Атырау облысының Жылыой аудандық сотында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырған мүлікті иемденіп алып, талан-таражға салғаны үшін айыпталған Ж.-ға (ҚК-тің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармағы) және Ш.-ға (ҚК-тің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2 тармақтары, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы) қатысты қылмыстық іс қаралды.
Ш. Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бас есепшісі және уақытша мекеме директоры міндетін атқарушы бола тұра, 2021-2022 жылдары өзінің және таныстарының банк есепшоттарына 73 млн теңгеден астам қаражат аударған. Осылайша ол аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, талан-таражға салған.
Ж. Орталық директоры бола тұра, 2022-2024 жылдары өзінің және таныстарының банк есепшоттарына аудару жолымен сеніп тапсырылған мүлікті ірі мөлшерде 6 млн теңгеден астам сомаға иемденіп, талан-таражға салған.
Прокурор сотталушы Ш.-ға – 6 жыл 8 ай, Ж.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші Ш.-ға 60 млн астам теңгеге талап қоюын қанағаттандырып, заң шеңберінде жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындады.
Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде: Ш.-ның кінәсін мойындауы, бұрын сотты болмағаны, әрекетіне өкінуі, залалды ішінара өтеуі, Ж.-ның кінәсін мойындауы, әрекетіне өкінуі, залалды толық көлемде өтеуі, бұрын сотты болмағаны, тергеуге жәрдем көрсетуі, отбасылық жағдайы (жалғыз басты ана) танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Соттталушылар тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Ш. -ға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ж.-ға ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.