RSS лента

"Ұйқыашар" мен "селтеткізер" деген не?

Автор фото: ашық дереккөз

Қазақ халқында бүгінгі ұрпақ біле бермейтін салт-дәстүрлер жетерлік, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ЖЕР ЖҮЗІНІҢ ЖАҢАРЫП, ЖАСАРҒАН ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚАЗАҚТЫҢ СЕРІ ЖІГІТТЕРІ ТАЛ БОЙЫНА ИБАЛЫЛЫҚ ПЕН СҰЛУЛЫҚ ЖАРАСҚАН ҚЫЛЫҚТЫ ҚЫЗДАРДЫҢ КӨҢІЛІН АУЛАП, СЕЗІМІН БІЛДІРУ МАҚСАТЫНДА АРНАЙЫ СЫЙЛЫҚ ЖАСАП, ТАБЫСТАЙТЫН БОЛҒАН. БҰЛ САЛТ «СЕЛТЕТКІЗЕР» ДЕП АТАЛАДЫ ЕКЕН.

 

"Атырау" газеті жазғандай, сол кезеңдегі бозбалалар ақмаңдайлы аруларын айна, тарақ, орамал, шашбау, жүзік секілді бұйымдарымен қуантса, қыздар жағы бозбаланы көңілі хош көрсе, «жігіттер ұйықтап қалмасын» деп жас малдың етіне уыз қосып, дəмдеп тағам пісіріп, «Ұйқыашар» дайындаған екен. Аталған дəмнің «Ұйқыашар» аталуы да тегін емес. Себебі, 21-нен 22-сіне қараған түні халық көз ілмей Жаңа жылдың алғашқы таңын күтеді. Күн көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат мезет «Күн сəті» деп аталады екен. Егер кімде-кім ұлыс күннің «Күн сəтін» маңдайын тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген сенім, салт бар болып шықты. Расында, рауандап атқан наурыз таңы талай сырларға, сырлы сезімдерге қанық болған шығар, сірə? Иə, табиғат оянып, тіршілік атаулыға жан жүгірген көгілдір көктемде «Ұйқыашардың» уыз дəмі ұғымдының үмітін оятса, «Селтеткізер» сырғалыны сырлы сезімге бөлеген-ау.

 

Аталған игі дəстүрлер туралы түрлі дерек бар. Ғаламтор бетін ақтара отырып, қызықты оқиғаны көзім шалды. Сіздермен бөлісейін, наурызда Қазақстанның орталық өңірлерінде Үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан денелерін жіті байқап отырған дана халық Ұлыстың ұлы күнін Өгізханның Күн сұлумен жұптасқан одағы ретінде əдемі өрбіткен. Өгізхан туғаннан бастап ерекше қасиетті жан болған екен. Ол бір жасқа толғанда өз атын өзі Өгізхан деп атаған деседі.

 

Ол туған күнінен бастап аспан əлемімен əуестеніп, Ай орағын қолымен өлшеп ойнайды екен. Күндердің бір күнінде жас бала тауда жүргенде аспаннан түскен ғажайып жарық нұрлы сəуле көреді. Қасына келсе, сəуле ішінен Күн сұлу қыз шығады. Өгіз соған үйленеді де, сол аспан анадан үш ұл өмірге келеді. Олардың аттары – Күн, Ай, Жұлдыз. Мұны ертеде Низами өзінің «Жеті ару» немесе «Жеті қат көк» атты астрономиялық поэмасында: «Көтерген Ай сұлуды алып Өгіз, Көктемде аспан туы, ол – Наурыз» деп жырға қосқан екен.

 

Яғни, «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» қашан да екі жастың бір-бірін тауып, қосылуын діттеген қазақта «ерте, ерте, ертеде, түйенің құйрығы жер сызған, ешкінің мүйізі көк тіреген замандарда бастау алғаны ақиқат» делінген ақпаратта. Демек, бүгінде ұмыт болып бара жатқан «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» – Ұлыстың ұлы күніндегі сыңардың жұптасуы, одақ құруы.

 

Ал, бүгінгі бекзада, серілеріміз нəзікжанды бойжеткендеріне қандай сый ұсынып, селт еткізер екен? Осы орайда, өнерде өзіндік қолтаңбасы бар атыраулық азамат, «Заман» тобының əншісі Əсет Қарабалиннің жақсы адамына дайындаған селт еткізерін білмек болып хабарластық.

 

– Бұл ертеден келе жатқан дəстүр. Əдеби кітаптардан оқып-білгем, «Селтеткізер» туралы. Жалпы, қазақтың «Ұйқыашар» секілді өзге де əдемі дəстүрлерін жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіру қажет. Тіршілік атаулыға жан бітіп, Жер-ананың бусанған шағында жақындарыңа сыйлық ұсынып, қуантқанға не жетсін! Шағын болса да шын көңіл, ақ ниетпен ұсынған сый кімді болса да селт еткізері анық. Бейжай қалдырмайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп жатады ғой, ең бастысы, адамдар бұл күнi бiр-бiрiне жылы лебiзiн бiлдiрiп, көңiлiнде көлеңке қалдырмаса болғаны. Негізі жақындарымды мерекелерде ғана емес, жиі сый сыйлап, қуантып отырамын. Ал, Ұлыстың ұлы күні жаныма жақын жанды немен қуантсам екен деп ойланып жүрмiн. Өзіне ұнайтын, қалап жүрген дүниесін сыйлайтыным анық, - дейді «Заман» тобының əншісі Əсет Қарабалин.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости