RSS лента

Жастарды жат ағымға жетелейтіндер желіде жүр...

  • 07.12.2022, 22:15,
  • 510
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Қазір әлеуметтік желіде діни ағымның алуан түрі насихатталуда, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ұлттық құндылықты сақтай отырып, саналы ұрпақ қалыптастыру, заманауи тәрбие мен ұлттық тәрбиені ұштастыру, елде діни экстремизм мен терроризм идеологиясы таралуының алдын алу және деструктивтік діни ағымдардан сақтандыру мақсатында «Ұлт құндылығы – бабалар аманаты: ұлт руханиятының мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

 

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров рухани құнды ілімімен бөлісті.

 

– Халық даналығында: «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген нақыл бар. Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыстіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда, өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі. Ал, өзінің тілі мен дінін, салтдәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрпына еруіне тыйым салған. Өйткені, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар мен қағидаларды аяқасты еткен кезде, иман да жоғалады. Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына 1200 жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салтсанасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан, мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен – шариғат. Алла Тағала Құранда «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деп бұйырған», – деді Ершат Ағыбайұлы.

 

Наиб мүфтидің айтуынша, қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп негізі – шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым заманнан таныс болғанының айғағы. Қазақша «ғұрып» сөзі فرعلا) әл-ъурф) сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақылойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». «Әдет» сөзі арабтың «әлъаада» ةداعلا сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. «Дәстүр» сөзі де арабша روتسد «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы – ісәрекет жасалатын ереже, заң.

 

Конференция қонағы, Phd доктор, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті универсететінің проректоры, дінтанушы Қайрат Құрманбаев діни мәтіндерді дұрыс, ғылыми негіздерге сай түсінбеу және рационалды пайымдауларға қарағанда эмоционалды ойларға басымдық беру – дінде шектен шығушылық пен кейбір діни мәселелерді біржақты түсініп, қателікке бой алдыратынын баса айтты. 

 

– Діни мәтіннің жету жолдары, тізбегі зерттеліп, оның дұрыстығы анықталғаннан кейін, мазмұны келесі өлшемдермен талқылануы қажет. Құран мен хадис мәтіндерінен діни, құқықтық үкім шығару үшін түпнұсқаға ғана жүгініледі. Сондықтан, діни мәтіндерді құқықтық, теологиялық тұрғыда интерпретациялау үшін араб тіл білімін білу шарт. Яғни, мәтінді араб тілінің заңдылықтары, тілдік ерекшеліктері және лексикасемантикасына сай талданады. Сондықтан, «Ислам құқығы негіздері» (усул әл-фиқһ) іліміне қатысты еңбектердің әрбірі лингвистика тақырыптарын қамтиды. «Фиқһ негіздері» ілімі лингвистикалық тақырыптарды грамматикалық тұрғыдан ғана зерттемейді, лингвист ғалымдардың қолы жетпеген, яғни олар қарастырмаған кейбір тіл мәселелерін де өз ішіне алады. Демек, грамматикалық зерттеулердің аясына кірмейтін, арнаулы зерттеулерді қажет ететін кейбір лингвистикалық нәзік түсініктерді усул ғалымдары логикалық, ғылыми тәсілдерге жүгіне отырып қолданысқа енгізеді, – деді ол.

 

Дінтанушының айтуынша, кейбір мәтіндерде бірнеше мағынаның сілемі, бірнеше мән қатары бірдей көрініс тапса, көпқырлы мағыналық бірліктердің тұтастығынан күрделі метафоралық мағына туады. Метафоралық мазмұндағы діни мәтіндерге де жүгінген ислам құқығы мен теологиясында да метафора (мажаз) мен метонимия (киная) және тура мағынаны білдіретін сөздер (хақиқа) мен эксплициттік мағынаны білдіретін сөздер (сарих) әртүрлі құқықтық үкімдер мен көзқарастардың шығуына себеп болды.

 

Сонымен қатар, мәтін бірқатар лексикалық семантикаларды қамтыған жағдайда, негізгі мағынаға қол жеткізу үшін шариғаттың асыл мақсаттары мен жеке тұлғаның, ортаның жағдайы негізге алынуы қажет. Бұл принцип мәтіндер арасында қарама-қайшылық орын алған кезде де басшылыққа алынса, мәтіннің көздеген мағынасына қол жеткізгені болмақ. Яғни, араб тіліндегі түпнұсқасымен ғана шариғи, құқықтық үкімдерге бастау болатын Құран және хадис мәтіндерін дұрыс түсіну, ондағы шариғи нормаларды анықтау – бірінші кезекте араб тіл біліміне негізделеді. Алайда, кейбір діни мәтіндердің жету жолдары мен дәрежелерінің әрқилылығы әртүрлі көзқарастардың туындауына себеп болғаны секілді, діни мәтіндерді түсіну де ғалымдар арасындағы пікір қайшылығына әкелді.

 

Қазір деструктивті діни ағымдарға ішкі және сыртқы факторлардың ықпалы зор екендігі байқалып отыр. Осыған байланысты, тұрғындардң елдегі және шетелдік уағызшыларға деген қызығушылығын анықтау мақсатында Google trends бағдарламасы арқылы талдау жасалады. Бағдарламада 1-ден 100-ге дейін балл беру арқылы белгілі бір аймақпен уақыт кезеңі үшін кестедегі ең жоғары балға қатысты тақырыпқа қызығушылық деңгейін көрсетеді. Мысалы, 2021- 2022 жылдары шетелде жүрген ДДА уағызшысы Абдуллах Костекскийдің уағыздарын Google желісі арқылы 63 балл, ал YouTube платформасы арқылы 23 балдық деңгейде қаралған. Осы арқылы өңірлердегі балдық деңгеймен салыстырып, қарсы насихат жұмыстары жүргізіледі.

 

«Инстаграм» және «Вконтакте» желілеріндегі парақшаның өзге де ДДА өкілдері парақшасының тіркелімінде бар-жоғын білу үшін арнайы «TELEGRAM БОТ» дайындалған. Оған жолданған сілтеме автоматты түрде тексеріліп, бір базаға жинақталады. Содан соң қолданушыға ҚР ӘҚБК-нің 453 және 490 баптары туралы автоматты түрде ескерту алады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости