RSS лента

Тәрбиешілерге арнап курстар өтпек

  • 07.08.2023, 17:54,
  • 531
  • 0
  • Автор:
Автор фото: janaarqa.kz

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова ОҚК алаңында өткен баспасөз конференциясында 2023-2024 оқу жылында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын қамтамасыз ету туралы баяндады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2022-2023 жылы мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың жаңа стандарты қабылданып, үлгілік оқу жоспары мен үлгілік оқу бағдарламасы бекітілген. Биыл да мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту процесі осы қолданыстағы нормативтік құжаттардың негізінде жалғасады. Орта білім саласындағы айта кетерлік бір ерекшелік, бұл процесс үздіксіз, күнтізбелік жыл бойы жүргізіледі, дейді М. Адамова.

 

    «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту процесін меңгерту бағдарламасы да, мектеп жанындағы мектеп алды даярлық сыныптарындағы мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту бағдарламасы да 1 қыркүйектен 31 тамызға дейін жүргізіледі», – деді ол.

 

Сонымен қатар стандартта мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеген кезде мектепке дайын қандай бала шығуы керек, олардың қасиеттері және оқу-тәрбиелеу процестерінің қалай жүргізілетіні жазылған. Үстіміздегі оқу жылында осы педагогикалық тәсілдерге біршама өзгерістер енгізілген.

 

    «Баланы тәрбиелеу мен дамытудың негізгі міндеттері – оларды ойын арқылы оқыту екенін естен шығармай, бағдарламаның ішінде оның міндеттері мен күтілетін нәтижелерін, тәрбиелеу, оқыту процесін ұйымдастырудың барлығын көрсетіп берген болатынбыз», – деді М. Адамова.

 

Тәрбиелеу процесін ұйымдастырудың ең бірінші шарты – балаға қажетті дамытушы ортаны ұйымдастыру. Дамытушы ортаны ұйымдастыру баланың жасына сәйкес оның бойында дағдыларды қалыптастыру немесе дамытуға қажетті жағдайларды жасау үшін түрлі ойын аймақтарына, түрлі дамытушы аймақтарға бөлу арқылы жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында педагогтер, тәрбиешілер осы дамытушы ортаны күнделікті ұйымдастырып, қажетіне орай, баланың қызығушылығына қарай оны ауыстырып, өзгертіп отыруға өзінің кәсіби құзыреттіліктерін, мүмкіндіктері мен шығармашылық қабілеттерін салып отырады.

 

    «Тағы бір айта кетерлік жайт, осы қолданыстағы нормативтік құжаттар бекітілгеннен кейін институт тарапынан курстар жүргізіле бастады. Қазірге дейін 12 облыста тәрбиешілерге арналған курстар жүргізіліп жатыр. Оның барысында да біз мектепке дейінгі ұйымдарда болып, сол жерлерде осы процестердің қалай жүргізіліп жатқаны, балабақшаларда осы дамытушы ортаны ұйымдастыру арқылы негізгі процестің басты әрекеті – ойын арқылы баланың дамытушы әрекетін ұйымдастыру қалай жүргізіліп жатқанын қадағалаймыз», – деді институт директоры.

 

Сонымен қатар жыл сайын қыркүйек, желтоқсан, мамыр айларында - жылына үш рет мониторинг жүргізіледі. Осы бастапқы, аралық және қорытынды мониторинг кезінде бағдарламаның қаншалықты игеріліп жатқаны, балалардың бойында дағдылардың қаншалықты қалыптастырылып жатқаны туралы мәлімет алынып, әрі қарай педагогтерге қажетті әдістемелік көмек ұйымдастыру ойластырылып отырады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости