RSS лента

Болашақта роботтар заң шығара ма?

  • 20.06.2024, 09:04,
  • 185
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ru.freepik.com

Әділет министрлігі негізгі функцияларды цифрландыру және автоматтандыру үшін тұрақты негізде шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, қазір Digital Justice – Цифрлық әділет жобаларының портфелі іске асырылуда, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұл туралы ОКҚ алаңында әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков айтты. Бірінші жоба – «Жылжымайтын мүлік объектілерін рәсімдейтін онлайн мәмілелер» шеңберінде – 1 шілдеден бастап қазақстандықтарда ХҚКО мен нотариусқа бармай-ақ онлайн режимде тұрғын үй сатып алу және сату мүмкіндігі пайда болады. Бұл - Freedom Bank-пен жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу бойынша бірлесіп әзірленген пилоттық жоба.

 

«Цифрлық нотариат» 2023 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істейді. Сенімхаттарды, консультациялар мен ерлі-зайыптылардың келісімдерін нотариустан бейне қоңырау арқылы алуға болады. Клиентті сәйкестендіру биометрия құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады. 

 

«100 мыңға жуық сенімхат берілді. Азаматтардан ешқандай шағым түскен жоқ. Тіпті адамдар шетелден сенімхат алу үшін келген жағдайлар болды, енді олар құжаттарды eGov арқылы ала алады», - деп атап өтті спикер. 

 

Адвокаттық, нотариаттық, сот-сараптамалық қызметпен, жеке сот орындаушысы және патенттік сенім білдірілген өкіл болу құқығына «аттестаттау реинжинирингі» жобасы сәтті іске асып жатыр. Комиссиямен ауызша сөйлесу кезеңі алынып тасталды. 4036 үміткердің 1100-і өз мамандықтарына қол жеткізді.

 

Вице-министр атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру жөніндегі жобалар туралы да баяндады. ІІМ-мен бірлесіп автокөлік құралдарына тыйым салу сервисі аяқталып, іске қосылды. Борышкерден төлем қабылдап, оны тізімнен шығару сервисіне Береке мен Жусан банктері де қосылды, бұған дейін бұл функция тек Каспи банк пен Қазпоштада болған. 

 

«Олар арқылы айыппұлдарды төлеуге болады және шоттарды бұғаттау бірден алынып тасталады. Мәселен, азаматтар өзінің шетелге шыға алмайтынын әуежайда ғана біліп, ұшып кете алмай тұрғанда, мобильді қосымшалар арқылы сол жерде төлем жасап, ұшуына болады», - деді Бекболат Молдабеков сервистің тиімді тұстарын атап өтіп.

 

Сол секілді, өзінің нақты табысын жасырып, алимент төлемей жүрген қазақстандықтарға қатысты мәселе шешімін тапты. Әділет министрлігі «Smart Data Ukimet» платформасында жалақы мөлшерін төмендеткен деректерді анықтайтын аналитикалық кейсті іске асырды.

 

«Үлкен деректерді зерттей отырып, біз алимент төлемей, ең төменгі жалақы мөлшерін көрсететін азаматтарды анықтай алдық. Бұл мәселені толығымен жою үшін МКК-мен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Келесі жоба - «ЖСО-робот». Егер сіз бұрын Сергек камерасына түсіп, тағайындалған айыппұлды 50 күн ішінде төлемеген болсаңыз, онда бұл іс жеке сот орындаушыларына берілетін. Қызметкер шотты шектеп, сізден айыппұлдың 25% -н 10 АЕК-ке дейінгі сомасын өндіріп алды. Енді ең төменгі есептеулер бойынша азаматтар жыл сайын осы роботтың арқасында 2,2 млрд теңге үнемдейді. Егер азамат төлемді 50 күннен кешіктірсе, онда біз қосымша SMS, Push-хабарламаларды банктердің қосымшалары арқылы жібереміз. Бұл азаматтардан қаржы өндірмеу үшін жасалады. Енді робот арқылы бұл функцияға төлеудің өажеті жоқ», - деп спикер алгоритмді түсіндірді.

 

Тағы бір жаңалық – азаматтарға құқықтық қолдау «Е-заң көмегі» жүйесі арқылы көрсетіледі. Ал, 1 шілдеден бастап ол бейнеконференция режимінде жұмыс істейді. 

 

«Заң кеңесшісі немесе адвокат сіз үшін әрдайым қолжетімді болады. Кез - келген жағдайда оған қоңырау шалып, кеңес ала аласыз», - деді спикер.

 

Сондай-ақ, «Е-заң көмегі» мобильді қосымшасында жасанды интеллектпен чат-ботты енгізу жоспарлануда. Бұл азаматтарға 24/7 режимінде өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.

 

Сондай-ақ, Әділет министрлігі Цифрлық даму министрлігі және «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп, eGovMobile Business қосымшасында заңды тұлғалар үшін сенімхатты онлайн ресімдеу жобасын іске асыруда.

 

Өткен жылдың наурыз айынан бастап мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін цифрландыру жобасы іске қосылды. ПИБ төрағасын енді мобильді қосымша арқылы дауыс беру арқылы таңдауға болады.

 

«Е-ЗАҢНАМА» ақпараттық жүйесінде заң шығару процесінің модулін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Бұрын бұл түрлі мемлекеттік органдардың 7-8 жүйесі болатын. Сондай-ақ заң шығару саласында жасанды интеллект әзірленуде. Оның мақсаты құқықтық қайшылықтар анықталған кезде НҚА әзірлеушілеріне, сондай-ақ НҚА өзгерген кезде ұқсас нормаларға түзетулер енгізу қажеттілігі туралы ұсыныстар қалыптастыру болып табылады.

 

Сот сараптамасын цифрландыру шеңберінде «Е-САРАПТАМА» жобасы іске асырылуда. Бұл бүкіл процесті толық бақылап, сараптама мерзімдерін бұзбау және қағаз форматынан арылу үшін жасалмақ.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости