Президент:
"Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет".
"Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек".
Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.
Сонымен қатар, Президент ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру мәселесін негізгі міндеттің бірі ретінде атады.