Бағдарлама жұмыссыз әйелдерге, көпбалалы аналарға, декреттік демалыстағы әйелдерге, әсіресе, ауылдық өңірлердегі жастарға арналған. Биыл жоба жаңартылған форматта ұсынылып, үш негізгі білім беру блогын қамтиды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, TechnoWomen үкіметтік емес ұйымының басқарма төрайымы Азиза Шөжеева ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты. Бағдарламаның бірінші блогы жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып қаржылық сауаттылықты оқытуға арналған. Биыл курс мазмұны заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып жаңартылды. Атап айтқанда, жаңа Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар ұғымы енгізіліп, тиісті салықтық әкімшілендіру рәсімдері қарастырылған. Оқу барысында қатысушыларға салық есебін дұрыс жүргізу және құқықтық алаңда жұмыс істеу жолдары түсіндіріледі. Азаматтарға арналған қарапайым әрі түсінікті түсіндірмелер дайындалған. Сонымен қатар бағдарламаға дағдыларды монетизациялау бойынша жеке сабақ енгізілген. Ол қатысушылардың бар білімі мен дағдыларын табыс көзіне айналдыруға көмектесуге бағытталған.
Сондай-ақ бағдарлама аясында электронды коммерция бойынша курс кеңейтілді. Қазіргі таңда онлайн-сауда бөлшек сауда айналымының шамамен 14%-ын құрайды және бұл көрсеткіш өсіп келеді. Сондықтан электронды коммерцияны дамыту қосымша табыс табуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жобаға тіркелу 2026 жылғы 4 наурызда басталады. Оқу тегін және үш айға созылады. Бағдарламаға тұрақты онлайн-сабақтар кіреді: аптасына екі рет кәсіби спикерлердің қатысуымен тікелей вебинарлар мен онлайн-воркшоптар өтеді. Сонымен қатар өңірлерде көшпелі оқыту сессиялары ұйымдастырылады. Биыл ұйымдастырушылар Шымкентте, Атырауда, Ақтөбеде, Қостанайда воркшоптар өткізіп, Қызылордада кездесулер сериясын өткізуді жоспарлап отыр.
Курс қорытындысы бойынша барлық қатысушыға сертификаттар табысталады. Сондай-ақ жоба аясында жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырылып, технологиялық компанияларда жұмысқа орналасу, фриланс саласында еңбек ету, өзін-өзі жұмыспен қамту және фриланс-платформалар арқылы табыс табу мүмкіндіктері туралы ақпарат беріледі.

