RSS лента

Қазақстанның жаңа картасы пайда болды

  • 20.05.2023, 17:57,
  • 440
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов Қазақстанның жаңа саяси-әкімшілік картасын әзірлеуге не себеп болғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Спикердің сөзінше, геодезия мен картография елдің дамуында маңызды рөл атқарады. Географиялық, картографиялық, геокеңістіктік деректер көптеген салаларда, жеке секторда қолданылады.

 

«Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен үш жаңа облыс – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Үкімет іс-шаралар жоспарын бекітті, оның тармақтарының бірі Қазақстан Республикасының саяси картасын және өзгерістер орын алған 6 облыстың тақырыптық карталарын өзектендіру болды. Бұл үш жаңа өңір, сондай-ақ Қарағанды, Талдықорған және Шығыс Қазақстан облыстары», – деді вице-министр.

 

Оның айтуынша, Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы 1:1,5 млн масштабымен жасалды, Қарағанды, Алматы және ШҚО карталары жаңартылды, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының 1:1 млн масштабтағы карталары әзірленді.

 

«Сондай-ақ 1:25 мың масштабымен Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларының жоспар-схемалары және 1:10 мың масштабымен Жезқазған, Қонаев, Талдықорған қалаларының жоспар-схемалары жаңартылып дайындалды», - деп түйіндеді ЦДИАӨМ вице-министрі.


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті төрағасы Қажымұқан Бекмұқашев құрамында жаңа құрылған облыстары бар Қазақстан Республикасының жаңа саяси-әкімшілік картасы туралы баяндады. Комитет төрағасының айтуынша, тақырыптық карталарды жасаудың технологиялық процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңде картаның сипаты, оны пайдалану мақсаты айқындалады. Карталарға талдау және кезекшілік карталардан тиісті мәліметтер алынып, жинақтау жұмыстары жүргізіледі.

 

«Келесі кезең – редакциялық дайындық жұмыстары. Бұл тұрғыда картаның орналасу макеті дайындалады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік каталогына географиялық атауларын сәйкестікке салыстыру жұмыстары жүргізіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекаралары оны жергілікті атқарушы органдарға келісуге жіберіледі», – деді Қ. Бекмұқашев.

 

Дайын карта редакциялық бақылаудан өткен соң сараптамаға жіберіледі. Сараптамадан өткеннен кейін карталар басып шығарылады, дейді спикер.

 

«Бұл ауқымды жұмысты бізге бағынысты кәсіпорынның білікті мамандары атқарады. Бұл жұмысты істеу үшін белгілі бір білім керек, білікті мамандармен бұл жұмыстар атқарылды», – деді комитет төрағасы.

 

Содан кейін дайын карталар мүдделі мемлекеттік органдарға таратылады. Қ. Бекмұқашев бұл карталардың тек мемлекеттік органдарға ғана емес, сонымен қатар жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет арқылы ақылы негізде қолжетімді екенін жеткізді.

 

«Жасалған тақырыптық карталарға сұраныс бар. Жыл басынан бастап бүгінге дейін мемлекеттік органдардан 50-ге жуық, ал жеке және заңды тұлғалардан 200-ден астам өтінім келіп түсті», - деп түйіндеді ол.

 



Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости