RSS лента

947 мың қазақстандық жұмыспен қамтылмақ

  • 12.07.2023, 23:20,
  • 331
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты өңірлік жұмыспен қамту карталарын іске асыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 7 жыл ішінде 3,3 млн қазақстандықты, оның ішінде кемінде 2,3 млн жасты жұмыспен қамту туралы тапсырмасын іске асыру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Осы жұмыс шеңберінде отбасының цифрлық картасы көмегімен жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылуы тиіс мақсатты топ анықталды. Осыдан кейін жыл басында 947 мың азаматты жұмысқа орналастыруды көздейтін 20 өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді. Бүгінгі таңда 441 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, бұл жоспардың 47%-ын құрайды. Сондай-ақ олардың арасында жастардың үлесі шамамен 50%-ды құрап отыр.

 

Оның айтуынша, азаматтарды жұмыспен қамту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Мәселен, 11 ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан басқа, азаматтарды жұмыспен қамту электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарына жолдама беру арқылы қамтамасыз етіледі. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 124,5 мың адам осылай жұмысқа орналастырылды.

 

Мемлекет басшысының өңірлерде тұратын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 123,7 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда 151 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған.

 

Сонымен қатар мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарды жұмыспен қамту белсенді жүргізіліп келеді. 1 шілдедегі жағдай бойынша халықтың осал топтарына жататын 26 мың азамат алғашқы жұмыс орындарын тапты. Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған азаматтардың 59%-ы әйелдер, 36%-ы жастар.

 

Жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларының келесі бағыты – мемлекеттік гранттар беру. Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік осал топтарынан 5316 азамат мемлекеттік грантпен қамтамасыз етілді, оның 40%-ы жастар.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек министрлігі тағы бір жобаны – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жастарға жылына 2,5%-дық мөлшерлемемен шағын несие беруді жүзеге асырып келеді. Биыл республикалық бюджетте 5796 жас кәсіпкерді қолдауға 29 млрд теңге қарастырылған.

 

Өңірлерде халықты жұмыспен қамту шаралары туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндады.

 

Премьер-Министр жергілікті жұмыспен қамту органдары «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша субсидияланатын жұмыс орындары аясында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

 

    «Жұмыс берушіге адамдарды жұмысқа қабылдау тиімді болады, өйткені, ол үшін жергілікті бюджеттен субсидия алады», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

 

Оның айтуынша, жыл басынан бері жұмыс күші тапшы өңірлерге басқа өңірлерден 1300-ден астам отбасы көшірілген, бұл – жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар көшіп келушілердің жаңа жерде тұрақтап қалуға мүдделі болуы үшін олардың бейімделуіне көбірек көңіл бөлу қажет.

 

Премьер-Министр сондай-ақ 1 шілдеден бастап өңірлерде Еңбек ұтқырлығы орталықтары жұмыс істей бастағанын, бүкіл республика бойынша жұмыс орындарының бірыңғай базасы құрылып жатқанын еске салды.

 

    «Бұл азаматтардың тек қала немесе аудан шегінде ғана емес, сондай-ақ өз облысында немесе одан тысқары жерлердегі бос жұмыс орындарына жұмысқа тұруына мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

 

Сонымен қатар ісін дамыту үшін шағын несиелер мен гранттар беру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні 5 мыңнан астам грант және жастарға 1,5 мыңнан астам шағын несие берілді. Конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5%-бен жеңілдікті несие беріледі.

 

Бұдан басқа, тұрақты және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа тұру мүмкіндігі, қайта білім алу, бизнесті дамытуға мемлекеттік грант немесе шағын несиені қалай алуға болатыны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

 

    «Аталған шаралардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

 

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру, шағын несиелер беру барысында жастардың тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа тұруына баса назар аудару, сондай-ақ жалпы қабылданып жатқан шаралардың тұрақты мониторингін қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости