Сарытоғай ауылына Пшен есімді ерікті итке арналған мүсін орнатылмақ. Атыраулық мүсінші Азамат Кенжеғалиев бүкіл елдің сүйіктісіне айналған ерікті ит Пшеннің құрметіне ескерткіш жасады. Бұл туралы azh.kz сайты жазады. Естеріңізге салсақ, Пшен 28 қарашада Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында ит аулаушының жебесінен қаза тапқан еді. Сол күні аулау қызметіне шағым түскен: Қожабеков көшесіндегі аулаға бірнеше ит кіріп кетіп, балалар үйден шығуға қорыққан. Қызметкерлердің бірі найза қолданып, Пшенды өлімші етіп жаралаған.
Пшен ауылдың нағыз мақтанышы болды. Ол берілген бұйрықтарды түсініп, салынып жатқан бөгетке құм салынған қаптарды тасымалдауға көмектескен видеосы арқылы қазақстандықтардың жүрегін жаулап алған еді. Бұл әрекеті оны адалдықтың символына айналдырды.
Металл композициясы Пшен мен оның ерлігін паш ету арқылы жануарларға мейірімділік пен қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін еске салады.
Азамат Индер ауданының орталығы – Индербор кентінде тұрады. Жасы 45-те, Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында туып-өскен. 1989 жылы Атырау облысына қоныс аударған. Ол өз шеберханасында темірден түрлі мүсіндер жасайды.
Азаматтың таныстары ескерткішті Пшен туып-өскен ауылдың көшелерінің біріне орнатуды, тіпті осы мақсатқа қаражат жинауды да ұсыныпты.