Адамзат құпиясын таппаған, байыбына бара алмаған дүние көп. Табиғаттың ішіне бүккен сырлары әлі де беймәлім күйде. Кейде жұмыр жер бетінде адам айтса сенгісіз оқиғалар болып жатады. Бірақ, соның құпиясына ғалымдар жабыла үңілгенімен, ештеңе таба алмайды, көкейдегі сауалдар жауапсыз қалады. Осындай құпиясы ашылмаған аномальды аймақтардың бірі ел арасында «Ібілістің мекені», «Шайтан үштағаны» атанып кеткен – «Бермуд үштағаны».
Құпияға толы аймақ Әйгілі Бермуд үштағаны – Атлант мұхитындағы Оңтүстік Америка мен Солтүстік Американы бір-біріне жалғайтын Бермудтан басталып, одан ары Багам аралдары арқылы Пуэрто-Рикоға және кері қарай Флоридаға дейінгі аумақты алып жатқан үшбұрышты мүйіс. Бұл талайдың басын жұтқан жойыт мекен туралы алғаш рет 1945 жылы айтыла бастады. Сол уақыттан бері бұл үштаған он мыңдаған адаммен қоса, жүздеген ұшақтың, кемелердің ізім-ғайым жоғалуына себепкер болған. Алайда ол жерден ешқандай өліктің немесе із-түзсіз кеткен кемелердің қирандысы табылмайды. Америка құрлығынан қазына тасыған испандық мың кеменің ізімқайым жоғалуынан кейін ғалымдар мен зерттеушілер бұл аймаққа қызығушылық таныта бастады. Қызығы – жалпы аумағы 925 шаршы шақырым болатын жұмбақ мекеннен тек техникалар емес, уақыт та жоғалады екен.
Мәселен, Бермуд үштағаны үстімен ұшып өткен «Боинг-727» ұшағы қауіпті аймаққа жақындағанда құрлықтағы бақылау орталығының радарынан он минутқа жоғалып кеткен. Оқиға ауа райының қолайсыз кезінде орын алғандықтан, орталықтағылар алғашқыда бұл жағдайды апатқа балаған. Бірақ, арада он минут өткеннен кейін әуе кемесі радар экранында қайта пайда болады. Тек діттеген жеріне жеткен жолаушылардың қол сағаттарындағы уақыттың он минутқа қалық болғаны беймәлім күйінде қалады.
Американың оңтүстік шығысында, Атлант мұхитындағы «Шайтан үштағанында» орын алған сыр мен жұмбақтар мұнымен ғана шектелмейді. Жұмбақ жоғалу Кейбір деректерде аталған аймақта алып кемелердің теңізшілерінен айырылатыны да айтылады. Бірде теңіз, әуе техникалары экипаждары орталыққа цилиндр тәріздес мөлдір дененің адам бағындырмаған жылдамдықпен ұшып жүргенін байланыс құралы арқылы жеткізеді де, сәлден соң кемелер бос қалады. Адамдар ұштыкүйлі жоқ болып кетеді. Осындай жұмбақ жоғалулардан кейін жедел іздестіру топтары құрылғанымен, адам мүрделері табылмаған.
Тағы бір дерек көзінде «Эвенджер» ұшқышт ар командасының басшысы Ч.Тейлордың радио байланыс құралы арқылы диспетчерге жеткізген соңғы сөздері баяндалады. Онда Тейлор «Біздің соңымыздан ермеңдер! Олар аспандағы тіршілік иелері» деп дабыл қаққан. Сонда, өзге планеталықтар ұшқыш, теңізшілерді ұрлап жүргені ме? Христофор Колумб күнделігінің өзінде бұл жер беймәлім ұшатын объектілер мекені делінеді. Әзірге, бұл сұрақтың жауабы жоқтың қасы. Олай дейтініміз, ғалымдардың болжамы әртүрлі. Болжамдар не дейді? Бірнеше жүздеген ұшақтар мен кемелерді жұтып, сонымен бірге мыңдаған адамның ажал құшуына себепкер болған аймақтың сыры ашылмағанымен, болжамдар жетерлік.
Алғашқысы Мельбурн қаласы Монаша университетінің профессоры Дэвид Мэй мен Джезеф Монаган Бермудтың сыры – метан газында екенін жазады. Талайлардың ажалына себеп болған мұхит түбіндегі жанартаудан шыққан метанның гидраты екен. Мұхиттанушылардың пікірінше, теңіз түбінен шыққан метан үлкен газ көпіршіктеріне айналып, ауаға шыққан кезде ол жарылып, үлкен мөлшердегі улы газ ауаға тарайды. Монаган мен Мэй ашқан жаңалықтарына байланысты метан газы көпіршіктерінен және судан құралған компьютерлік модель жасайды. Компьютерлік модель көрсеткендей, осы аймаққа жүзіп келген кез-келген кеме метан көпіршіктеріне тап болса, міндетті түрде мұхит тұңғиығына батып кетеді екен.
Сондай-ақ алып газ көпіршіктері аймақ үстінен ұшып бара жатқан ұшақтарды да құлататын қабілетке ие екен. Компьютерлік модель кеме бортындағы адамдардың қауіпті газдан бірден тұншығып, көз жұматынын да дәлелдеген деседі. Физиканың заңдылықтары бойынша терең судан бөлінген метан ауа мен судың тығыздығын жояды. Бермуд үштағанында метан газының аса көп мөлшерде бөлінетініне назар аударған ғалымдардың бір парасы метанның ауадан да, судан да жеңіл болуын апаттың себебімен байланыстырып отыр. Яғни, мұхит түбінің кейде осы ағыс себебінен ысынғанында аталған газдар еріп, судан жеңіл болғаны үшін жоғары көтеріледі. Бұл мезетте судың тығыздығы да азаяды. Дәл сол кезде ол жерден не өтсе де асқан жылдамдықпен төменге құлдилайды. Сол себепті де кемелер теңіз түбіне батып кетеді-мiс.
Тағы бір болжамның бірі – бойын үрей билеген теңізшілер кемені лажсыз тастап кетуі де ықтимал. Өйткені, кейде теңіз астындағы гейзерлер мен жанартау атқыламалары адамның «зәресін» алардай ысқырған қатты дыбыстар шығарады екен. Бірақ, бұл болжамның шындыққа айналуы екіталай екенін жазады ақпарат беттерінде. Тоқтап қалған уақыт Жоғарыда уақыттың кейін шегінетіні туралы айтқан болатынбыз. Бұл магниттік өзгеріс салдарынан орын алады. Осы орайда «Ажал теңізінің» құпиясын параллель әлеммен байланыстырғандар да болды. Эйнштейн кезінде магниттік өрістер тым қуатты болса, денені екінші бір аймаққа жөнелтуге мүмкіндік барын дәлелдеген еді. «Бермуд үштағанының» магниттік өрісінің де тым қуатты екендігі белгілі. Эйнштейн жүргізген тәжірибе бойынша, америкалық әскери кеменің матростарымен қоса бір жерден екінші жерге жеткізілгені белгілі. Алайда, матростардың ақыл-есінен адасып, психологиялық ауруға ұшырауы тәжірибені жалғастыруға кедергі болды. Басқа әлемге сапар жасайтын порталды қақпа осы аймақта орналасқан деген де пікірлер бар.
Мұндай болжамдарға сәйкес, жоғалған адамдар құпия қақпа арқылы өзге әлемге еніп кеткен болуы да мүмкін. «Бермуд үштағанындағы» тылсым жағдай теңіз табанының геодезиялық ерекшеліктеріне қатысты деген де болжам бар. Яғни, солтүстік пен оңтүстіктен келетін мұхиттағы ағындар «Бермуд үштағанында» үлкен тұйықтықтың тууына себепші. Осыдан келіп мұхитта қалыптасқан қалың теңіз мүктердің тығыздығы кемелердің қозғалысын нашарлатады. Және толқындардың көтерілуіне себеп болады. Ал, ұшақтардың апатқа ұшырап, теңізге құлауына таудай толқындардың кенеттен көтерілуі нәтижесінде түзілген мұхит бетіндегі алып ұйықтар әсер етеді екен. Яғни мұхит бетіндегі қатты ағыстар үлкен ұйықтар туғызып, ұшақты да, кемені де жұтып қоятын көрінеді. Ал, ұшқыштар хабарында қалған алып цилиндр тәрізді дене метан газының ауадағы «мөлдір» бейнесі болса керек. Метанның бір тамшысы ауаға көтерілгенде 10-15 метр көлемінде мөлдір «аймақ» қалыптастыратын көрінеді. Бірақ жоғарыда жазылғандай, «ажал аймағында» теңізшілерінен айрылған иесіз қалған кемелердің қалай дін-аман қалғаны сол күйі беймәлім қалып отыр.
Дін не дейді? Діни тұрғыдағы зерттеуге тоқталар болсақ, діндарлар бұл жерде жындар болуы мүмкін деген жорамал жасайды. Мәселен, ислам ойшылы Фетхуллаһ Гүлен Бермуд үштағаны жөнінде сұрағандарға, бұл ғайып әлеміндегі метафизикалық күштердің әсері болуы мүмкін екенін айтады. Ол хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с) «Шайтанның тағы теңіздің бетінде салтанат құрған» деген хадисін мысалға келтіріп, кейбір теңіздерде шайтан тақ құрғанын айтқан деседі. «Жын-шайтандар осы жерде үстемдік құрып, кемелер мен ұшақтардың электронды құралдарын істен шығарып, апатқа ұшырауына себеп болуы әбден мүмкін. Жындар мен шайтандар «от» пен «түтіннен» жаратылғандықтан, күннен келетін радиациялық толқындардың төтесінен шарпығанындай, электронды құрал-жабдықтарды тас-талқан етіп, сол арқылы техникалық құрылғыны істен шығаруы да мүмкін. Тіпті «Ұшатын табақша» деп жүргеніміздің өзі жын-шайтандар болуы әбден мүмкін. Ендеше, Бермуд үштағанындағы тылсым жағдайлар шайтанның аспаннан келіп, жер бетінің кейбір мекендеріне ықпал етуінің көрінісі болуы ғажап емес» деп жазған екен ғалым.