Жазушылар одағында 018 жылдан одақты басқарған Ұлықбек Есдәулет қызметінен кетті. Бүгін Алматыда өткен Қазақстан жазушылары одағының кезекті құрылтайында ақын Мереке Құлкенов төраға болып сайланды.
Мереке Әбдешұлы Құлкенов - қаламгер-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты.
1951 жылы 8 қарашада Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында туған. 1978 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
1971-1973 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің газет-журнал баспасы баспаханасында баспагердің көмекшісі болды. Университетті бітірген соң бұқаралық ақпарат құралдарында "Қазақстан пионері" газеті, Қазақстан телеарнасы, "Пионер" журналы, "Қазақ әдебиеті" газетінде тілші болған. 1993-1997 жылдар аралығында "Жалын" республикалық қоғамдық-әдеби журналының бас редакторы, 1997 жылдан бері "Ана тілі" республикалық газетінің, 2000 жылдан осы уақытқа дейін "Таң-Шолпан" әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы, 1991 жылдан қазіргі күнге дейін "Өлке" баспасының бас директоры болып еңбек етіп келеді.
"Құрмет" орденімен, ұлттық журналистік сыйлық "Алтын жұлдыз" т.б. бірнеше медальдармен марапатталды. Өзі басшылық етіп отырған "Ана тілі" газеті "республикалық үздік газет" атағына ие болды.