RSS лента

ҰБТ қалай өтеді?

  • 23.11.2022, 11:40,
  • 609
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі
Тестілеу төрт рет тапсырылады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ МЕКТЕПТЕН КЕЙІН ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА ТҮСУГЕ БЕЛ БУЫП ОТЫРҒАН ТАЛАПКЕРЛЕР ҮШІН НЕГІЗГІ ЕМТИХАННЫҢ ҚАЛАЙ ӨТЕТІНІ ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРДІ.

 

Орталық директоры мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді жылына төрт рет тапсыратынын айтты. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында ақылы бөлімге, ал, маусым айындағы тестілеу негізінде мемлекеттік грантқа конкурсқа қатыса алатын болды. «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларына енгізілген өзгерістерге де тоқталды.

 

– Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 15 емес, 20 тест тапсырмасы болады, бір дұрыс жауапты таңдау арқылы 10 тапсырма, контекстке негізделген 10 тапсырма. Егер талапкерлер бұған дейін «Оқу сауаттылығы» бойынша 20 сұраққа жауап берсе, енді үш мәтін бойынша 15 тест тапсырмасы беріледі. Мәселен, «Қазақстан тарихынан» – 20, «Оқу сауаттылығы» бойынша – 15, «Математикалық сауаттылықтан» – 15 және екі бейіндік пән бойынша – 35 тапсырма, – деді Р.Емелбаев.

 

Оның айтуынша, ҰБТ-дағы тест тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Бейіндік бөлім тапсырмаларындағы дистракторлардың (жауап нұсқалары) санын азайту туралы шешім қабылданған. Мысалы, бір дұрыс жауабы бар тапсырмаларда нұсқалар саны бестен төртке дейін азайған. Егер тестте бір немесе бірнеше дұрыс жауап, яғни үш дұрыс жауаптан көп емес болса, онда нұсқалар саны сегізден алтыға дейін қысқарады.

 

– 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ-ның бейіндік пәндер комбинацияларының тізіміне енгізілді. Осыған орай, білім беру бағдарламаларының «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» топтарына түсетіндер ҰБТ-ны «Математика-информатика» комбинациясы бойынша тапсырады, – деді ол.

 

Ұлттық тестілеу орталығы директорының айтуынша, жоғары ұпай саны – 140. Ал, тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сондайақ, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қосымша 40 минут беріледі. Тағы бір қуанышты жаңалық – министрлік шешіміне сәйкес, барлық талапкерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыру және үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігі беріледі.

 

– 2023 жылғы талапкер былтырғыдай бес рет сынақ тапсырады. Министрлік негізгі емтиханның барлық жаңалықтарын оқу жылының басында, яғни қыркүйекте жариялауды ұйғарды. Бұл болашақ талапкердің зейінін шоғырландыруға және ҰБТ-ға жақсы дайындалуға көмектеседі деп ойлаймыз, – деді ол.

 

Оқушылар енді тестілеу туралы ақпарат алып қана қоймай, университетпен танысуы үшін ҰБТ тапсыру бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары өңірлік жоғары оқу орындарының базасында жүргізіледі. Сонымен қатар, педагогикалық мамандықтардың өту балы жоғарылағанымен, сол мамандықтарға түсуге ниет білдірушілер де артып келе жатыр. 

 

– Биыл гранттық байқауға қатысқан 80 мыңнан астам жастың 22 мыңы мұғалімдік мамандыққа құжат тапсырып, 11 мыңы грантты иеленді. Жалпы, педагогикалық мамандықтар бойынша орташа балл – 94,5, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Математика пәнінің мұғалімдігін таңдаған талапкерлердің ҰБТ-дан орташа 108 ұпай жинады. Мұғалімдіктің сұранысқа ие болғанының тағы бір көрсеткіші – биыл 1502 «Алтын белгі» иегері педагогикалық мамандықты таңдаған. Қазір жігіттер бұрынғыдай қалдықтық принцип бойынша емес, мақсатты түрде ұстаздықты қалап отыр, – деді Руслан Тоқтарбекұлы.

 

ҰБТ бойынша түсіндіру жұмыстары Құлсары қаласында да жүргізілді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости