Нұр-Сұлтанда – көп, Шығыста – аз
Шілденің 19-ына республика бойынша 5179 адамның анализінен коронавирус анықталса, екі күн бұрын 227 адамға коронавирус пневмониясы жұғыпты. Денсаулық сақтау министрлігі елде вирус күшейгенін өз хабарламасында ресми түрде мəлімдеді. Қазір, өкінішке қарай, «жасыл аймақта» бірде-бір өңір жоқ. Тек Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары ғана «сары», қалғандары – «қызыл аймақта».
Сол тəулікте (19.07) Нұр-Сұлтанда 1277 адамнан коронавирус таяқшасы табылған. Алматыда – 710, Қарағанды облысында – 703, Атырау облысында – 348, Шымкентте – 412, Батыс Қазақстан облысында – 272, Павлодар облысында – 185, Павлодар облысында – 185, Ақмола облысында – 177, Алматы облысында – 160, Маңғыстау облысында – 146, Ақтөбе облысында – 142, Қостанай облысында – 141, Қызылорда облысында – 108, Түркістан облысында - 103, Жамбыл облысында 105 науқас тіркелді. Қалған облыстарда анықталған науқастар саны 100-ге жетпейді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында – 97, Шығыс Қазақстан облысында 93 науқас тіркелді. Əзірге бұл – ең аз көрсеткіш.
Құрығы мықты кесел
Індет басталғалы бері 504 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң əсермен шыққан. Бұдан бөлек ПТР тесті теріс нəтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайтын пневмония есебі де бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 58 мыңнан астам адам шалдыққан. Былтырғы наурыздан бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 5116 адам, 3562 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған. Биылғы 19 шілдеде жаман ауру 54 адамның өмірін қиды. Ал, 8 ауру ковид пневмониясынан қайтыс болған. Қазір елдегі 64 мың адам коронавирустан емделіп жатса, 20 мыңнан астамы стационарда ем қабылдауда. Ауру адамның 44 мыңнан астамы амбулаториялық жағдайда емделіп жүр. Жағдайы ауыр саналатын 160 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.
– Мен үй шаруасындағы əйелмін. Бастауыш мектепте оқитын жəне балабақша жасындағы бес баламыз бар. Жаздың басында қызуым түспей ауырдым. Үйге «жедел жəрдем» шақыртып, берген ем-домдарын алдым. Сəтін салып, бас-аяғы жиырма шақты күнде айығып кеттім. Өзімізден бұрын бала-шағамызды ойлап, екпе алғым келген. Оған дəрігерлер «ауырып тұрғаннан кейін белгілі бір уақыт өтуі керек» деп рұқсат еткен жоқ. Ал, жолдасым вахталық жұмыста жасайтын болған соң ковидке қарсы вакцинаны салдырып алды. Шүкір, қазіргі жағдайы жақсы, бізді асырап отырған бір өзі, – дейді Құлсары қаласының тұрғыны Айша Адайбекқызы.
«Кесір көпшілік жерден жұқты»
Атырау облысындағы емдеусауықтыру мекемелерінде науқасқа орын жетпей жатыр. Бұл əсірелеу емес, шындығы сол. Тіпті, ауру көбейген кейбір облыстарда қонақ үйлер мен спорт кешендері инфекциялық стационарға айналған.
Бұл туралы 60 жастағы Мəдина есімді қазақстандық былай дейді:
– «Ешқайда шықпаңдар, үйде болыңдар!» деген сөз ақыл екен. Жақында бір құрбыларымның көңілін қимай, «бесікке салу» рəсіміне қатыстым. Үй толы қонақ. Бəрі тамаша өтті. Кешкілік үйге келген соң өзімді жайсыз сезіндім. Ұйықтай алмай, тынысым тарыла берді. Мұны көрген балаларым жан-жақтан өзіме ұрысты. Амал жоқ, үйге дəрігер шақыртуға тура келді. Ол қаладағы ауруханаларда бос орынның жоқтығын, үй жағдайында емделу қажеттігін айтты. Сөйтіп, үйден емделіп жатырмын. Қызу мен жөтел жоқ. «Мұндай да болады екен» деймін іштей өз-өзіме. Айтқан ақылды алып, ешқайда бармаңдар, замандастар! Бұл – өзіңіздің саулығыңыз үшін, осыны естен шығармаған жөн...
Ертеңге сенім – екпеде
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 4 миллион 965 мың адам коронавирус екпесінің кемінде алғашқы компонентін салдырған. Ал, толық алғандар саны 3 миллионға жуықтады. Елде ресейлік «Спутник V», қазақстандық «QazVac», қытайлық «Hayat-Vax» жəне «CoronaVac» екпелерін алуға мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, екпенің кейбір түрінің қоры сарқылған. Ал «QazVac» екпесінің көлемі өндіріс қуатының əлсіздігіне байланысты шектеулі. «Өз өнімімізге деген сенім зор» деп, «QazVac»-ты күтіп жүргендер де баршылық. Соның бірі – атыраулық 40 жасар Қанат Қарамырза. Бізбен əңгімесінде ол өз тұстастарының осы екпені алғандарын айтты.
– Қатерлі де қауіпті кеселден егілмей болмайтынын өмірдің өзі дəлелдеп отыр. Ал, мен қазақстандық вакцинаны күтудемін. Өзіміздікіне сенімім мол! – дейді Қанат нық сеніммен.
Ұлыбритания ғалымдары не дейді?
Бір кемшілігіміз бар. Біздің түсінігіміз бойынша өзіміздікі – қор, өзгенікі зор көрінеді. «Қазақстандық ғалымдар, дəрігерлер былай депті...» десе, «өййй, олар айта береді» деп қолды бір сілтейміз де, «шетелдік дəрігерлер айтады...» десе, соны əулиедей көріп, айтқанын бұлжытпай орындайтынымыз бар. Ұлыбритания ғалымдары «Ковидке қарсы вакцинаны емізулі нəрестесі бар аналар да алуы керек» деген тұжырым жасапты. Себебі, таралуы тез «үнді штамы» ешкімді аяп жатқан жоқ. Калифорнияның Сан-Франциско университетінің профессор-ғалымдары «егер анасы екпе алатын болса, ковидке қарсы антидене омырау сүті арқылы сəбидің ағзасына жетеді. Сосын нəресте ауруға шыдамды, қарсы тұру қабілеті жоғары болады. Антидене баланың қанына сіңіп, ішек-асқазанда ауруға қарсы иммунитет қалыптастырады.
Қорыта айтқанда, емізулі сəбиі бар аналардың екпе алуы, ең алдымен, олардың сəбилерінің саулығы үшін пайдалы» дейді ғалымдар. Қазір дүние жүзінде бала емізетін 100 миллиондай ана бар екен. Бірақ бұл – əзірге сөз жүзінде ғана.