Бұл турнирді өткізу құқығына Қазақстаннан бөлек, Перу мен Чили мемлекеттері үміткер болған еді. Қатысушылар жарыста физикалық және цифрлық форматтарды біріктіретін бағдарламаларда сынға түседі.
«Болашақтың ойындарын» Қазақстанда өткізу бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Қазан қаласында өткен алғашқы ойындардың ашылу салтанатында ұсынған еді. Келесі жылғы турнир БАӘ-де, ал 2026 жылы Астанада өтетін болып бекітілді.
«Қазақстанда киберспорт қарқынды дамып келеді. 2018 жылдан бері Қазақстан аумағында 140-тан астам киберспорт турнирі ұйымдастырылды. Оған 40 мыңнан аса адам қатысты. Біз «Болашақтың ойындарын» сәтті өткізу үшін бар күшімізді саламыз», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Роллан Серіков 2026 жылы «Болашақ ойындарын» ұйымдастырушы елдің жариялануына арналған іс-шарада.
Бұған дейін Phygital International өкілдері турнирді Қазақстанда өткізу мүмкіндігін бағалау үшін Астанаға келген еді. Қазақстан киберспорт федерациясы 2026 жылы Астанада өтетін «Болашақтың ойындарына» дайындықты бастады.