Бүгінде бұл жоба шеңберінде өңірлерде 156 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жүргізуде. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру және экологиялық мәдениетті балалық шақтан қалыптастыру. Жаңартылған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында балалардың экологиялық білімін дамытуға, табиғатқа ұқыпты қарауға және оны қорғау дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.
Кіші жастағы балаларға экологиялық тәрбие «Қоршаған ортамен таныстыру» бағыты арқылы жүзеге асырылады, себебі бұл балалардың табиғат туралы бастапқы түсініктерін қалыптастыруға және оған деген дұрыс көзқарас орнатуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс «Көркем әдебиет», «Сурет салу», «Сөйлеуді дамыту», «Математика негіздері» және «Музыка» сияқты бағыттарымен интеграцияда жүргізіледі.

