RSS лента

Ұрпақ үшін шабыт көзі: Қазақстан әйелдері

  • 07.03.2024, 16:27,
  • 380
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortcom.kz

Әлемнің жарығын сыйлаған, бойымызға сенім ұялатқан, бізді сүюді, қиындықтарды еңсеруді үйреткен, ұдайы қолдау көрсетіп, өз балалары үшін ғана емес, бүкіл ұрпақ үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жандар. Бұл біздің аналарымыз, жұбайларымыз, әжелеріміз, әріптестеріміз. Әрбір өңірде түрлі салаларда еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген аруларымыз қаншама, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бүгінгі материалымызда нәзік жандылар туралы баяндаймыз.


Жандосова Баян Айтбекқызы – Шымкенттен шалғай шықсаң да, барлық жерде есімі белгілі жан. Дәл осы адамның қолдауымен бірнеше жыл бұрын қалада 18-35 жас аралығындағы мүгедектерді оңалтуға арналған бірегей орталық ашылды. Тәжірибесі мол педагог, аузын ашса, жүрегі көрінетін жан, ол мүгедектерді, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға демеу көрсетеді.

Полиция капитаны Аймереке Мұханбетқазинаның Ақтөбе облысының құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүргеніне 10 жылдай болды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор – батыл адам әрі үш қыздың анасы. Жоғары азаматтық жауапкершілік пен кәсіпқойлық – Аймереке Мұханбетқазина күн сайын ақтөбеліктерді қылмыскерлерден құтқарып, қорғау қызметінде көрсететін қасиеттер.

Анар Бексұлтанова – ішкі жан дүниесі таза адам. Анар Жамбыл облысында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қолы кем болып туса да, өмірдің қиындығына мойыған емес. Ол аяғымен сурет салып, тігіншілікпен айналысады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы конкурсқа қатысып, 3 миллион теңге көлемінде грант ұтып алды. 2013 жылы шағын тігін цех ашып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Басқаларға қол ұшын созу» – Жетісу облысындағы «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Роза Ақжаркенованың өміріндегі басты қағида осы. 20 жылдан астам уақыт бұрын қоғам қайраткері аймақтағы мүгедектерге қолайлы орта құру науқанын бастаған болатын. Ол жүзеге асырған жобалардың ішінде пандустарды арбамен жүруге ыңғайлы болатындай қалыпқа келтіру, өңірде инватакси қызметін енгізу бар. Былтыр ол жетекшілік ететін қоғамдық бірлестік Жетісу облысындағы «Үздік ҮЕҰ» номинациясында жеңімпаз атанды.   

Абай облысында жоғары санаттағы УДЗ дәрігері Еңсебаева Сымбат Серікқалиқызы – кәсібиліктің, өз ісіне деген адалдықтың және пациенттерге қамқорлық танытудың үлгісі. Дәрігер өңірлік онкологиялық диспансерде, амбулаториялық онкологиялық көмек орталығында, перзентханада, Семей қаласындағы әскери госпитальда, туберкулезге қарсы диспансерде табысты еңбек етті. Қазіргі уақытта жергілікті жекеменшік клиникада жұмыс істеп жүр. Сымбат Серікқалиқызы жұмысы барысында бүкіл облысты аралап, шалғай жатқан аудандардағы пациенттерге көмек көрсетті. Жиырма жылдық жұмыс тәжірибесі бар дәрігер жұмысы адам өміріне байланысты болғандықтан бұл мамандық иелері қысқа мерзімде жауапты шешімдер қабылдау қабілетіне ие болуы керек деп санайды.

Жедел шешім қабылдау ТЖ құрылымдарының диспетчерлері үшін де қажет қасиеті. Әр қоңыраудан соң бір адамның өмірі құтқарылады.  

Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің диспетчері Екатерина Беспалова өз жұмысын мақтан тұтады, бұл шыдамдылық пен жеделдікті қажет ететін өте жауапты қызмет деп санайды.

«Менің ағам: «Сен жұмысқа емес, қызметке барасың, сондықтан адал қызмет ет», - деді. Мен барынша тырысамын. Бұл салада 20 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келемін», – деді Екатерина Беспалова.

Ал ең сұлу тракторшы ару Қарағанды облысында тұрады. Ол Арайлым Байдашова. Үй шаруасында күйеуіне көмектесу үшін трактор айдауды үйренген екен. Темір техниканы тізгіндеп, шөп шауып, қыстауға барып жүргеніне бес жылдай болған. Бірнеше гектар жер жыртып, 120 тоннадан астам шөп жинаған.

Павлодар облысының тұрғыны Анаева Махаббат дұрыс тамақтану өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсібін бастауға лактозасыз және глютенсіз диета тағайындалатын балаларға, оның ішінде «Аутизм спектрінің бұзылуы» және «Сөйлеу дамуының кешігуі» диагнозы қойылған балаларға қамқорлық жасау ниеті түрткі болған. Ол күйеуімен бірге аймақ тұрғындарына вирустық аурулардың салдарымен күресуге, антибиотиктерді қабылдауды азайтуға, жалпы иммунитетті көтеруге қалай көмектесуге болады деп ойланады. Махаббаттың дүкені – Павлодар облысындағы алғашқы және жалғыз дұрыс тамақтану гастрономы. Онда қантсыз, глютенсіз және лактозасыз 5000-нан астам өнім бар. 2023 жылдың ақпан айында Махаббат глютенсіз кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар шығаратын цехын іске қосты. Басты мақсат –павлодарлықтарды табиғи, экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ету, аналарға балаларына қажетті өнімдерді табуға көмектесу.

Әрине, нәзік жандылардың әрқайсысы назар аударуға әрі жеке тоқталып өтуге лайық. Отбасында бақытты, жұмыста табысты, қоғамда белсенді болуға ұмтылған Қазақстан әйелдері көп.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости