Университет өз оқытушылары мен студенттерін тек жоғары біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар қоғам мен экологияға жауапкершілікпен қарайтын, әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтын тұлғалар ретінде тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Тұрақты даму мақсаттары, соның ішінде әлеуметтік теңдік, экологиялық ахуал, экономикалық тұрақтылық сияқты мәселелерді көтеру оқу ордамыздың басты мақсаттарының бірі болып табылады.Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) - бұл 2030 жылға дейін әлемдік қауымдастықтың қол жеткізуі қажет 17 мақсаттан тұратын бағдарлама. Ол экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерді қамтиды. ҚазҰУ сияқты ірі білім беру мекемесі бұл мақсаттарды жүзеге асыруға үлкен үлес қосып отыр. Университет әлемдегі үздік оқу орындарымен бірдей өзінің қызметінде осы мақсаттарға сәйкес жұмыс істеп, қоғамның дамуына маңызды ықпал етіп келеді. ҚазҰУ әлемдік білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім беру жүйесін дамытуды мақсат етеді. Студенттерге ғылым мен білімнің терең негіздерін меңгеру ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар болуға мүмкіндік жасайды. Оқу бағдарламалары тұрақты даму мақсаттарын қамти отырып, жас ұрпақты тек кәсіби емес, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді.
Білім ордасының студенттері де тұрақты даму мақсаттарының жүзеге асырылуына белсенді түрде атсалысуда. Олар түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарында, конференциялар мен семинарларда осы мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсынуда. Университетте тұрақты даму тақырыбы бойынша түрлі қоғамдық шаралар мен акциялар ұйымдастырылып, студенттер арасында экологиялық білімді және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мақсатында белсенді жұмыстар жүргізілуде.Мысалы, студенттер «Таза қала» акцияларын ұйымдастырып, өздерінің білімдері мен күштерін экологиялық мәселелерді шешуге жұмылдырады. Сонымен қатар, жастар арасында үнемді тұтыну мәдениетін қалыптастыру, қайта өңдеу технологияларын қолдану мен энергияны үнемдеудің маңыздылығын насихаттайтын жобалар да бар. Қара шаңырақ ғылым саласында да тұрақты даму мақсаттарына сәйкес көптеген жобалар мен зерттеулер жүргізуде. Университеттің ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары экология, экономика, әлеуметтану және басқа да салаларда тұрақты даму мәселелерін зерттеу мақсатында ғылыми жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстар тек ғылыми қауымдастыққа ғана емес, сондай-ақ қоғамдық өмірге де ықпал етеді.
Мысалы, университетте жасыл экономика, жаңартылатын энергия көздері, экологиялық таза технологиялар мен қалдықтарды қайта өңдеу бағытында ауқымды зерттеулер жүргізілуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда үлкен жұмыстар атқарып, бұл жолда білім мен ғылымды, экология мен қоғамды тиімді үйлестіруде. Кафедра білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар экологиялық, әлеуметтік және құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында түрлі бастамаларды қолдайды. Кафедрамыздың білім алушыларын құқықтық біліммен ғана емес, сонымен қатар қоғамның тұрақты дамуына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру университеттің басты стратегиялық мақсаттарының бірі болып қала береді. ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларының өз қызметінде осы мақсаттарды жүзеге асыру арқылы еліміздің тұрақты әрі тиімді дамуына үлкен үлес қосады.
Г.Г.Нурахметова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының з.ғ.к., доцент