RSS лента

Жоқшылықтан арылатын күн бар ма?

Автор фото: әлеуметтік желі

Қоғам пікіріне құлақ ассақ, балалардың базарда жүруіне кедейлік кінәлі, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бала неге базарда жүр? Ата-анасының оны беталды жібергені қалай?

 

Мені сол сәтте сан түрлі ой шырмауына алды. Бұдан бұрын көшелерден ұсақ-түйек сататын үлкен жастағы адамдарды ғана көретінмін. 90-шы жылдары біз бала болғанымызбен сауда-саттықпен айналысқан адамдардың көп болғаны есімде. Үй-үйдің бұрыштарында шемішкі мен сникерс сатып апалар отыратын. Бертін келе халықтың тұрмысы түзелді ме, жайма базарлар жойылды. Ал, жиырмасыншы жылдан асқан тұстағы алақан жайып, ашқұрсақ жүрген бала бейнесін қоғамдағы теңсіздік, кедейшіліктің келбеті ме деп қалдым. Расында, бүгінде «не ішем, не кием демейтіндермен» қатар, тойынып тамақ ішпейтін, тапқан тиынына талғажаулық ас алатын отбасылар бар. Қай кезде де мұндай теңсіздік болған әрине. Дегенмен, елдің экономикалық өсімі тек өнеркәсіптердің салынуымен емес, халықтың тұрмысының түзелуімен де өлшенетінін естен шығармау керек.

 

– Атым – Арман. Ата-анам туралы айтпаймын. Ақша керек болған соң осылай үйдегі бар нәрселерді сата бастадық. Апа, алыңызшы, бүгінге үшінші бөтелкемді сатып жатырмын, – деген әлгі бала әккі саудагердей іші-бауырыңа кіріп барады.

 

Бейне, бесіктен белі шықпай жатып, нарықтың маркетингін меңгеріп алғандай. Тауарды сату үрдісі де өзгерек. Алдымен тиын тастап, адамның назарын аудартып алады. Үлкендер айтпақшы, нағыз «ақыр заманның баласы». Нарықтық экономикаға Арман секілді балалар ауадай керек-ау. Тек, талмай ізденсе, мақсатына жетері де анық. Ж а л п ы , т ә у е л с і з д і к а л ғ а н ж ы л д а р ы экономикамыз өтпелі кезеңнен өткені белгілі. Экономиканы арттыру отыз жылда оңай болмады. Жаңа жаһандық дағдарыстар пайда болып, қиындықтармен бетпе-бет келген күндер де өтті. Осыған қарамастан дағдарысқа қарсы уақытылы қабылданған шаралар нәтижесінде, экономикалық көрсеткіш жылдан жылға өсіп отырды.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында осы мәселені әріден қозғаған еді.

 

«Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы» деді мемлекет басшысы.

 

Иә, Президент бұл сөзі арқылы, ең алдымен, елдің тұрмысын түзеп, әлеуетін көтеруді, экономиканың игілігін алдымен ел көруі керектігін айтты. Мақала ел арасында әлі күнге дейін қызу талқыға түсуде. Себебі, мемлекет басшысы көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген мәселені көтерген еді.

 

Біз бұл орайда қаржыгер сарапшы Расул Рысмамбетовты сөзге тартқан болатынбыз.

 

– Айналамызға көз салсақ, алдымен өткен 30 жылда бой көтерген көркем қалалар мен қымбат көліктерді көреміз. Ең бастысы, тұрғындар санының көбеюіне қарап, Қазақстан халқы экономикалық өсімнің игілігін көріп жатыр деп айта аламыз. Яғни, халық экономиканың негізгі күші мұнай-газ секторының пайдасын көруде. Осы жылдарда үйлер, ықшам аудандар, бұрын-соңды болмаған қалалар тұрғызылды. Әрине, мемлекет қаражатының көбірек өсуін және оның тиімді инвестициялануын қалаймыз. Бұл тұрғыда Қазақстан – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері арасында көшбасшы. 1991 жылдан бері елімізде үлкен жұмыстар атқарылып, дамудың даңғыл жолдарын өткердік. Өткенге зер салар болсақ, еліміз мұнайдан, металлургиядан, дәнді-дақылдардан біраз пайда көрді. Банк саласы да қарқынды даму үстінде. Әрине, ауқымды жобаларды жүзеге асыруда кемшіліктер де болмады демейміз. Себебі, біздің мемлекет енді-енді аяққа тұрып келе жатқан дамушы ел саналады. Мәселен, жемқорлықтың белең алуы көп кедергі болды. Бастысы, әрдайым кемшіліктерден сабақ алып, оны жоюдың нақты жолдары қарастырылып отыр, – деді сарапшы.

 

Жасыратыны жоқ, соңғы екі жылдағы коронавирус пандемиясының салдары экономикаға кесірін тигізбей қоймады.

 

Елде тұрмысы төмен отбасылар көбейді. Оған бағаның қымбаттауы, жалақы мен табыстың сол қымбатшылыққа ілесе алмауы себеп болғаны анық. Карантин кезінде бизнес тұралап, кейбірінің құрдымға кеткенін де көз көрді. Жұмыссыз қалған адамдар жан бағудың амалымен екі қолға бір күрек іздеп кетті. Жолы болғандар, тығырықтан шығып, кәсіптерін өзгертті. Тойханалар бірер айда оқу орталықтары мен тігін цехына, дәріханаға айналып шыға келді. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, пандемия салдарынан еліміздегі кедейлер саны бірден бір жарым миллионға артқан. Банк сарапшылары пандемия кезінде Қазақстандағы кедейлердің саны 14 пайызға көбейді деп есептеген болатын. Ал, індет басталмай тұрып тұрмысы төмен адамдар бір миллионға жуық болған. Бұл орайда қаржыгер Арман Байғанов өз сөзінде өзге мемлекеттермен салыстырмалы түрде елімізде ең төменгі жалақы мөлшері төмен екендігін айтып қалды.

 

– Иә, жұртшылықтың қаржылық жағдайына шектеулердің әсерін тигізгені рас. Ал, қатаңдатылған карантин кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға қолдау көрсетілгенімен, олардың отбасындағы балалар саны ескерілмеді. Тұрмыстық жағдайдың төмендеуіне оның да әсері бар. Сондықтан, халықтың қаржылық жағдайын көтеру үшін орташа жалақы көлемінде болсын, арнайы жеткілікті сома қарастырылып, арнаулы төлем мәселесін қайта қарау керек деп ойлаймын, -деді ол.

 

Былтыр жарты жылға жуық жұмыссыз қалған жанның бірі атыраулық – Елнар Есенжанов. Аяқасты тұрақты табысынан айырылған ол, несиесін төлей алмай, астындағы автокөлігін сатқан.

 

– Темір тасымалдау компаниясында жұмыс жасайтынмын. Мекеме шығынға ұшырап, жалақы бере алмай жұмыссыз қалдым. Отбасым, екі балам бар. Жолдасым декреттік демалыста болды. Екеуміздің бірдей табыссыз отырғанымыз оңай болмады. Не көрсек те елмен бірге көрдік. Жұмыс іздеп, түйіндемені бірнеше жерге тапсырдым. Бірақ, ешкім қабылдамады. Соңында көлігімді сатып, несиемді жаптым. Ал, жолдасым кішкентайымыз жасқа толысымен жұмысына шықты. Айналамдағы адамдарды көріп отырып, өзімді сабырға шақырдым.

 

Иә, көптеген отбасында қаржылық қиындықтар туындағаны рас.

 

Оған көшелер мен супермаркеттер алдында алақан жайып, қайыр сұраушылардың көбейіп кеткені дәлел болса керек. Ендеше, кедейлерге қолдау көрсету үшін не істеу керек? Бізді мазалайтын сұрақ та осы. Соңғы кезде «шартсыз табыс төлемі» жөнінде көп айтылып жүр. Мұндай әлеуметтік эксперимент бұған дейін Финляндияда жасалған. Бірақ, сарапшылар оның экономикаға әкелген әсері туралы екіұдай пікірде. Мәселен, Хельсинки университетінің профессоры Елена Бломберг Кроллдың айтуынша, негізгі кіріс өмірде белсенді азаматтарға қолдау көрсетті. Ал, қиын жағдайда отырған отбасылардың ахуалын жақсарта алмады. Финляндия мұндай тәжірибелерін 1960 жылдардан бері жасап келеді. Өкінішке қарай, осы уақыттан бері оның қоғам мен халыққа әсері байқалмаған. Сондықтан, «шартсыз табыс төлемін» шикі бастама деуден өзге амал қалмай тұр.

 

Халқымыз «Әр істің бір қайыры бар» демекші, пандемия кезінде жолы болып, ісі өрге домалағандар да табылды.

 

Солардың бірі «Ермек» құрылыс дүкенінің иесі Жаңылсын Қадырғалиева. Пандемиядан төрт ай бұрын дүкенін ашқан ол, бастапқыда қазіргідей сауда болмағанын айтады.

 

– Былтыр елдегі қатаңдатылған карантин кезінде көптеген сауда орындары жұмысын тоқтатып, тоқырауға ұшырады. «Әлі аяққа тұра қоймаған шағын бизнесімнің шырқы бұзыла ма?!» деп іштей уайымда болдым. Оның үстіне мемлекеттен алған несие бар. Сондықтан, қалыптасқан жағдайды уақытша қиындық деп қарап, одан шығатын жол іздедім. Отбасылық кәсіп болған соң дүкенде үш адам болып тұрып, онлайн жұмыс жасадық. «Санитарлық талап сақтап, санаулы тұтынушыдан артық кіруге болмайды» деп, арнайы талап қойылып, сауда жүргізуге мүмкіндік берілгенімен, дүкеннің есігін ешкімге ашқанымыз жоқ. Тапсырыс қабылдау, оны шығару және жеткізу қызметтерімен айналыстық. Жекелеген адамдардан өзге, компаниялардан тапсырыс түсе бастады. Нәтижесінде, несиемді жауып, құрылыс заттарын тасымалдауға қажетті арнайы көлік сатып алуға қаражат жиналды. Әрине, өзгелер секілді бұрынғы өмірге қайта оралуды армандап, елдің амандығын тілеп жүрдік, – деген ол адамның бойында ынта-жігер болса, кез-келген қиындықты еңсере алатынын айтады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости