RSS лента

"Қасіретті қаңтардан" бері не өзгерді?

Автор фото: ашық дереккөз

"Қайғылы қаңтардың" себептері өте тереңде жатыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

1.Қаңтар оқиғасына бір жыл толмақ. Содан бері не өзгерді?

2.Қандай сабақ алуымыз керек?

 

Ерлан САИРОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі:

 

1.Қаңтар оқиғасы – Қазақстан Республикасының легитимді заңды президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы болған мемлекеттік төңкеріс əрекеті. Қасіретті қаңтардың себептері өте тереңде жатыр. Ол – 30 жыл ішінде елдегі əділеттілік, бірлік құндылықтарының бұғанасының бекімей, бірікпеуі, ұлт байлығының басым көпшілігінің ат төбеліндей адамдардың қолында кетуі, халықтың саясатқа араласуына шек қою мəселелері. Осының барлығы мемлекет пен халық арасындағы байланысқа балта шапты десе де болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғаннан кейін елімізде демократия мен плюрализм болмай, экономикалық даму мүмкін еместігін айтқан еді. Яғни, олигархтардың, протекциямен билік басына келген азаматтардың шексіз билігіне шектеу қойылатын болды. Осы кезде реакционерлер, реваншистер мемлекеттік төңкеріс жасауды ойға алды. Бірақ, ол жүзеге аспады. Президенттің батылдығының арқасында елімізде конституциялық жүйе қайтадан қалпына келді. Халықтың басым көпшілігі сол кезде əділеттілік үшін, экономикалық саясаттың ел мүддесі жолына жұмсалуы үшін алаңға шықты. Алайда, олардың əділеттілікке деген ұмтылысын реваншистер пайдаланып кетті. Қаңтардың негізгі себебі осында. Біздің қоғам өзгерістерге зəру жəне оның тез жүзеге асқанын қалайды. Қазір елдегі өзгерістер өте қатты қарқынды жүріп жатыр. Конституциямыз «жеке адамға табынушылық» синдромынан аластатылды. Еліміздің саяси ландшафты түбегейлі өзгеруде. Олигархтар мен заңсыз байығандардың да заманы тұйыққа тірелді. Жаңа Парламент, жаңа мəслихаттарға жаңа тұлғалар келуі керек. Өзгеріс дегеніміз осы! Саясаткерлердің бет-əлпеті өзгеріп тұруы тиіс, саяси сахнаға үнемі жаңа адамдар шығып тұруы қажет. Саяси дамудың логикасы осында. Бүгінгі күннің басты мəселесі – демократия мен плюрализмді охлакратия мен анархияға айналдырып жіберуге жол бермеу. Ал, демократия дегеніміз – заң мен тəртіп. Оның басты аспектісі норма мен процедура екендігін анықтап алу қажет. Максимализм, экстремизм, төзбеушілік тəрізді қоғамдық дерттерден сақтану тетіктерін қалыптастыру өте маңызды. Қазақстанның географиялық жағдайы өте күрделі. «География – это приговор» деген ұғым бар. Біз географиялық тұрғыда Еуропада немесе Солтүстік Америкада қоныстансақ, басқаша əңгіме айтуға болатын еді. Ал, біз айдаһар мен аюдың ортасында отырмыз. Екеуінің де азуы алты қарыс, батыс күштеріне бой берейін деп тұрған жоқ. Бізге əрқашан осы факторларды есте сақтап отыру қажет. Бірақ, «қайнаған отқа» жеткізбей, көршілермен қарымқатынасты, өзіміздің арамыздағы араласқұраластықты салмақты, салиқалы түрде дамыту өте маңызды. Жаңа саяси мəдениет дегеніміз – өзара төзімділік. Мемлекетті сыйлау, демократияға процедура арқылы жету. Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда біздің халқымыздың ең басты құндылығы – тəуелсіз, мығым Қазақстан мемлекеті! Бізге демократия мен плюрализм қажет, дегенмен демократия мен плюрализм Тəуелсіз Қазақстанның мызғымастығын арттырып, территориялық тұтастығын қамтамасыз етудің құралы болуы қажет. Айналамызда қаншама мемлекеттер шалыс басып, мемлекеттілік бірлігінен айрылып, территориясының бір пұшпағынан ада болып отыр. Мемлекеттің қабырғасын сөгудің бірінші қадамы ел тұрғындары арасында араздық туғызып, қоғамдық дезинтеграция жасау. Бүгінде əлемде жалпы тұрақсыздық пен араздықтың индексі сағат сайын өсіп келеді. Дəл осындай қиынқыстау кезеңде бізге бірлік, ынтымақ, ықпалдастық, өзара сыйластықтың амалдарын жасау өте маңызды. Əрқайсымыз артымызда жанұя мен туыстарымыздың мұң-мүддесімен қатар мемлекеттің де мүдделері тұрғанын, мемлекет деген əрқайсымыз екендігін, сол мемлекет үшін болашақ ұрпақ алдында бəріміз бірдей жауап беретінімізді есте сақтайық.

 

2.Қаңтар қайталанбауы үшін елімізде саяси реформа болуы керек. Халық саясатқа араласуына толық құқылы болуы қажет. Сондайақ, олигархтардың бүгінгі саясат пен экономикадағы орнына балта шабылуы, «олигарх» деген ұғымның өзі белгілі бір құбылыс ретінде жойылуы тиіс. Бұған қоса, елдегі кедейлік мəселесі түбегейлі шешімін тапқаны жөн. Халықтың 15 пайызы – кедей. Мемлекеттің ең негізгі функциясы да осы бағытта болғаны дұрыс.

 

Лесқали БЕРДІҒОЖИН, профессор, тарих ғылымдарының докторы:

 

1.Ең алдымен, түсініп алғанымыз жөн, мұндай оқиға кезкелген елде, кез-келген жүйеде болуы мүмкін. Тіпті, Еуропа елдерінің өзінде үнемі наразылық туындап, соның салдарынан айнала қиратылып, тұрақсыздық сценарийлеріне ұласып жататынын білеміз. Осы жерде АҚШ-тағы Президент сайлауынан кейінгі Капитолийді басып алуға түрткі болған оқиғаны да айтсақ болады. Демек, халық биліктің диалогқа дайын екенін сезінбеген кезде наразылық орын алады. Жалпы, бұл оқиға мемлекеттіліктің қаншалықты осал, ал тұрақтылық пен амандықтың қандай құнды екенін айқын көрсетті. Яғни, басты байлығымызды жоғалтып алу өте оңай екен. Мемлекетімізді сақтау, оны бағалау өте маңызды. Мемлекет пен қоғамның бірін-бірі ести білуі де зор мəнге ие. Жергілікті билік бұқараның сұраныстарына, олардың қажеттілігіне жедел əрекет етіп, наразылықтардың артуына, олардың қарсылыққа айналуына жол бермеуі тиіс. Өйткені, осыдан бір жыл бұрын орын алған оқиға да осы себептен бастау алған еді. Яғни, Қазақстанның батыс облыстарынан басталған автомобиль отыны ретінде пайдаланатын газ бағасының өсуіне қарсы басталған бейбіт наразылық қарулы жанжалға ұласты. Оны реттеуге Үкімет қауқарсыздық көрсетті. Адамдар қаза болды, жараланды, мемлекеттік мекемелерге, бизнес орталықтарына көп зиян келді. Рас, бұл оқиға бірлігімізге, тұтастығымызға сызат түсу қаупін тудырды. Қаншама шаңырақты қайғыға душар етті. Алайда, уақыт көші тоқтамасы анық. Осынау қаралы күн өткен тарихқа айналды. Не өзгерді? Саяси жүйеде трансформация басталды. Бұл – ел, халық дамуына тікелей əсер ететін негізгі тетік.

 

2.Қаңтар қасіретінің қайталануына жол бермеу үшін проблеманы туындаған сəтінде бірден шешіп, халықтың əлеуметтік көңіл-күйіне мониторинг жасау, шынайы өмірлік сұраныс пен əлеуметтік желілердегі наразылық көңіл-күйді ажырата білу қажет. Азаматтардың нақты проблемаларына назар аударып, мəселелерді шешу, халықтың əл-ауқатын арттыратын жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын құру, шағын жəне орта бизнесті қолдау керек. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елде 23 мың не жұмыс жасамайтын, не оқымайтын жастар бар деп айтты. Алайда, Үкімет Жолдауда айтылған осы пікірді зерттеген жоқ. Қоғам белсенділерінің көрсетуінше, қазақ жастары үшін екі-ақ жұмыс қолжетімді. Олар – күзетші жəне такси жүргізушісі. Басқа жұмыс жоқ. Мектеп бітірген жас жоғары оқу орнына түсе алмайды. Талап қиын, кедергі көп. Көлік жүргізу куəлігін алу, оқуға түсуден де қиындау. Қоғамдағы тыныштық əлеуметтік, тұрмыстық тұрақтылыққа байланысты. Міне, осыны мықтап есте ұстау керек.

 

Сайполла САПАНОВ, халықаралық саясаттанушы:

 

1.Иə, қаңтар оқиғасына бір жыл толғалы отыр. Бұл Қазақстанның қазіргі заман тарихында шын мəнінде елеулі оқиға болды. Соның дəлеліндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыздағы Жолдауы негізінен ел тұтастығы мен болашағына арналды. Стратегиялық құжат қаңтар оқиғасының қорытындысы негізінде жасалды деуге болады. Басты нəтиже – біз тəуелсіздігімізді сақтап қалдық. Қаңтар оқиғасы елдегі тоқырау мен стагнацияны көрсетті. Бұдан соң, өзгерістер басталды. Жаңа Қазақстан құру міндеті күн тəртібіне шығып, мемлекеттік мүдде басты орынға ығысты, сөзден іске көшетін кез келгені нақты істермен айшықталды. Қазақстанда жаңа саяси мəдениет қалыптастыру керек. Бұл да – қаңтар оқиғасы негізінде белгілі болған аспект. Ол үшін күрделі саяси реформалар жүргізу қолға алынды. Реформалардың басты мақсаты – демократия мен мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Ал, жалпы меже – бюрократиямен күрес, ашық бəсекелестік орнату, азаматтық қоғам құру, топтастыру. Ол үшін суперпрезиденттік республикадан кету қажеттігі айтылып, Парламенті мықты президенттік республика тəсіліне өтуге қадам жасалды. Ендігі өзгерістер Парламенттің қос палатасы Сенат пен Мəжілістің жұмысын түбегейлі өзгертуге бастайды. Осыны іске асырсақ, нақты нəтижеге, елеулі өзгерістердің жемісін көретін күнге жетеміз. Қаңтар оқиғасы тəуелсіздік алғаннан кейін қалғып кеткен Қазақстанды оятты. Саяси биліктің бетін халыққа қарай бұрды. Үнін естуге мүмкіндік жасады. Осы оқиға бізге саяси жүйе мен билік арасындағы алшақтықтың қаншалықты нəзік, маңызды əрі күрделі екенін түсіндірді. Өз қамын ғана ойлаған, халықты бейтарап қалдырған билікке қарсы үн қатуға түрткі болды.

 

2.Өткеннен сабақ алу, қателіктерді қайталамау – əлемдік үрдіс. Мұндай амал тарихтан да белгілі. Сақ патшасы Томирис «халықты ашындырмау керек» дегенді өмірлік ұстаным ретінде айтып кеткен. Біз де қалыс қалмауымыз керек. Ал, нақты қандай мəселе ескерілуі керек дегенге келер болсақ, əділетті Қазақстан құру жолында билікке келіп жатқан, енді келетін саяси элита халық үніне құлақ асатын, естуші мемлекет құру жолында жұмыстануы керек. Халықтың билікке деген үміті оянды. Соны үзіп алмау аса маңызды. Қазіргі саяси биліктің халық жағында екенінің дəлелі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасына қатысты рақымшылық жариялауы.

 

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости