RSS лента

Сауатсыз журналист қайдан шығады?

  • 23.06.2023, 18:27,
  • 439
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Халықаралық Еуразия телевидение және радио академиясының академигі Мәншүк Мұқашева республикалық "Turan Тimes" сайтының тілшісіне сұхбат беріп, журналистика саласына қатысты ең өзекті сауалдарға жауап берді.

Еліміздің мұнайлы астанасында білікті журналистер  даярлау ісі қалай жүріп жатыр? Болашағын «жегені жантақ, арқалағаны алтын» осынау киелі мамандықпен байланыстырғысы келетін жастар көп пе? Бүгінде зор сұранысқа ие медимаман дайындаудың қыр-сыры неде? Журналистика, бұл өнер ме, әлде ғылым ба? Кітап пен газет оқымайтын жастардан ертең қандай тілші шығады?  

 

Міне, осы сауалдар төңірегінде біз кәсіби мереке – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «журналистика» кафедрасының меңгерушісі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2018», филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, әрі лауреаты, Халықаралық Еуразия телевидение және радио академиясының академигі Мәншүк Мұқашевамен әңгімелескен едік.

 

- Алдымен кәсіби мерекеңізбен және кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Биылғы оқу жылын кафедра қалай аяқтап жатыр?

 

- Әр оқу жылының аяғында біз тиісті органдардан бөлек, өз-өзімізге де есеп береміз. Бір жылда не істедік, қандай жұмыстар атқардық, қандай нәтижеге жеттік, соның бәрін сарапқа саламыз. Бұл оқу жылын жақсы нәтижелермен аяқтадық деп айта аламын. Биыл біздің кафедрадан 42 студент түлеп ұшты. Олардың алтауы оқуды үздік дипломмен тәмамдап отыр. Мұның өзі де біз үшін маңдай тердің ақталғаны деп білемін.

 

Бүгінде ақпарат саласындағы жаңалықтар журналистерден тез шешім қабылдауды, бәсекелестікке сай қызмет етуді талап етеді. Жас мамандардың аталған талап үдесінен шығуы мақсатында «Атырау-Ақпарат» ЖШС құрамына енетін екі облыстық, жеті аудандық газет редакцияларымен, облыстық телевидение ұжымымен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Кафедра тарихында тұңғыш рет болашақ репортерлерді оқыту үшін тәжірибелі мамандар мен қарымды қаламгерлер тартылды.

 

- Биылғы мерекені қандай жаңалықтармен қарсы алып жатырсыздар?

 

- Биыл қос бірдей республикалық конференция өткіздік. Біріншісі 14 сәуірде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына арналды. Онда көтерілген мәселелер ғылыми мақалалар жинағы болып жарық көрді. Ал, екіншісі 27 сәуірде «Жауыров оқулары» аясында «Қазіргі журналистика: жаңа мүмкіндіктер мен ізденістер» тақырыбында өтті. Екеуіне де республикамыздың түрлі жоғары оқу орындарынан студенттер мен оқытушылар қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Барлығына арнайы сертификат пен Алғыс хаттар табыс етілді.

 

- Журналист бесаспап маман болуы тиіс. Бұл жұмыс кафедрада қалай ұйымдастырылуда?

 

- Мен алғаш кафедра басшылығына келген кезде студенттердің кейбірі қарапайым хабарлама жазуға қиналатын. Сөйтсек, оқыған төрт жыл ішінде шәкірттер тек екі рет тәжірибеден өтеді екен. Тәжірибелі журналистермен мықты одақ құрған дұрыс. Өйткені, тек теориямен алысқа бармаймыз. Сондықтан, студенттердің газеттер мен телевидение редакцияларында практикадан көбірек өтуін жөн деп таптық.  

 

- Журналист заңгер емес. Осы орайда, ол құқығын қорғай білуге тиіс пе?

 

- Қазір кәсіби біліктілікпен қоса құқық саласында да сауатты болған өте дұрыс. Бізідң елімізде журналистердің құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестіктер құрылған. Мәселен, студенттерге және Атырау облысы журналистеріне сөз еркіндігін қорғаудың «Әділ сөз» халықаралық қорының жоғары санатты сарапшысы Ғалия Әженова өткізген шеберлік сыныбы өте қызықты болғаны кәміл.

 

- Жұмыс барысында шетелдік білім ордаларына барып, тәжірибе алмасып тұрасыз ба?

 

- Өзім ғылыми бағыттағы жиындар мен конференцияларға жиі қатысып отырамын. Қажет болса, алыс-жақын шет елдерге де баруға тура келеді. Себебі, онсыз болмайды. Өз қазанымызда өзіміз қайнай беретін болсақ, қалай өсеміз, қалай өркендейміз? Айналада не болып жатқанын көзбен көріп, қолмен ұстамай, білім мен білікті шыңдау мүмкін емес.

 

Мәселен, мен Алматы қаласында өтетін медиасауаттылық мәселелеріне қатысты тренинг-семинарлардан қалмауға тырысамын. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өткізетін Жазғы және Қысқы мектептеріне шақырту алып, өзге өңірлердегі әріптестермен пікір алмасамыз. Мұның бәрі бір орында тұралап қалмас үшін қажет. Оның қасында бір орында тұрған судың өзі де иістеніп кетеді ғой. Сондықтан адам баласы өмір бойы ізденіп жүруі керек деп ойлаймын.

 

Ал, ұстаздық жолды таңдаған жандар екі есе ізденуі қажет. Сонда ғана дамып-жетілуге болады. Әйтпесе, «толдым деген төгіледі, жеттім деген жығылады» деп халқымыз бекер айтпаған болар?! Әрі, жүрген жерімде шәкірттерімді де ұмыт қалдырмай, өзіммен бірге ертіп жүремін. Себебі, олар да ел мен жер көріп, қазірден тәжірибе жинай бергені жөн. Сондықтан ұстаздық пен ғылым жолында жүрген жастар да осылай шағаладай шарқ ұрып шығармашылығын шыңдаса, шартарапты шарлап оқу-білім іздесе екен деймін.

 

- Айтпақшы, жақында  көршілес Ресейдің Астрахан қаласына да іссапармен барып келген екенсіз...

 

- Иә, журналистерді халықаралық дәрежеде дайындайтын оқулық тапшы. Заманауи әдіс-тәсілмен қаруланған методика жоқтың қасы. Осы сияқты медиа саласында қордаланған проблемалар Ресейдің Астрахан облысында өткен Каспий мемлекеттерінің форумында көтерілді. БАҚ көшбасшылары бас қосқан жиында цифрлы журналистиканың ақсап жатқаны да айтылды. Жасанды интелект бағытына да сілкініс керек. Ғалымдар сарапшылар пулын құруды ұсынып отыр. Олар, білім жүйесін зерттеп, қайта түлетуге күш салады. Бұл бастаманы жауаптылар негізге алып, жастарға академиялық ұтқырлықпен шеберліктен өтуге мүмкіндік жасамақ. Бұл ретте, менің ойымша, студенттер баяғы сарғайған қағазға жазып алған лекцияларды тыңдамай, іс жүзінде өндірісте – редакцияларда жүріп, тәжірибелі журналистермен байланыста болып, өздерінің алған білімдерін шыңдауы қажет деп ойлаймын.

 

- Жергілікті жерде медиамаман даярлау ісі қалай жүріп жатыр?  

 

- Біздің оқу орнындағы «журналистика» кафедрасы еліміздің батыс өңірінде журналист маман дайындайтын жалғыз орын болып табылады. Сол  себепті, мұнда Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлерінен келіп білім алып жатқан шәкірттеріміз де бар.

 

- Тілші болғысы келетін жастар жылда көп пе, аз ба?

 

- Бұл мамандықты таңдаушы талапкерлер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қазірдің өзінде біздің кафедра бойынша 200-ден астам студент білім алып, шығармашылықтарын шыңдауда. Оның арасында бес «алтын белгі» иегері бар. Сондай-ақ, облыстық және республикалық ғылыми жобалардың жеңімпаздары да жетерлік.

 

- Өзіңіздің жеке шығармашылығыңызда нендей жаңалық?

 

- Жоғары оқу орнында тек дәріс берумен, яғни, оқытушылық қызметпен ғана шектеліп қалуға болмайды. Мен де өзімнің ғалым екенімді ұмытпай, үнемі ізденіс үстінде жүремін. Жыл бойы өтетін ғылыми-практикалық және методикалық конференциялар мен форумдарға қатысып, баяндама жасауға, ғылыми мақалалар жариялауға тырысамын. Республикалық басылымдардан бөлек, Ресей, Түркия, Украина, Голландия, Германия және басқа да мемлекеттерде жарыққа шығатын газет-журналдар мен ғылыми еңбектерге мақалаларым басылды.

 

- Сізді жыл сайын бірнеше кітап жазатын еңбекқор ғалым ретінде білеміз. Биыл да қолыңыздан қалам түспеген болар?

 

- Айтуыңыз дұрыс, бұл жағынан да биылғы жыл жемісті болды дей аламын. Өйткені, қос бірдей еңбегім жарық көрді. Атап айтсам, бірі – «Әйел теңдігі» хрестоматиясы, екіншісі – «Военная журналистика» атты оқу құралын дайындап шығардым.

 

«Әйел теңдігі» журналы – қазақ журналистикасы тарихындағы алғашқы салалық басылым. Бұл – халықтың қоғамдық-саяси көзқарастары мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты танытқан ХХ ғасыр куәгері. Журналда журналистика жанрлары жан-жақты қамтылған. Мақалалар педагогикалық, сатиралық және ғылыми бағытта топтастырылған. Оның 1926-1927 жылдары Қызылорда қаласында жарық көрген сандары Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінен алынды. Ондағы араб қарпімен жарияланған материалдар сол қалпында кириллицаға аударылды. Сол кездегі Алаш қайраткерлерінің ой-пікірлері бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Атап айтқанда, бұлар – әйелдердің қоғамдағы орны, зорлық-зомбылықпен күрес, ұрпақ тәрбиесіндегі кемшіліктерді жою, ана мен бала өлімін азайту, жетімдер жайы, надандық пен қараңғылықтан, ескі әдеттер мен пайдасыз ғұрыптардан арылу және басқа да мәселелер.

 

Аталған журналда қазақтан шыққан алғашқы әйел дәрігер Аққағаз Досжанова (1893-1931), қазақтың тұңғыш журналист қызы Нәзипа Құлжанова (1887-1934), кеңестік баспасөз тарихындағы тұңғыш әйел редактор, «Әйел теңдігінің» бас редакторы Сара Есова (1903-1984), жүзге тарта мақала жазған қазақ публицисі Нағима Арықова (1902-1956), шығыс әйелдері арасынан тұңғыш болып халықаралық саясат аренасына шыққан Алма Оразбаева (1898-1948), ақын, журналист Шолпан Иманбаева (1904-1926), Ләзиза Серғазина (1908-1982) және басқалардың да қолтаңбалары қалған. Бұлардан бөлек, Ерғали Алдоңғаров, Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасовтардың да мақалалары бар. Оның сыртында бүркеншік атпен жазған авторлар да жетерлік.

 

Жалпы, саланың көкейкесті мәселелері туралы жазылатын нәрсе өте көп. Ал, жетістіктерге келетін болсақ, «адамды адам еткен – еңбек» деген Фридрих Энгельстің сөзі әлі де маңызын жойған емес. Атақ та, даңқ та маңдай термен келетіні даусыз.

 

- Кейде қоғам арасында «журналистиканы оқытудың қажеті жоқ, бұл – адам бойына бітетін тума талант, табиғи құбылыс» деген пікірлер де айтылып жатады. Бұған қатысты не айтасыз?

 

- Жұртшылық арасында базалық білімнің керегі жоқ деген пікір қалыптасқан. Алайда, білім адамға көптік етпейді. Соның ішіне, бүгінгідей әлеуметтік желілерде неше түрлі ақпарат ағыны таралып жатқан кезде бізге ақ пен қараны ажырата алатын сауатты, білімді мамандар керек-ақ. Қазақстан Журналистер Академиясының президенті Сағынбай Қозыбаевтың пікірінше, «журналистикада бір пайыз ғана талант, қалғаны еңбекпен, ізденіспен, біліммен» келеді. Сондықтан, кәсіби білім талантты адамды барлық қырынан жарқырата көрсетері анық. 

 

- Ал, газетті гаджет алмастыра ала ма, қалай ойлайсыз?

 

- Иә, қазір басылымдардың кейбірі онлайнға көшіп, сандық форматта жарық көруде. Мұндай үрдіс әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, Еуропа елдерінде газет-журналдар көп таралыммен басылып шығады. Сондықтан, тасқа басылған басылымды оқитын оқырмандар тұрғанда, газет пен журналдар әлі де ұзақ жылдар бойы сұраныста болады деп топшылаймын.

 

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!


Мәншүк ТЫНЫШҚАЛИҚЫЗЫ биыл...

 

*Білім беру мен ғылымға қосқан үлесі үшін «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысының «Тәуелсіздік Мемлекеттер Достастығының үздік ғылыми қызметкері» медалімен марапатталған.

 

*Медиатренинг өткізу барысындағы белсенділігі үшін «Internews Network» халықаралық ұйымының Орта Азиядағы өкілдігінен Алғыс хат иеленген.

 

*Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің ЖОО оқытушылары мен PR мамандарына арналған 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсын тәмамдаған.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости