Семей қаласында орын алған бұзақылық оқиғасы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Бұл туралы Polisia.kz жазады. Қоғамның жаппай қолдауының арқасында мектеп оқушысы мен оның отбасы жалғыз емес екенін сезінді. Бұл іске полиция ведомствосының басшылығы ерекше мән беріп, тергеуді жеке бақылауына алды.
Жасөспірімнің болашағына алаңдаушылық білдірген ҚР Ішкі істер министрлігінің «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы оны өз қамқорлығына алып, спорт арқылы жігерлендірмек. Динамолықтар балаға тәлімгерлік көрсетіп, сенімділігін нығайтуға, өзін қорғай білуге үйретуді мақсат тұтып отыр.
Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бекторе Сұлтан Семейдегі «Динамо» спорт кешенінде жасөспірімді қарсы алып, оған жас спортшылармен бірге залды аралатып, жаттығу процесімен таныстырды.
Бала әсіресе боксшылардың жаттығуын қызығушылықпен тамашалады. Бұл спорт түрі оған бұрыннан ұнайтынын айтқан жасөспірім енді «Динамо» мамандандырылған жаттықтырушыларының жетекшілігімен тегін жаттығу мүмкіндігіне ие болды. Сол күні-ақ ол алғашқы соққысын бокс грушаға бағыттап, өз күшін сынап көрді. Жаттығу соңында оған «Динамо» спорттық формасы табыс етілді.
Бұл бастама – баланың өміріне тың серпін беріп қана қоймай, оның болашағына деген сенімін күшейтетін маңызды қадам.