ЕИА-ның мақсаты – иммундауға назар аудару және халықтың иммундаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру. 20-шы ғасырдың екінші жартысындағы вакцинациялау науқандары адамзаттың ең үлкен жетістіктерінің бірі болып табылады, бұл бізге шешек ауруын жоюға, полиомиелитті жеңуге мүмкіндік берді. Биыл Еуропалық иммундау апталығы 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында өтеді. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында хабарлады.
Сондай-ақ республикалық деңгейде Алматыда 10-11 сәуірде медицина қызметкерлері үшін халықаралық деңгейдегі сарапшылардың қатысуымен ғылыми конференция өткізілді, сондай-ақ студенттер арасында АПВ-ға қарсы вакциналау мәселелерін талқылау бойынша пікірталас ұйымдастырылды.
Жалпы, елде жоспарлы иммундау бағдарламасы қарқынды жетілдіріліп жатыр. 2024 жылы Ұлттық егу күнтізбесіне жатыр мойны обырының және қатерлі ісіктің басқа да түрлерінің қоздырғышы болып табылатын адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау енгізілген. Қазақстанда жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші орында және фертильді (25-44) жастағы әйелдердің сүт безі обырынан кейінгі өлімінің екінші себебі болып табылады.