Министрліктің хабарлауынша, тестілеуге қатысу үшін 17 мыңнан астам өтініш қабылданды. ҰБТ-ға қатысушылардың 66%-ға жуығы қазақ тілінде, 34%-ы орыс тілінде, 53 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді.
ҰБТ-ны өткізудің бірінші күні 4499 адам емтихан тапсырады.
Тамыздағы ҰБТ белгіленген шекті балл жинай алмаған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар, ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдады.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Барлық 5 ҰБТ қорытындысы бойынша белгіленген шекті балл жинай алмаған, тестілеу нәтижесі жойылған, бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін талапкерлерге жоо-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Ары қарай олар 2024 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, жоо-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады.