Екпе ал, өз еркіңмен!..
Бірнеше бағыттарды қамтыған ісшаралар кеселмен күрестің тиімділігін арттыруды көздейді. Мысалы, Мемлекет басшысы ең алдымен, эпидахуалды жақсартудың жұмыс жоспарын дайындау жəне іске асыруды тапсырды. Расында да, ахуал алаңдатарлық. Өйткені, соңғы уақыттағы тиісті министрлік таратқан ресми дерекке сүйенсек, күн сайын елімізде 5 мыңнан астам науқас тіркеліп отыр. Бұған қоса, емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі ауыр науқастардың да көбейіп отырғаны жағдайдың жақсы еместігін айқын аңғартады.
Аталған мəселелерді саралаған Президент: «Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет», – деді.
Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев республика бойынша 2,8 млн. адамның иммундаудың толық курсынан өткенін, вакциналаудың жалпы қарқыны жақсы болғанмен, облыстардағы көрсеткіш əркелкі екенін айтты. Осыған орай, вакцинациямен аз қамтылған өңірлерге əдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадаларды шұғыл ұйымдастыруды тапсырған Президент халықты иммундау ісінде əр аймақтың ерекшелігін ескерудің маңызы зор екенін ескертті. Ел ішіндегі екіұдай пікірлердің дені екпеге қатысты екені бəрімізге белгілі. Қауіпті дерттен қорғайтын жалғыз амал – вакцина алу екені айтылып жүргеніне қарамастан, қарсылық танытушылар да бар.
Алайда, бюджет қаражатына жеткізілген дайын вакцинаны дұрыс сақтай алмай отырған өңірлер де бар. Соның салдарынан кей жағдайларда вакцинаның індетке қарсы тиімділігіне нұқсан келгенін айтқан Мемлекет басшысы «Вакциналауда мəжбүрлеу шараларына бармаймыз» деп атап көрсетті. Яғни, екпе алғысы келмейтін адамдармен түсіндіру жұмыстарында əртүрлі тəсілді қолдану қажет.
«Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру əдістерінен мəжбүрлеу шараларына ауысуда. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамға бармаймыз», – деді ол.
Жалған құжат жасатқандар
«Қолына ақша қыстырып, ебін тауып сөйлессең, дəрігерлермен келісуге болады». Бұл – авторы белгісіз болса да, көбіміз естіген сөз. Яғни, екпе алғандығы жөніндегі құжатты қолдан жасаушылар да бар. Кеселмен күресте тиімді тəсіл ретінде таңдалған амалдың жолын бөгеп, қаржыны қарпып қалуды көздегендер қатаң жазаланады.
Жалған паспорттардың иммундау процесін тежеп отырғанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Вакцинация төлқұжаттарын қолдан жасауға жол берген адамдарға қатаң жаза қолдануды тапсырамын. Мен бұл мəселені кеңейтілген отырыста көтердім. Əңгіме елдің ұлттық қауіпсіздігі туралы болып отыр», – деді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына қатысты өзге де маңызды жайттарды назардан тыс қалдырмады. Рас, соңғы уақытта сала мамандарының да, ауруханалардың да басым көпшілігі коронавирус дертімен күреске жұмылдырылған. Алайда, өзге аурулардың азайып, жоспарлы ота, ем-шара күткен науқастар көрсеткіші төмендеп кетпегені белгілі. Демек, эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді əрі сапалы болуы керек. Мемлекет басшысы медициналық мекемелердегі төсектерді COVID-19 инфекциясына бейімдеудің əсерінен жоспарлы оталарды жүргізуге кететін қымбат уақыт ұрланып жатқанын айтты.
«Салдарынан асқынған патологиясы бар пациенттердің саны артып, өлімжітім көбейеді. Пандемия жағдайында медициналық көмектің барлық бағыттары бойынша медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Ұлттық вакциналау күнтізбесі аясында екпені уақытылы жасау өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент вакцинация мəселесінде отандық бизнестің қолдауы өте маңызды екенін айтып, QazVac-ты үшінші елдер нарығына ілгерілету жөніндегі жұмысты ұйымдастырудың маңызы зор екенін де атап көрсетті. Сонымен қатар, ауру таралмауына тосқауыл болар «Ashyq» жүйесіне қатысты да пікір білдірген Мемлекет басшысы жүйені енгізудегі кедергілерді сынап, ондағы карантинді бұзушыларға қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырды.
«Қызыл аймақ» қатары толығуда...
Бүгінгі таңда облыстардың басым бөлігі – «қызыл аймақта». Президент атап айтқандай, «біздің ең өзекті мақсатымыз – вирустың таралуын тоқтату емес. Əлемдік тəжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау». Бұл нəтижеге жетер бір-ақ жол бар. Ол – жаппай вакцинация, екпе салу. Денсаулық сақтау министрлігінің 22 шілдедегі мəліметі бойынша Қазақстанда I компонентпен 5009408 адам, II компонентпен 2 992214 адам вакцина салдырған.
Екпе алып, елдегі ахуалды түзеген, вакцина алудың арқасында COVID-19 індетіне шалдығу мен көмекке мұқтаждық деңгейін азайтқан мемлекеттің бірі – Бельгия. Аталған елдің премьер-министрі Александр Де Кро əлеуметтік желі арқылы мəлімдеме жасап, «Індеттен барынша қорғану үшін, əр азаматтың екінші инъекцияны алғаны маңызды», – деді. Елде коронавирус індетіне шалдығудың өсуі байқалғанымен, ауруханаға жатқызу мен өлім көрсеткіші төмен. Аймақта осы ай соңында жаппай екпе алу көрсеткішін 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Фейкке сенген...
Ел ішінде екпеге қатысты қауесет көп-ақ. Соның бірі – COVID-19-ға қарсы вакцина түрінде адамдарға «иммун тапшылығы егіледі» деген сыбыс. Stopfake.kz сайтына сілтеме жасасақ, «Telegram-да таратылған хабарламаға сəйкес, коронавирусқа қарсы вакциналар цитокиндік дауыл туғызып, иммунитетті əлсірететіні сонша, тіпті кəдімгі суық тигеннің соңы қайғылы жағдайға соқтыруы ықтимал. Бұған ешқандай дəлел жоқ» делінген. Жалпы, əлеуметтік желі – алуан пікірді тоғыстырар алаң. Бірі даттағанды келесі біреу жақтайды. Алайда, мəселенің ақ-қарасын анықтап, нақты деректерге сүйенген жөн-ақ. Əйтпесе, екпе ала сала желідегі жазбаға сеніп, денесіне магнит жапсыруға тырысқандарды да көрдік.
Қалай дегенде де, аурумен күресті ауыздықтаудың алғышарты – ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Сондықтан, екпенің өзіңді де, жақындарыңды да қорғаудың нағыз қалқан боларын ұмытпайық.