Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ел экономикасының түрлі саласында жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда ЖИ дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады. Бұл туралы primeminister.kz жазады. Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүруде. Ең алдымен, деректерді жинау үшін «Заманауи үлкен тіл моделін (KazLLM) құру» бағдарламасы бойынша консорциум құрылды. Консорциумға Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Сәтбаев университеті, Назарбаев университеті, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығы, А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты және ҚазҰУ кіреді.
Сонымен қатар KazLLM үшін деректер массивтерін консорциум және мемлекеттік органдармен бірлесіп толтыру үшін деректер «Smart Data Ukimet» (SDU) ақпараттық-талдау жүйесіне беріледі.
«Осы алты айдың ішінде 1 миллиардқа жуық арнайы сөз қолданысы тапсырылды. Екінші үлкен бағыт ол әрине кадр даярлау. Бүгінгі таңда 17 жоғары оқу орны “Қолданбалы жасанды интеллект”, “ЖИ және блокчейн инженериясы”, “Кибернетика және ЖИ”, “Медицинадағы ЖИ” және басқа да ЖИ бойынша 15 білім беру бағдарламасын енгізді. 2196 студент оқиды, оның ішінде 2091 бакалавр, 82 магистрант және 23 докторант оқытылуда. Осы жылдан бастап “Болашақ” бағдарламасының шеңберінде де ЖИ деген арнайы квтота енгізіледі», — деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрі.
Бағдарламалар шетелдік серіктес ЖОО-ларды тарта отырып әзірленеді. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің (Сеултех) Информатика және ЖИ мектебі ашылды. «Ақпараттық жүйелер», «Киберқауіпсіздік», «Есептеу техникасы және бағдарламалау», «Информатика» жаңа білім беру бағдарламалары бірлесіп енгізілуде. Биыл 30 стипендия бөлінді.
«2024 жылдың наурыз айында Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да “Жасанды интеллект” бағдарламасын әзірлей отырып City University of Hong Kong (CityU) филиалы құрылды. Биыл 50 грант бөлінеді. Сондай-ақ Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да алдағы қыркүйекте ЖИ бойынша халықаралық зерттеу орталығы ашылады. Лу Бань шеберханасын құру шеңберінде көлікті басқаруда ЖИ пайдалану бойынша smart Driving Technologies инжинирингтік орталығын құру жоспарлануда», — деді министр.
Сонымен қатар М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті 2024-2025 оқу жылында енгізілетін «Есептеу технологиялары мен ЖИ әдістері» бағдарламасын әзірлеген. Astana IT University 2024 жылғы қыркүйекте бизнестегі ЖИ бағдарламасын әзірлеу үшін University of Genoa (Италия) компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті жаңа «AI» бағдарламасын жасады.
Сондай-ақ министрдің баяндауынша, мектеп деңгейінде тұңғыш бағдарлама мектебі Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің негізінде ашылады.
«Үшінші бағыт — өзіміздің ЖОО негізінде кішігірім суперкомпьютерлер бағдарламасы енгізілді. Сәтбаев университетінде есептеу кластері әртүрлі салаларда күрделі есептеулер үшін пайдаланылады. Оны қазір дамытып жатырмыз. Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ негізінде 2015 жылы Үндістанның ұлттық компаниясы PARAM BILIM суперкомпьютерін қойған болатын. Алдағы бір айдың ішінде одан қуаты 100 есе ұлғайтылған Сингапурдың жабдығы келеді. Ең үлкен суперкомпьютер (1.94 PFLOPS қуаты бар) алдағы күзде жеткізіледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚХР-дағы серіктестеріміз арасындағы келісімшартқа қол қойылды», — деп мәлімдеді С. Нұрбек.
Министрдің айтуынша, еліміздегі барлық суперкомпьютерлердің жалпы қуаты шамамен 2 PFLOPS-ты құрайтын болады.
Айта кетейік, Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды. Қазақстанда ЖИ дамыту және цифрлық ортаны құқықтық реттеу мәселелері бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тұжырымдама биылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы бойынша әзірленіп жатыр.
Экономистердің есептеулеріне сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-ні 14%-ға арттыруы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда 93 ақпараттық база қосылған Smart Data Ukimet-те мемлекеттік органдардың деректерін жинау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша пәндерді 2 196 студент оқиды.
Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі мәдени және тілдік мұраны дамыту үшін заманауи үлкен тіл моделін (LLM) құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда бірнеше білім беру ұйымынан – Ақпараттық және есептеу технологиялары институтынан, Сәтбаев университетінен, Назарбаев университетінен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан және ҚазҰУ-дан консорциум құрылды. Мамандар шамамен 6 млрд сөз қолданысын жинады, жиынтықты шешімдер арқылы суперкомпьютерді қолдана отырып, LLM моделі үйретіліп жатыр.
Премьер-Министр жасанды интеллект құралдарын қолдану көптеген күнделікті міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік беретіні баса айтылды. Атап айтқанда, бірқатар өндірістік процестер, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады. Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар.
«2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдер саны 5 есеге өсуі тиіс. Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұжырымдамадағы іс-шараларды жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Суперкомпьютердің есептеу қуатын пайдалану оны бизнес пен ғылыми ортада пайдалану мүмкіндігін қарастыру өте маңызды. Осыған байланысты Қаржы министрлігінің алдына ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын жалға алу рәсімін жеңілдету міндеті қойылды.
Ғылым министрлігіне жыл соңына дейін KazLLM үшін деректер жинауды аяқтау тапсырылды — бірінші үлкен тілдік моделді сынақтан өткізу ІІІ тоқсанда жүргізілуі тиіс.
Олжас Бектенов National Center for AI базасында «жастарды тарту, адам капиталын дамыту және жасанды интеллект мәдениетін ілгерілету жөніндегі экожүйені» қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Цифрлық даму министрлігіне Ғылым, Оқу-ағарту, Еңбек министрліктерімен бірлесіп білім алушы мамандардың, өңірлік құзырет орталықтары мен бағдарламалау мектептерінің санын жыл сайын арттыру мақсатында бағдарламаны қалыптастыру міндеті бекітілді.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Әділет министрлігіне жасанды интеллектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.