Көзі көгерген, беті ісіп, қолы сынған, өмірге еш құлшынысы қалмаған, ендігі барар жер, басар тауы жоқ жандар... Бұл – бүгінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған әйел-аналардың кейпі. Ащы болса да, қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарын толықтырып тұрған жағдай бұл. Мұндай деректердің тым көбейіп бара жатқаны соншалық, әйелдерге арналған дағдарыс орталығында түрлі тағдыр иесі бар. Бұл туралы "Атырау" газеті жазады. Осындай орталықтардың бірінде өмірдің тезіне тап болған нәзікжандылар психологтың, заңгердің және медицина қызметкерлерінің көмегіне де жүгіне алады. 2012 жылы ашылған мекемедегі орын саны 20 адамға арналған. Шынында да, тұрмыстан зәбір көргендер полиция қызметінің баянатымен ғана қабылданып, бұл жерді алты ай ғана паналай алады. Қазір мұнда 6 әйел, 16 бала тұрып жатыр екен. Орталыққа кіргеніміз сол еді, жастан асқан сәби көзі жәутеңдеп алдымнан жүгіріп шықты. Қасында анасы болса да, мен кірген есікке қарайлай берді. Сол сәтте оның бейкүнә жүзінен «бұл есіктен менің әкем де кіріп келер, бәлкім» деген үмітті оқып, сағынышын байқадым. Әттеген-ай!.. «Сен қандай сүйкімдісің?! Тәп-тәттісің!» деп маңдайынан иіскеп, басынан сипағаннан басқа амал таппадым бұл жерде... Ойым сан-саққа жүгіріп, күрсініспен ішке кіріп, нәзікжандылардың тағдырын өз аузынан естігенде қоғамның жанды түршіктірер келеңсіздіктері менің де көзіме жас үйірді. Мұндағы әйелдердің дені – құқықтық сауаты жоқтықтан өмірден таяқ жеп, балаларымен қайда барарын білмей, жылап келетіндер.
Отыз үш жастағы Жанар Бағытова (аты-жөні өзгертілді) – бес балалы ана. Бірнеше жыл бұрын отағасы екеуі банк арқылы төрт бөлмелі үй алып, оның қарызын маңдай терін сыпыра жүріп, бірнеше жыл бойы төлейді. Қарызынан құтылып, соңғы сәтте үйдің құжатын аларда оны қайынағасының атына ресімдейді. Мұндағы мақсат – өздері мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрғандықтан, соны сақтап қалу еді. Тағы біршама уақыт өткен соң олар автокөлік алуға талпынады. Сол кезде ерлі-зайыптылардың тұрақты жұмысы да болмапты. Әупірімдеп банктердің бірінен 10 миллион теңге несие алып, сол сомаға жаңа көлік сатып алған. Су жаңа техниканы тізгіндеген отағасы такси болып қызмет етіп, алғашқы үш-төрт айда несиені уақытылы төлеп тұрады. Содан кейін несие де, отбасы да жайына қалады. Өз отбасынан безініп, әйелінің «көзіне шөп салу» деген теріс қылыққа бой алдырады. Өкініштісі сол, он миллион теңгенің несиесі жұмыссыз Жанардың атына ресімделген. Бірнеше жас баламен оның жұмыс жасауға еш мүмкіндігі болмайды. Әлгі миллиондарға үстеме пайызы қосылып, шаш-етектен қарызға батқан. Оны өтей алмаған соң, көлікті банк қайтарып алады. Бұл соққы аздай, күйеуінен күн сайын жәбір көріп, таяқтан бас көтермеген. «Жығылғанға жұдырық» демекші, Жанарды қайынжұрты «үй сенің атыңда емес» деп, бес баламен шырылдатып баспанасынан қуып шыққан. Барар жері, ішер асы қалмаған ол сәуірден бері осы орталықты паналап жүр екен. Орталық басшысы Айбаршын Иманғалиеваның айтуынша, мекеме әуелі отбасын татуластыруға тырысады. Одан нәтиже шықпаса, ерлі-зайыптылар ажырасуға бел буатын көрінеді.
– Жанар әуелі жылдар бойы қаржысын төлеп құтылған баспанасын заң жүзінде «ортақ мүлік» деп танып алуы қажет. Олар ажырасқан жағдайда ғана сол мүлік бөліске түседі. Қазір сол бағытта құқықтық кеңестер берілуде, - дейді Айбаршын Тұқпатоллақызы.
«Отбасымның шырқы бұзылды» деп зорлық-зомбылықтың шын құрбаны болғандардың тағдыры әртүрлі мұнда. Әдетте, біраз мәселе жұбайының ішімдікке құмар болғанынан туындаушы еді ғой, ендігі жағдай мүлдем өзгеше.
Мақаттық Н. есімді әйелдің мұнда келуіне күйеуі емес, ата-енесінің алкогольге тәуелділігі негіз болған. Өз ұлының айрандай ұйыған отбасының ойранын шығарған ата мен ененің бұл сорақылығынан әбден мазасы қашқан келіні дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр. Ауысымдық әдіспен жұмыс жасайтын қайынатасы 15 күн демалысында үздіксіз ішімдікпен «достасып» алған. Бұл аз десеңіз, енесі де қосыла ішіп, мұның салдары отбасында жиі ұрыс-керіс пен төбелес туғызады. Енесі сау кезінде де, масаң күйінде де келінге күн көрсетпейді екен. «Бұл шаңырақта мен көрген қорлықты сенің де көруің керек, бәріне көнесің» деп келінін жерден алып, жерге салатын әдет те шығарған. Бала-келіні еншісін алып бөлек шыққысы келсе, «теріс батамызды береміз» деп қарғыс жаудыратыны да бар. «Көтере алмасаң қосып арқала» дегендей, күйеуі де Н.-ға «анам көнген жағдайға сенің де көнуің қажет» дейтін әдет тауып, өзі де ішімдікке әуестене бастаған. Мұндай үйде қайдан береке болмақ?! Ата-ененің әлгі оспадарлығынан кейін шаңырақ шаттығы қалай орнайды?! Отбасындағы осы жағдай өзі жүкті, әрі бір жастағы сәбиі бар әйелді осы жерге әкелуге мәжбүрледі. Орталық басшысы Айбаршын Иманғалиева мұнда әйелдерге медициналық, психологиялық көмектер тәулік бойы көрсетілетінін айтты. 46-60-60 нөмірлі сенім телефоны да үздіксіз жұмыс істейді. Семинар-тренингтер өткізіліп, пана іздеп келген келіншектердің өмірге құлшынысын арттырудағы жұмыстар да аз емес.
– Қазір Н. есімді мақаттық әйелдің тұрмысын реттеуге көмек көрсетіп жатырмыз. Өзінің «Отбасы банкіне» жинаған жинағы бар. Сол арқылы ауданнан баспана алу жолдары қарастырылып жатыр. Өзгертілген заңдылық бойынша бұл жерді әйелдер уақытша жарты жыл паналай алады. Оларға үш мезгіл тамақ беріледі. Әр отбасының жатын бөлмелері бөлек. Жуынатын бөлмелер де бар. Жуырда демеушілердің көмегімен балаларға ойын бөлмесі ашылды. Психологиялық көмектен кейін өз-өзіне келген әйелдерді жұмысқа орналастыруға да ықпал етеміз, - дейді орталық басшысы.
Өйткені, мұндағы алты ай – өте ұзақ мерзім. Бұл оларда масылдық психологияны қалыптастыруы әбден мүмкін. Сондықтан, жұмыс жасауға мүмкіндігі бар әйелдердің балаларын тәрбиешілер күтіп, бағып, жағдай жасап отыр. Бір өкініштісі, өз баласынан зорлық көрген 70 жастағы кейуана да осы мекемені паналапты. Себебі, ішімдікке салынған ұлы анасын зейнетақысын бермегені үшін аямай сабаған. Туған баласынан осындай зұлымдық көремін деп ойламаған ана ақыры үйіне оралмай, Қарттар үйін паналауға мәжбүр болыпты.