапты қайта қарастыру қажет-ақ.