Министр баяндамасынан:
Құжат саладағы ағымдағы жағдайды талдау және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленді.
Осылайша, еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және қолданыстағы 15 су қоймасын қайта жаңғырту, сондай-ақ 14 мың км астам суару арналары мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту жоспарлануда.
Тасымалдау кезіндегі өнімсіз су ысыраптарын 50-ден 25%-ға дейін азайту және қолда бар су ресурстарын 2,4 км³ арттыру жоспарлануда. Жалпы, жоспарланған тәсілдерді жүзеге асыру 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 2,5 млн га жеткізуге мүмкіндік береді.
Фермерлерді суды үнемдейтін технологияларды қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару техникасын сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады.
Соның арқасында су үнемдейтін технологиялармен суармалы жер көлемі 1,3 млн га дейін ұлғайып, шамамен 2,1 км³ су үнемделеді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімі айтарлықтай артады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда hydro.gov.kz цифрлық платформасын құру бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Онда су объектілерін, гидротехникалық құрылыстарды, су бассейндері мен аумақтарын, гидропосттарды және т.б. бейнелейтін бірыңғай су кадастры қалыптастырылады.
Биыл 3 тоқсанда өндірістік пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар тұжырымдамада 3,5 мың км астам су құбырын цифрландыру және ирригациялық жүйелердегі суды есепке алуды автоматтандыру қарастырылған.