11 жастағы қыздарды иммундау жоспарлануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Вакцина жатыр мойны қатерлі ісігінен қорғайды. Елордада осы вирусқа қарсы вакцинаны енгізудің ұлттық жоспары талқыланды. Бірінші кезеңде 175 мың оқушы қыз вакцинацияланбақ.
“Екпе мектептерде, мектептердің медициналық кабинеттерінде жасалады. Әрине, ата-ана хабардар болады. Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінде 125-ке жуық ел бұл вакцинаны өздерінің ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізді. Орталық Азиядағы көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды алып қарасақ та, олар бұл вакцинаны енгізіп қойған”, – деді денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Манар Смағұл.
Қазақстанда жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында. Ауру Павлодар облысында ең көп тараған, мұнда 100 мың әйелдің 18-і осы ауруға шалдығады. Жатыр мойны обыры Атырау, Қарағанды, Ақмола облыстарында жиі анықталады. Күн сайын республика бойынша бес диагноз қойылады, күніне шамамен екі әйел осы аурудан көз жұмады. Соңғы 10 жылда бұл дерт елімізде 4500-ге жуық әйелдің өмірін қиды. Өлім-жітімді азайту үшін келесі жылдың екінші жартысында Қазақстанда жатыр мойны обырын тудыратын адам папилломавирусына қарсы вакцина енгізіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі 2013 жылғы пилоттық жоба туралы атап өтті. Жоба аясында 4 мыңнан астам адам осы вакцинаны алған екен. Олардың 1%-дан азы ғана жатыр мойны обырына тап болған. Әрі бұл бедеулік турдырады деген өтірік екені анықталды.
"Қыздарға 11 жастан екпе салсақ, олар болашақта ана болған кезде осы вирусты жұқтыра алмайды. Әрине, 45 жасқа дейінгі әйелдерді вакцинациялауға болады. Дегенмен вакцинацияның ең тиімдісі – 11 жас. Сонымен қатар қазір Еуропада қыздарды ғана емес, ұлдарды да вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде”, – деді дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының сарапшысы Сидхарта Датта.