RSS лента

«Қандас» мәртебесін беру тәртібі өзгереді

  • 14.02.2024, 11:30,
  • 215
  • 0
  • Автор:
Автор фото: neonomad.kz

Депутаттар «қандас» мәртебесін беру тәртібін жетілдіруге бағытталған жаңа норма әзірледі, деп хабарлайды Turantimes.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Енді «қандас» мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірген адамдардың ұлты қазақ екенін анықтау тәртібі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Сондай-ақ қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына этникалық қазақтардың жеке отбасы мүшелері, қандастардың жесірлері және олардың ортақ балалары енгізіледі.


Оған қоса, азаматтық алудың оңайлатылған тәртібін қолдана алатын адамдар санаты кеңейтілді. Енді елімізде заңды түрде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының жесірлері тұру мерзіміне қарамастан оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен Қазақстан азаматтығын ала алады. Сондай-ақ бұл қатарға халықаралық шарттар негізінде оңайлатылған тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар адамдар да кіреді.


Көшіп-қонушыларға егін шаруашылығымен айналысу үшін жер жалға беріледі. Заң аясында көшіп-қонушылар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Үкімет айқындаған қабылдаушы өңірлерден конкурссыз ала алады. Олар бес жылға дейінгі мерзімге және иеліктен шығару құқығынсыз уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы негізінде беріледі. Бұл ретте жер учаскелерінің көлемі ең аз мөлшерден аспауы керек, ал шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталына салым ретінде иеліктен шығару және беру құқықтары көзделмейді. Өңірден көшкен кезде жер пайдалану құқығы тоқтатылады. Мұндай аймақтарда 5 жылдан астам тұрып, өз міндеттерін тиісінше орындаған қоныс аударушылардың жаңа мерзімге шарт жасасуға басқаларға қарағанда басым құқығы болады. Сонымен қатар заң жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті көшуге қатысушыларға қоныс аудару үшін төленетін мемлекеттік субсидияларды қорғау нормасы белгіленді. Банктер мен қаржы ұйымдарының алдындағы несиелік міндеттемелері бойынша алымдардан тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды өтеу енгізіледі.


Иммигранттарға жұмыс істеуге рұқсат беру шарттары өзгереді. Еңбекші көшіп-қонушыларға бір айдан он екі айға дейінгі кез келген мерзімге жұмысқа рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Қазір мұндай рұқсат бір, екі, үш немесе он екі айдан кем болмауы қажет мерзімге беріледі. Бұл ретте жұмыс істеуге берілетін рұқсаттың мерзімін ұзарту да бір, екі немесе үш ай болуы мүмкін. Сонымен қатар енді жұмыс істеуге рұқсатты мерзімі біткенге дейін елден шықпай-ақ ең көбі үш айға ұзартуға болады.


Бұған қоса, педофилдерге, экстремистер мен лаңкестерге Қазақстанға кіруге тыйым салынады. Құжаттарда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің Қазақстанға келуін, сондай-ақ ел азаматтығын алуын шектеу ұсынылады. Сонымен қатар экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости