БҮГІНДЕ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ – МҰНАЙ ЭКСПОРТЫ БОЛЫП ОТЫР. ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ «ҚАРА АЛТЫН» ӨНДІРІСІНІҢ КӨЛЕМІН ЖЫЛЫНА 85- 87 МЛН. ТОННАҒА ЖЕТКІЗУ МЕЖЕЛЕНСЕ, 2024 ЖЫЛЫ ОНЫ 100 МЛН, ТІПТІ 103-104 МЛН. ТОННАҒА ДЕЙІН АРТТЫРУ ЖОСПАРЛАНҒАН. ҚАЙТКЕН КҮНДЕ ДЕ, БІЗДІҢ ЭКОНОМИКАМЫЗ ЖЕРАСТЫ ҚАЗБА БАЙЛЫҒЫНА ТӘУЕЛДІ. МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ АҚПАРАТТЫҚ ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДЕРЕГІНШЕ, СОҢҒЫ БІР ТӘУЛІКТІҢ ІШІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ 258,9 МЫҢ ТОННА МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ КОНДЕНСАТЫ, 163,8 МЛН. ТЕКШЕ МЕТР ГАЗ ӨНДІРІЛІП, 52,5 МЫҢ ТОННА ШИКІЗАТ ӨҢДЕЛГЕН. ДЕСЕК ТЕ, СОҢҒЫ УАҚЫТТА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА, МҰНАЙ ТАСЫМАЛЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУҒА, ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУҒА АЙРЫҚША МӘН БЕРІЛЕ БАСТАДЫ. ОҒАН КӨЗҚАРАС ТА, ТАЛАП ТА ӨЗГЕРДІ.
Иә, мемлекетіміздің экономикасы шикізатпен тікелей байланысты болғандықтан, кейбір сарапшылар қазба байлықтың ел дамуына кері әсер етіп жатқандығын айтады. Себебі, мұнай сатуға дағдыланған жерде өңдеу, отандық өндіріс ақсап қалады. Десек те, мұнай-газ саласының сарапшысы, «Energy Analytics» телеграм-каналының авторы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, әр елдің қазба байлықты тиімді пайдалана білуі – мемлекетке байланысты. Мәселен, Норвегия – Еуропаның әл-ауқаты жоғары, даму жағынан бірінші орындағы мемлекет. Ол да мұнай арқылы дамыды, 1970 жылға дейін «қара алтын» қоры мүлде болмаған, 1972 жылдан бастап шикізат шыға бастады. Бұрынғы кедей ел бүгінде ең бай мемлекетке айналды. Шикізатты өз әл-ауқатын көтеруге тиімді қолданды. Сондықтан, «қара алтын» – берілген мүмкіншілік. Сіз оны қалай қолданасыз, дамуыңызға қалай тиімді пайдаланасыз, солай септігін тигізеді. Кейбір мемлекеттерге ол кері әсер етті. Бастапқыда мұнай шыққаннан кейін әлауқаты төмендеп кетті. Демек, бұлар ол мүмкіншілікті қолдана алмады. От сияқты ғой, оған біреу келіп тамақ пісірсе, енді бірі оны құр жағып жібереді, - дейді сарапшы.
ҚҰБЫРДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
Қазақ мұнайының басым бөлігі «Каспий Құбыр Консорциумы» арқылы экспортталатыны белгілі. Алайда, Қара теңіздегі қатты дауылдан кейін «КТК»-ның басына бұлт үйіріліп, көпшілікті алаңдата бастады. Дегенмен, Энергетика министрі Болат Ақшолақов маңызды құбырдың тұрақтылығына айрықша мән беріліп отырғандығын жеткізді. Өйткені, Теңіз–Новороссийск желісі басқаларға қарағанда экономикалық жағынан тиімді көрінеді.
– Қазір ең бірінші маңызды мәселе – «КТК»-ның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біз сол арқылы жылына 54-55 млн. тонна мұнай тасымалдаймыз. Бұл – экспорт үшін ірі әрі маңызды құбыр. Сондықтан, біз қалайда консорциумның жұмысын тұрақты қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Біріншіден, Қара теңіздегі дауылдың салдарынан құбырлар істен шықты. Соңғы уақытта мұндай апат болмаған. Екіншіден, құбыр маңынан миналардың табылуы – жыл сайын шығатын мәселе. Біз Қашағандағы уақытша жөндеу жұмыстарына тұрғанын пайдаланып, миналарды алып тастадық. Бүгінде құбыр штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Әрине, келешекте Теңіз кен орнында 2024 жылдан бастап 12 млн. тонна қосымша мұнай өндірілетінін ескерсек, оны қалай тасымалдаймыз, соған байланысты шешім қабылдауымыз керек. Бізде ашық теңіз болмағаннан кейін мүмкіндіктеріміз шектеулі, - дейді министр.
Алайда, соңғы уақытта жиі табылған ақаудан кейін құбырларды жөндеу жұмыстары басталған болатын. «Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясының ресми мәліметінше, қазан айында «Альянс» ЖШС зақымданған бірінші жылжымалы айлақ қондырғысындағы қалқымалы резервуарды бөлшектеу жұмыстарына дайындықты бастады. «28 қазанда 35-40 метр тереңдікте жұмыс істейтін сүңгуірлер VPU қалқымалы резервуарды якорь жүйесіне және «суасты парашюттері» деп аталатын суасты шлангілеріне қосты. 19 адамнан тұратын сүңгуір тобына ұшқышсыз су асты көлігі қолдау көрсетті. Мердігерлер мен «Командер» кемесінің экипажының жақсы үйлестірілген жұмысы зақымдалған қалқымалы цистернаны көтеру және жаңасын орнату кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. Жұмысты ұйымдастырудағы ерекше қиындық – операцияның екі тәулікке жуық үздіксіз процесті қажет ететіндігі және ауа райы жағдайларымен шектелгендігі болды. Жылдың күзгі-қысқы кезеңінде толқынның биіктігі 1,5 метрден аспады. Кеме бортындағы жедел кеңес тәуекелді кешенді бағалау нәтижелері бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды. Содан кейін сүңгуірлер екі фланецті бекітпеден барлығы 48 болтты алып тастап, ескі қалқымалы цистернаны кемеге көтеруге дайындады. 29 қазанда «Командер» көпфункционалды кемесінің қатысуымен бірінші жылжымалы айлақ қондырғысының қалқымалы цистернасы 40 метр тереңдіктен көтерілді.
«Қалқымалы цистерна жер бетіне көтеріліп, командирдің артқы жағына арнайы құрылымға – осы жұмыс түрі үшін арнайы жасалған ложаға орнатылды. Теңіз су асты шлангілерін зақымдалған қондырғыдан ажырату жұмыстары жүргізілгеннен кейін ескісі ауыстырылып, теңіз суасты түтіктерін қосу жұмыстары аяқталды. Сөйтіп, «Командир» кемесінің бас кранын пайдаланып, жаңа қалқымалы цистерна іске қосылды және бетон зәкірлерінде орнатылған такелаждар арқылы қалқымалы цистернаны кейіннен азайту үшін алдын ала белгіленген тереңдікке батырылды. Жаңа қалқымалы резервуарды тереңдікте орналастыру және фланецті қосылыстарды азайту жұмыстары жалғасуда» - делінген баспасөз хабарламасында.
Тағы бір белгілі болғаны, «Каспий Құбыр Консорциумы» енді екінші жылжымалы айлақ қондырғысына осындай жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Жалпы, «қара алтынды» тасымалдау жолдарын әртараптандыру жайы жиі айтыла бастады. Мұнайлы өлкеге жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау өңірінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін тапсырды.
ИНВЕСТИЦИЯ – ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
Елімізде алпауыт компаниялар қызығатын инвестициялық климат қалыптасқан. Осы жерде өнімін өндіріп, қанжығасы майланған серіктестіктер аз емес. Әсіресе, бірлескен кәсіпорындар мол пайдаға кенеліп, қазыналы аймақта қызметін табысты жүргізіп жатыр. Ресей мен Украинаның текетіресі қазақстандық нарыққа әсер етіп отырғаны анық. Десек те, санкция – кейбір мемлекеттерге кесірін тигізсе, енді бірі үшін үлкен мүмкіндік. «Ультрастаб-Қазақстан» ЖШС директоры, қалалық мәслихат депутаты Азамат Асылбековтың айтуынша, инвестициялар үшін жаһандық күрес осыған дейін де тоқтаған емес. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде бұл күрес одан әрі өрши түскені анық. Өйткені, инвесторлар мұндай кезеңде дамушы мемлекеттердің экономикасына қаржы салуды үлкен тәуекел ретінде қабылдайды.
– Ресей мен Украина арасындағы соғыс біздің елдің инвестициялық тартымдылығына екіжақты әсер етуде. Бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі ретінде Ресейге салынған санкциялардың зардабын біз де көрудеміз. Бұл әсіресе тасымалдау жүйелерінің бұзылуынан және тауарлардың жаппай қымбаттауынан байқалады. Алайда, екінші жағынан осы жағдай бізге жаңа мүмкіндік туғызып отыр. Ресейлік нарықтан шетелдік компаниялардың үдере көшуі және санкциялық шектеулер көрші мемлекеттің экономикасында орасан зор қанағаттандырылмаған сұранысты тудырды. Оның үстіне рубль бағамының шарықтауы Қазақстанда тауар өндіріп, оны экспорттаудың тартылымдығын арттырды. Осыған байланысты бұрын Ресей нарығына бағытталған шетелдік компаниялардың бірқатарының Қазақстанға қоныс аудару үрдісі басталып кетті. Менің ойымша, осы қысылтаяң кезеңнен өтуіміз үшін біз жағдайды барынша өз пайдамызға шешуіміз керек. Мәселен, тұрмыстық химиядағы алпауыт P&G, тамақ өнеркәсібіндегі MARS, жиһаз жасаудың көшбасшысы IKEA сияқты компаниялардың зауыттары бұрын Ресейде орналасып, бізге өнімдерін импорттайтын. Ендігі сәтте бұл өндірістерді елімізге орналастырсақ, керісінше біз ресейлік тұтынушыға экспорттай аламыз. Осы бағытта әсіресе біз сияқты шекаралас аймақтардың мүмкіндіктері көп болмақ, - деді ол.
Азамат Бисалыұлының пікірінше, Атырау аймағы еліміздің қиыр батысында орналасуымен, Ресейдің халқы тығыз шоғырланған өңіріне жақын болуымен және шетелдік компаниялар үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруымен ерекшеленеді. Біздің облысқа мұнай-газ саласына қызмет етуші компанияларды, IT, химия және машина жасау салаларында жұмыс істеуші компанияларды тартуға болады.
– Былтыр біз ресейліктермен бірге геосинтетикалық өнімдерді шығаратын 2 бірлескен кәсіпорын құрған болатынбыз. Қазір осы өндірістердің қуатын 10 есеге көбейту бағытында, жалпы құны 10 млн. доллар тұратын жоба жасақтаудамыз. Инвестициялар мен технологияларды тарту бағытында биылдың өзінде Ресейге 6 рет іссапармен барып, жиырма шақты компаниямен келіссөздер жүргіздік. Жыл соңына дейін су тазарту технологиясы мен күн энергетикасы бойынша жаңа бірлескен кәсіпорындар ашу жоспарымыз бар. Әзірге бізбен бірігіп жұмыс жасауға ниет етуші әріптестер – ресейлік орта бизнес өкілдері. Оған себеп – шағын және орта бизнес өкілдері үлкен бизнеске қарағанда шешімдерді тезірек қабылдайды, -деді әңгімелесушіміз.
Мұнай-газ химия саласының экономиканың драйверіне айналуына толық мүмкіндігі бар. Ол үшін алдағы онжылдыққа өзіміздің шикізат қорымыз жеткілікті. Шекаралас орналасқан Түрікменстанның газ потенциалын пайдалануға болады.
– Өзбек көршілеріміз сияқты GTL технологиясы арқылы газдан бензин өндіруге де болады. Мені толғандыратыны – қазіргі кезде келесі өңдеу кезеңіндегі кәсіпорынға жеткілікті көңіл бөлінбеуінде. Мемлекет қаражатына салынып жатқан ірі зауыттар 10-15 пайыз қосылған құн әкелсе, дайын өнім шығарушылардың қосылған құны 40-50 пайызға жетеді. Яғни 500000 тонна полипропиленді экспортқа сатқаннан, соны елімізде әрі қарай өңдеген тиімдірек - деді Азамат Асылбеков.