RSS лента

Қазақстандықтар балаларына қандай ат қоюда?

  • 29.12.2021, 04:20,
  • 1 282
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Бауыр еті – баласына мағыналы есім қоюды ата-ана өз парызы санайды. Сәбидің тағдыры есіміне байланысты екені де жиі айтылып жүр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Алайда, «қазір заман басқаша». Соңғы уақытта кез-келген келеңсіздікті ақтап алар тұста осылайша сылтау айта салатын болдық. Шынында, «Бүгінгінің баласы…», «Біздің кезімізде…» деп басталатын әңгіменің соңы да сол сылтаумен аяқталатын болды. Баланың ныспысын таңдағанда да мұны жиі қолданып жүрміз…


«Менің атым – Экспо!»

Шыны сол, ықылым заманнан келе жатқан игі ұстаным – балаға ат қою мәселесінде дәуірмен үндестікті таңдауға күш саламыз. Әнебір кездегі Қанат, Нұрбек, Айгүл, Самал сынды есімдер сәннен қалғалы қашан!..


Адамзат дамуымен қатар келе жатқан көне мәдениеттің қазақ халқы үшін мән-маңызы ерекше. Іңгәлап дүниеге нәресте келген сәттен-ақ есімін сыйлы адамына қойғызып, ықыласын алу – қанға сіңген әдет. Ұл болсын, қыз болсын, есімінің ұлттық нақышқа, дәстүрге, халықтық наным-сенімге сай болуын қадағалаған.


Белгілі бір оқиғаға орай қойылған есімдер де тарихта жиі кездеседі. Әсіресе, соңғы уақытта елімізде өткізілген үлкен шара, алқалы басқосуларға байланысты қойылған сәби есімдері де жеткілікті. Мысалы, Саммитхан, Саммитбек, Азиада, Олимпиада, Сайлау, осылай жалғаса береді.


Тақырыпқа қатысты ізденістер барысында біз кезіккен қызықты есім – Бәйдібекэкспо. Бүлдіршініне осы атты таңдаған ата-анасы: «Біз Бәйдібек бабадан тараймыз. Сондықтан, ұлыма осындай ат қойғым келді. Ал, еліміз үшін жаңалық болған халықаралық көрме өтіп жатқандықтан, осындай таңдау жасадық», – депті баланың әкесі сол жылдарда берген сұхбатында. Үй іші оны Бәйдікен, кейде «Экспо» деп те еркелетеді екен.


«Айбек емеспін…»


Шариғатта әкенің өз перзенті алдындағы міндетінің бірі – жақсы есім қою. Шыны керек, қазір дінге бет бұрғандар арасында есімін арабшаға аударып атайтындар да жоқ емес. Мәселен, күні кешегі Айбек, Серіктер әп-сәтте-ақ Абдуррахман, Абдулазиз болып шыға келеді.


Жауапты органға тақырып турасындағы жайттарға қанық болу мақсатында сұраныс жібергенбіз. Білгеніміздей, ныспысын өзгерткендер қатарында мұндай азаматтар да бар екен. Яғни, азан шақырылған атынан бас тартып, арабша есімді құп көргендер көп болмаса да, жеткілікті.


Осы жерде «мұсылманша есім міндетті түрде араб тілінде болуы шарт па?» деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Сұрақты теологтарға қойдық.


– Жоқ. Тек мағынасы дұрыс есім болса болғаны, – деп түсіндірді мамандар. – Себебі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мағынасы жаман есімдерді өзгерткен. Мысалы, «оттың шоғы» деген мағынаны білдіретін «Жәмра» есімді әйелдің атын «әдемі» деген мағынаны білдіретін «Жәмилә» деген есіммен ауыстырған. Сол сияқты «соғыс» деген мағынаны білдіретін «Харб» есімді ер кісінің атын «жақсы» деген мағынадағы «Хасан» деген атпен өзгерткен. Демек пайғамбар да қойылған есімдердің мағынасына зор мән берген. Бір хадисінде: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Сондықтан, есімдеріңді жақсартыңдар», – деп, Алланың алдына жақсы есіммен шақырылуға назар аударған.


Теологтармен тілдесіп білгеніміз, қазақша қойылған Жомарт, Қайрат, Ерасыл, Нұржігіт, Ержігіт, Жанар, Әйгерім, Айсұлу, Күнсұлу сынды есімдердің мұсылманша мағынасы да зор мәнге ие екен.


«Бұл – еліктеушілік»

Есімге қаншалықты мән беруді «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Арман Исаевтан да сұрағанбыз.


– Дін жолына жаңа бет бұрған кейбір азаматтар қазақша есімін мұсылманшаға, яғни арабшаға ауыстыруымыз керек деп ойлайды. Бұл – дұрыс түсінік емес. Себебі, «есімнің мұсылманша болуы арабша аталуы керек» дегенді білдірмейді, мағынасы дұрыс болғаны керек.

Пайғамбарымыздан «есімдердің ең жақсысы қайсысы?» деп сұрағанда, Аллаға сүйкімді есімдердің ең жақсысы Абдулла және Абдуррахман деп атады. Алланың Рахман, Рахим, Хаким, Ғазиз сынды 99 есім сипаты бар. Пайғамбарымыз осыған «Абду» сөзін қосып қоюды атап өткен. Ол – «құл», яғни «Алланың құлы» деген мағынаны береді. Сол секілді, сіз айтып отырғандай, қазіргі қоғамда өзін дін жолына бұйырады да, жап-жақсы есімін арабшаға ауыстырады. «Алла жолында жүргендіктен, атымды өзгертуім керек» деген шарт та, бұйрық та, талап та жоқ. Әсіресе, осы үрдіс жастар арасында белең алып кетті. Мұны еліктеушіліктен туындаған қадам деп түсінген жөн, – дейді наиб имам.


Ат қою – игі дәстүр

Байырғы ұстаз, «Алтын алқалы» ана Мәдина Сәлімқызының адамға ат қою туралы өзіндік пікірі бар.


– Халқымыз ежелден-ақ ұрпағының мәнді де мағыналы ғұмыр кешуіне септесу мақсатында мағынасы терең, мәні зор аттарды қоюға тырысқан. Ел ақсақалдары, әулеттің сыйлы адамдары, етжақын туыстары өмірге сәби келген сәтте-ақ лайықты есім қоюға талап қылады. Бұрындары көптен шақалақ иісіне зәру жандар немесе маңдайы нұрлы болып туған баланың тіл-көзден аман жүруі үшін оған әдейі Итаяқ, Жаманбала, Мырқымбай секілді есімдер қойған. Бірақ қазір бұл үрдіс ұмытылды. Тіпті, ана тілімізбен үндес, ата дәстүріне сай мағынасы зор, қазақы есімдер де азайып барады. Бұл жаһанданудың белгісі екені сөзсіз, – дейді ол.


Ұлағатты ана қазір салт-дәстүріміздің де жаңаша бағыт алып бара жатқанына қынжылыс білдірді. Бесікке салу дәстүрін мейрамханада өткізіп, апыл-тапыл қадам басқан періштенің тұсауын өзінен аз-ақ үлкен балаға кестірудің де дұрыс еместігін айтады.


– Жалпы ат қою – игі дәстүр. Балалар есімі қазір тіптен түрленіп кетті. Бұрынғыдай Жамал, Самал, Нұргүл, Айгүлдер қазір жоқ. Қазіргілерінің кейбіріне тіліңді бұрауға тура келеді. Еліктеудің де шегі бар шығар. Балаға ат қоярда жастар аға буынның көзқарасына да құлақ асып, ақылдасқаны жөн. Дүниеге енді ғана келген шаранаға Мұхаммед деп есім қою ауыр емес пе?! – дейді әжей.


Мәдина ананың өз құрсағынан өрген 8 перзенті бүгінде бір қауым ел болыпты. Балаларының естілігі болар, өмірге сәби келсе әуелі алтын құрсақ ананың пікірін сұрайды екен.


– Ақылымызды тыңдап, өздері таңдау жасайды. Немере-жиендерімнің ішінде «ескі» ат иеленгендері жоқ. Бәрі де қазақша. Елнұр, Нұртас, Әлихан, Тілек, Айару, Әсем, Әлия, Көркем, Хиуаз сынды балапандарым өсіп келеді, – деді Мәдина әженің жүзі шаттықтан бал-бұл жанып.

Әрине, қай пікірде де өзіндік ақталу болары сөзсіз. Өйткені, әркімнің тағдыры әртүрлі.


Мәселен:

– Менің есімім – Эльвира. Қазір жасымыз қырыққа таяғандықтан, кішкентай күнімізде мұндай есімдер таңсық болғандықтан, бізді ауыл балалары «орыс» деп келемеждейтін. Рас, әжеміз орыс ұлтынан болғандықтан, біздің үйдегі балалар екі тілге де ортақ есім иеленген. Бұл үрдіс қазір де жалғасып келеді. Райяна, Рамина, Арлан есімді ұл-қыздарымыз бар. Мұндай есім таңдау арқылы біз салт-дәстүрімізді бұзып, оғаштық жасадық деп ойламаймын. Әр ата-ана өз таңдауын жасауға құқылы емес пе?! – деген пікір иесінің сөзіне қарсы уәж айта алмадық.


Жақсы есім – ырысым

Ырымға сенгіш халқымыз ұрпағының танымал адам, белгілі тұлғаға ұқсағанын қалап, сол мақсатта ат қояды. Соңғы 30 жылдың бедерінде елде Нұрсұлтан есімді бүлдіршіндер көбейді.


Әйтсе де, қазақтың еліктегіштігі рас па деп қалдық. Себебі, Әулиеата жерінде дүниеге келген бір сәбидің ныспысы НұрӘбиНаз екен. Қазақстанның тұңғыш Президентінің аты-жөнін қысқартып, бір есім шығарыпты. «Өскенде Елбасындай болсын» деп армандаған қазақтың қиялында шек жоқ қой, шіркін!


Ал, Атырауда қанша Нұрсұлтан бар? Қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Алмагүл Төремұратованың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары Нұрсұлтан есімі 642 атыраулық нәрестеге берілген.


Бұған қосарымыз, қазір ел бойынша Елбасы атты 65 адам тұрса, Нұрсұлтан есімін иеленгендер саны 26 мыңға жуықтаған.

Ғажабы сол, республика бойынша ел Тәуелсіздігімен байланысты адам аттары жиі кездеседі екен. Мысалы, Астана, Атазаң, Тәуелсіздік, Теңге, Елбасы, Қазақстан деп азан шақырылғандар бар.


Тағы бір қызық. Еліміздегі ерекше есімдердің бірі — Бәйтерек. Бұл таңдау «ұрпағының тамыры тереңге жайылсын» деген тілектің жемісі ме, астананың символының құрметіне ме, бізге беймәлім.


Ал, 2013 жылы Теміртау қаласында туған баласына «Ёлка» деп ат қойған ата-ананың қылығын түсіне алмай, таң болғанымыз анық.


Ең, ең, ең… 

танымал есімдер

Республика Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында биылғы қарашада елде 355 Алихан, 233 Нұрислам дүниеге келгені көрсетіліпті. Ал, үздік үштікті 217 балаға қойылған Омар есімі тәмамдайды. Бұдан кейінгі кезекте Айсұлтан, Амир, Алдияр, Али, Алинұр, Мухаммад жалғайды.

Соңғы айда Қазақстан бойынша қыздарға қойылған ең танымал есім – Асылым, 458 «шәйқұярға» қойылған. Екінші орында – Медина, сосын – Айлин. Айша, Томирис, Аяла, Раяна, Амина тәрізді есімдер де «сәнді» екен.


ерекше есімдер

Статистика бойынша, Қазақстанда Нью-Йорк, Атланта, Рим, Астана, Мекке-Мәдина, Ромео, Царь, Эдельвейс, Теңіз, Саша Александр Людовик, Қошкелді, Кришна, Василиса-Мейрим, Венеция, Қасиет-Раббым, Клеопатра Алина, Октавия, Сюзаннавиктория, Абдусаиднұрисламхан, Еділжайық, Саммидастана, Адал би, Ізқұтты, Нұр-әдеп, Ақкөгершін, Үкіліайару, Падишах, Инаят, Рамис, Дален, Далер, Адриэл, Арчи, Азарий, Арби есімді балаларды кезіктіруге болады. Сондай-ақ, Имона, Тея, Яссауина секілді әйел есімдерін де тізімнен оқыдық.


Статистика комитетінің тағы бір дерегіне сүйенсек, Гагарин, Мәжіліс, Мәслихат, Пионер, Нұрлыжол, Нұротан, Сенат, Партия ныспылы адамдар да бар екен.


Түйін

Кеңес дәуірінде Мэлс, Ленмар, Иосиф, Климентий, Бөден, Надежда, басқа да көсемдердің «көшірмелері» көп-ақ еді. Бірақ кейінгілерінің көсемдігі танылған жоқ. Қалай десек те, бала болашағының «жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөзбен өрілетінін естен шығармасақ екен. Кісі есімдері туралы түрлі пікірлерді пайымдай келіп, түйінді сөзді Сіздің еншіңізге қалдырдық.

Айтпақшы, балаңыздың есімі кім, оқырман?..

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости