Форум - шетелдегі этникалық қазақтар мен өзара байланысты жетілдіру және оларды еліміздің тұрақты дамуына үлесін қосу жолдарын қарастыратын жаңа форматтағы басқосу алаңы.
Форумға шетелдегі 200-ге жуық қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері қатысуда.
Бұл – халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылаудың маңызы зор. Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз. Олардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Басқа да маңызды жұмыстар атқарылуда. Қандастармен қарым-қатынасты дамыта түсуге бағытталған осындай шаралар жалғаса береді, – деді Президент.