Мұны әрбір есті ата-ана перзенттеріне отбасы құндылығы ретінде үнемі айтып отыруы тиіс. Бұл туралы atr.kz жазады. Дәстүр бойынша келіннің ата-енесі мен қайын жұртына сәлем салуы сонау ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатыр. Енді оны тек белгілі бір өңірде шектемей, насихаттай түссек қандай ғанибет. өйткені, сыйластық – ортаны қалыптастырып, үлкенді құрметтеудің ерекше әдебі саналатын осы үрдістің бүгінгі келеңсіздікке толы қоғамның кейбір кем-кетігін де түзей алады.
Этнографтардың айтуынша, бұл – ықылым заманнан бері келе жатқан жас келінге жүктелер салт. Әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дәстүр. Үлкендерге иіліп сәлем салғандар «Көп жаса!», «Бақытты бол! Өркенің өссін!» деген секілді ақ тілек пен бата алады. Бұдан жақсы сөз еститін келіннің бағы артады деп бағамдалған.
Сәлем салу – ертеден келе жатқан игі дәстүр. Қазақ келіндері үлкендерге, келген жеріне деген сый-құрметін сәлем салу арқылы білдіреді. Ертеде аяғы ауыр келіндерге сәлем салғызбаған. Ұлттық тәлім-тәрбиесі мол дәстүрдің астарында үлкен ілтипат, ерекше сыйластық жатыр. Сәлем салу арқылы инабаттылық, ибалылық, ізеттілік, адамгершілік қағидалары қалыптасады деп ойлаймын. Бір ерекшелігі – бұл дәстүрде өзінен кішілерге сәлем салдырмаған. Өкінішке қарай, бүгінде беташарларда асабалар дос-құрбылар мен жұмыстастарға да, өзінен кіші жас балаларға да иілтіп сәлем еткізеді. Мұның барлығы – дәстүрді бұзу.
Сондай-ақ бұрыннан келе жатқан сәлем салу үрдісі бүгінде еліміздің барлық өңірінде сақталып жатқан жоқ. Бұл пікірді «Алтын алқа» иегері Роза Қожамбергенова да қостап, өз ойын білдірді.
– Қазақ тойларында келін әуелі беташарда елге сәлем салудан бастайды. Бұл үрдістің өзі еліміздің әр өңірінде әрқалай орындалып жүр. Мәселен, кейбір аймақтарда сәлем салу әдебі мүлдем сақталмаған. Мұны әсіресе оңтүстік облыстар және Маңғыстау аймағында қатаң ұстанады. Беташар рәсімі тойдан бөлек күндіз келіннің келген шаңырағында жасалады. Бұл – өте дұрыс. Мұнда осынау дәстүр ең алдымен өмірден өтіп кеткен ата-бабаларды еске алып, өлі әруаққа сәлем етуден басталады. Ата-бабаға сәлем етіп жатқанда сол әулеттің мүшелері жас келінге сый-сияпат ұсынады. Одан әрі әулеттегі үлкендерге сәлем етуге жалғасады. Бұл аймақтарда осы салтты әрбір отбасы үкілеп өсіріп жатқан қыздарына меңгертіп отырады. Сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отбасындағы сыйластыққа ерекше жол ашып, оны одан әрі күшейте түсетін үрдіс, - дейді ол.
Көпті көргенананың айтуынша, өкінішке қарай, бұл әдемі дәстүрді сәнге айналдырып жатқандар да бар. Өйткені, қазақ халқы жесір әйел немесе ажырасқан келіншекке сәлем салғызбаған. Мұны тек азаматы қасында жүрген келіндерге ғана бұйырған бақ деп білді. Қазақта ұлынан айырылған ана келініне «Ей, қарағым, құлынымнан айырылдым. Қанатымнан қайырылдым. Саған қонған бақытың төбеңнен ұшып кетті ғой, сәлем салудан айырылдың» деп хабарды ер-азаматы қайтыс болған келініне жеткізген екен. Осы күннен бастап оны сәлем салудан босатады. Негізінен сәлем салу, келінге тілек білдіру, сәлемін қабыл алу –Пайғамбардан қалған сүннет. Бұл туралы «Салт-дәстүрлер сөйлейді» кітабында айрықша жазылыпты. Мұнда бір соғыста Ханафия есімді қыздың тұтқынға түсіп, Пайғамбарға айтқан даты келтіріледі.
«...Менің үш шартым бар. Соны орындасаңыз мұсылман боламын. Әрі сізден қызметімді аямаймын, - дейді. – Шартыңды айт, - дейді Пайғамбар.
– Бірінші шартым, мені соғыста қолға түсірген батырыңыз Әлиге некелеп қосасыз. Екінші шартым, менен туған балаға Өзіңіздің есіміңіз бен менің атымды қосақтап қоямын. Соған рұқсат етесіз. Үшіншісі, сізді көргенде иіліп сәлем етемін. Бұл Құдайдың сүйікті пайғамбарына деген құрметім мен ізетім болсын, - дейді.
Бұдан соң Пайғамбар қыздың барлық тілегін қабыл алып, оны Әзірет Әлиге некелеп қосады. Арада бір жыл өткен соң, одан туған балаға Мұхаммедханафия деп ат қойып, азан шақырады. Пайғамбарымыз Ханафия қыздың иіліп сәлем салуын мақұл көреді. Тіпті, оның құрметіне риза болып «бақытты бол», «ғұмырлы бол», «көп жаса» деп бата беретін болыпты... Міне, осыдан бастап жаңа түскен келіннің жаңа ортада үлкендерге сәлем салатын дәстүрі пайда болған деседі.
– Түтіні түзу отбасыға құт қонады. Бұл дәстүр Маңғыстау өңірінде жақсы сақталған. Мұнда сәлем салуға айрықша мән беріледі. Өзім осы аймақтың қызымын. Ұзатылып барған елім де осы өңір. Келін болғаныма он жылдан асты. Ата-енеге, үлкендерге сәлем ету – біз үшін күнделікті әдет, сыйластық. Отбасымызда бұл дәстүрді қатаң сақтаймыз. Сәлем салудың астарында үлкен мағына барын ұмытпаған жөн. Себебі қазақ отбасындағы ұлттық құндылықтардың бірі – абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің батасын алу. Бұл отбасындағы баға жеткен сыйластық қарым-қатынасты арттырып, жақсылыққа ғана бастайтын үлкен жол. Осынау әдемі дәстүрдің кейбір өлкелерде ғана емес, күллі қазақ даласында орындалғанын қалаймын. Әр отбасында осы үрдіс қалыптасса жанұядағы жылулықтың оты өшпес еді. Ал әр жанұяның түтіні түзу ұшса, мемлекеттің іргесі де биіктей түсері хақ, - дейді Маңғыстау облысының тұрғыны Гүлнар Тасболатова.