RSS лента

Түрмеден кейін де өмір бар...

  • 11.02.2023, 02:08,
  • 524
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Темір тордан босаған әйелдің әңгімесі жүректі елжіретті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

...ОЛ БҮГІНГІ КҮНДІ АСЫҒА, ЕРЕКШЕ КҮТТІ. АЛАЙДА, ҚУАНЫШТЫ СӘТІНДЕ ЖЫМИЫП ЕДІ, ОНЫСЫ КҮЛГЕНІНЕН ГӨРІ ЖЫЛАҒАНҒА ҰҚСАП КЕТТІ. ӨЙТПЕГЕНДЕ ШЕ, БҮГІН АҢСАҒАН БОСТАНДЫҚҚА АЯҚ БАСҚАЛЫ ТҰР. ЖАҢА ӨМІР, ЖАҢА ҚОҒАМ, БӘРІ ӨЗГЕРГЕН... ҚАЙТАДАН ӨМІРГЕ КЕЛГЕНДЕЙ, БАСЫНАН БАСТАУЫ ҚАЖЕТ. БӘЛКІМ, ҮШ ЖЫЛ БІРЕУЛЕР ҮШІН БІР СӘТТЕЙ КӨРІНЕР, ТЕМІР ТОРДЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛАР ӘР СЕКУНДТЫҢ ҚАДІРІН ШЫН ҰҒАДЫ... ОЛ ТӘРТІБІ ЖАҚСЫ БОЛҒАНЫНА, ЖҰМЫС ІСТЕГЕНІНЕ, ЖАСАҚ ӨМІРІНЕ БЕЛСЕНЕ АРАЛАСҚАНЫНА, ӨМІРГЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫНЫҢ ӨЗГЕРГЕНІНЕ ЖӘНЕ ӨЗ КІНӘСІН МОЙЫНДАҒАНЫНА БАЙЛАНЫСТЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН БОСАП ШЫҚПАҚШЫ.

 

Иә, оның бұрын от шашып тұратын жанарына қазір мұң ұялаған. Осыдан үш жыл бұрынғы оқиғаны есіне алғысы келмесе де, еріксіз ойына орала берді. Тағдырын тас-талқан еткен сәт анасын да, қызын да сергелдеңге салды емес пе?

 

«Жастықтың жалынымен кешкі отырыстардан қалмай, шат-шадыман өмір кешіп жүрген едім. Түнімен қыдырып, құрбымның үйіне қонып қалдым. Түндегі ішкен алкогольдің иісі мүңкіп тұрған соң, анам мен қызымның қасына мұндай түріммен баруға ұялдым. Ұйықтап кетіппін. Денемді ауыр зат басып бара жатқандай көрінді. Оянып, көзімді ашсам... ер адамды көрдім...» деген ол одан әрі сөйлей алмай, тамағына тас тығылғандай кідіріп қалды.

 

Қатты күрсініп, жанарынан үзілген жасты сүртіп, терең демалды да ары қарай сөзін жалғады.

 

«Қорыққаным соншалық, мені өлтіріп қоя ма деп қалтырап кеттім. Жан-дүнием өртеніп, ішім күйіп, егіле жылап жатырмын. Кенет қолыма түскен затпен ұра бердім. Абайсызда өлтіріп алдым. Көзіме ештеңе көрінбей, миым шыңылдай берді. Осылайша, сот үкімінен соң түрменің төрінен бір-ақ шықтым. Өзімді-өзім қорғау кезінде абайсызда кісі өлтіргенім үшін жазам жеңілденіп, тоғыз жыл бас бостандығымнан айырылдым. Туған үйімді, туыс-ағайынды, анам мен қызымды қатты сағынғанымды білсеңіз ғой. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Міне, менің өмірім осы».

 

Тәтті тірліктен бөлініп, түрмеден қайтқан жарым көңіл адамның әңгімесі де қоспасы жоқ қою болады. Ол темір торда жүріп, бостандықты сырттай бақылап, еркін өмірге сынай қарап, майда-шүйдені сөз етпейді. Өткеніне өкінеді. Жүрегі алып-ұшып жақындарына, Оралына оралуға асық. Түрмеден шыққан адамдар бостандықтағы өмірге бейімделе алмай, сарсаңға түсетіні рас. Өйткені, олардың темір торда отырғанын естігенде алдарынан көп есік тарс жабылады. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін дені сау адамның өзіне кейбір жағдайда екі қолға бір күрек табылмай жатқанда, кезінде қылмыс жасап, істі болғандар үшін жұмыссыздық мәселесі тіпті өзекті. Ал, Г.Есмағанбетованың мүгедектігі тағы бар. Өйткені, темір тордың ар жағындағы бұйығы тіршілік адамға еркіндіктегі өмірдің дағдыларын ұмыттырады. Ұзақ уақыт түрмеде отырған адам кәсіби білім-білігін жоғалтады, еңбекке ебі азаяды, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениеті төмендейді. Десе де, ол бұл өмірден өз орнын табатына сенімді. Тағатсыз тосып отырған анасы мен қызы бар. Бастысы, тоғыз жылы үш жылға қысқарып, шартты түрде мерзімінен бұрын босап, тас қамалдан құтылды емес пе? Темір тор сотталушыны түзеп қана қоймай, түрмеден кейін өмір бар екенін ұмыттырмауы керектігін, түзелгендер еңбекке араласқанда ғана қайта қатарға қосыла алатынын ол жақсы түсінеді. Уақыт – емші . Бостандыққа шығар есік айқара ашылар. Бірақ... бірақ... бәрі сотты болмаған кездегідей бола қоя ма, жоқ па, ол да белгісіз. Тек жақсылықтан үміттенеді. Қамақтан сабақ алғанына сенейік.

 

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 79 мекемесінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып шыққан Г.Есмағанбетовамен әңгімеміз осылай өрбіді. «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы негізінде ұйымдастырылған шараға қалалық пробация бөлімінің қызметкері, қалалық полиция бөлімінің қызметкері, денсаулық сақтау басқармасы және жұмыспен қамту орталығының өкілдері сотталған азаматшаға қоғамға бейімделу, жұмысқа орналасу, кәсіпті толықтыру және тұрағы жоқ адамдарға арналған бейімделу орталығына орналасу секілді мәселелерді түсіндірді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алу құқықтары, медициналық қызмет алу, құқықтық көмек, түзеу мекемесінен босатылған адамның қаражаты болмаған жағдайда заңнама бойынша тиесілі әлеуметтік жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді алу, жұмысқа орналасу жолдарын көрсетті.

 

‒ Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып отыр. Бұл үшін жазасын өтеген кезде сотталушының өзін-өзі жақсы жағынан көрсетуі, тәртібі ескеріледі. Кез келген жазасын өтеушінің айыппұл төлеп, еркіндікке шығуға құқығы жоқ. Жазалау мерзімінің белгілі бір бөлігі өтелгеннен кейін түрме басшылығы мінездеме беріп, сотта айыпкердің түзелгені, қайтадан заң бұзу әрекетіне бармайтыны дәлелденіп, барлық сот шығыны төленгеннен кейін ғана бас бостандығын беру туралы шешім шығарылады. Бұл шешім шыққанға дейін қылмыс жасағандар мекемеде жазасын өтей береді. Олар бостандыққа шыққан соң белгілі бір уақыт жазасы біткенше, заңда көрсетілген нормаларды сақтауы керек, - дейді мекеме басшысының орынбасары Марта Өтепова.

 

Мәселен, шартты түрде босап шыққандарға түнде үйден шығуға, тиісті органдардың рұқсатынсыз ел аумағынан кетуге болмайды. Мамандардың айтуынша, жаза басып жаңылғандар қылмыс әлеміне қайтып оралмауы үшін оларға ұдайы қолдау мен психологиялық көмек қажет. Өйткені, темір тор талайды күйзелтпей қоймайтыны рас. Тағдыр тәлкегіне түссе де, әлі де түзелуге, жаңа өмір бастауға уақыты бар. Тек түрме деп аталатын суық жерге қайта оралмаса болғаны. Темір тордан кейін де өмір бар.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости