Тәуелсіздік жылдары Конституция қоғамның сұранысына, уақыт талабына сәйкес бірнеше рет жаңартылып, толықтырылды. Соңғы конституциялық реформалар Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетіп, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталды.Конституцияға енгізілген өзгерістер елдегі демократиялық үдерістерді тереңдетуге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берді. Бұл реформалар құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге бағытталған.Конституцияға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – әділетті, ашық және тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Жаңа өзгерістер арқылы билік тармақтарының өзара байланысы қайта қаралып, Парламенттің рөлі күшейтілді. Парламент заң шығару қызметінде маңызды шешімдер қабылдайтын, Үкімет қызметіне бақылау жасайтын ықпалды орган ретінде нығайтылды.Президент өкілеттіктерінің бір бөлігі Парламент пен Үкіметке беріліп, билік арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етілді. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудағы жауапкершілікті арттырып, әрбір билік тармағының нақты функцияларын айқындауға мүмкіндік берді.Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару институттары күшейтіліп, өңірлердің дербестігі артты. Жергілікті әкімдердің жауапкершілігі күшейіп, тұрғындардың жергілікті басқару процесіне қатысу мүмкіндігі кеңейді.
Конституциялық реформалардың маңызды бағыты-адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту. Сондай-ақ Конституциядан өлім жазасының толық алынып тасталуы-адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін көрсететін маңызды шешім. Осы қадам еліміздің халықаралық құқықтық стандарттарға адалдығын дәлелдеп, адам құқықтарын қорғау саласындағы прогрессивті саясатты айқындайды.
Конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталды. Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметте жұмыс істеуіне шектеу енгізілді. Бұл мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды норма болып табылады.Парламенттің рөлі күшейіп, заң шығару процесіне қоғамның қатысу мүмкіндігі артты. Мәжіліс депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі енгізіліп, азаматтардың саяси процестерге қатысуы кеңейді.Сонымен қатар, жергілікті мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтіліп, әкімдерді тағайындау және қызметін бақылау тетіктері жетілдірілді. Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету – Конституциядағы басты қағидаттардың бірі. Осы өзгерістер арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім нығайып, азаматтардың құқықтық мәдениеті арта түсуде.Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер – елдің жаңа даму кезеңінің құқықтық негізі. Конституциялық жаңғырту нәтижесінде Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде дамуын жалғастырып, әділетті қоғам құру жолында маңызды қадамдар жасауда. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру – Конституцияға енгізілген өзгерістердің басты жетістігі.Бүгінде Конституция – ел дамуының басты бағдаршамы, халықтың бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Конституциялық реформалар Қазақстанның болашағын айқындап, әділетті, құқықтық және демократиялық мемлекет құру жолында маңызды рөл атқара береді.
С.Ж.Сулейменова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық,азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының докторы, профессор

