RSS лента

«Балқадиша» әнін шырқаған спортшы елді сүйсінтті! (+видео)

  • 15.05.2025, 12:05,
  • 82
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Қазнетте әйгілі «Балқадиша» әнін тамылжыта орындаған атыраулық жас дзюдошының видеосы тарап, көпшілікті қайран қалдырды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.


Бейнежазба тез уақытта көп қаралым жинап, көпшілік баланың тек таңғаларлық дауысын ғана емес, уәдесінде тұра білетін қайсар мінезін де ерекше бағалады. Себебі, ол жеңіліс тапқанына қарамастан, сөзінде тұрып ән шырқады.

 

Белгілі болғандай, бейнежазбадағы жасөспірім — Алмалы орта мектебінің 14 жастағы оқушысы Иса Бекболат. Осы орайда, біз оның әкесі Ілияс Бекболатұлымен тілдескен едік.

 

«Жаттығу кезінде жаттықтырушы Исаға әзіл-шыны аралас шарт қойыпты: егер жеңілсе, ән айтасың деген. Нәтижесінде, ұлым жеңіліп қалды да, уәдесін орындауға тура келді. Командадағы спортшылар оның ән айтуға қабілетті екенін бұрыннан біледі, олар алыс сапарларға шыққанда, әсіресе, пойызда жүргенде Иса жиі ән салады. Сондықтан ол саспай, “Балқадишаны” орындап берді. Бұл сәтті жаттықтырушысы видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген екен. Біз мұндай танымалдықты күтпеген едік» дейді ол.

 

 

Әкесінің айтуынша, Иса бала кезінен музыкаға әуес. Арнайы вокал сабағына қатыспағанымен, мектепішілік концерттерге белсене қатысқан. Анасы сауда саласында еңбек етеді, ал әкесі — Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» оркестрінде музыкант. Екеуі де — күйші. Әкесінің айтуынша, бес баласының ішінде Иса мен оның қарындасы Зере ғана музыкалық қабілетті мұра еткен.

 

«Иса кішкентайынан ән мен күйге жақын болды — әуенді тез іліп алып, шын көңілмен орындайтын. Біз ешқашан оны музыкаға күштеп баулыған емеспіз, өзі ынта танытты. Оның талантының ел назарына іліккеніне қуаныштымыз. Дегенмен, біз үшін ең бастысы — оның адамгершілігі мол, еңбекқор болып, өз жолын тауып кетуі» дейді әкесі.

 

Ілияс Бекболатұлы мен Арайлым Ұзақбайқызы — Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылының тұрғындары. Қазір Алмалы ауылында тұрады. Иса – бес баланың ортаншысы. Әкесінің айтуынша, Исаға өнер кезінде ән салып, домбыра мен баян тартқан атасынан берілген.

 

Иса дзюдомен сегіз жасынан бері айналысып келеді және бірқатар спорттық жетістіктерге қол жеткізген. Алдағы уақытта қандай жолды таңдаса да, ата-анасы оны барынша қолдауға дайын.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости