RSS лента

"3 млн-ның орнына 200 мың теңге төледім..."

  • 01.02.2023, 04:33,
  • 382
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Мемлекеттің ұсынған жеңілдігін пайдаланып, тезірек көліктерін заңдастырып алуға асыққан тұрғындар көп, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

«АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛҒАН» КҮНІ БІЗ ДЕ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНА ЖЕЛМЕН ЖАРЫСА ЖЕТУГЕ АСЫҚТЫҚ. ШЫНЫ КЕРЕК, «ШЕТЕЛДІК «ТЕМІР ТҰЛПАР» ТІЗГІНДЕГЕНДЕР МЕМЛЕКЕТТІК НОМЕР АЛУ ҮШІН БІРІН-БІРІ БАСА, ЖАПАТАРМАҒАЙ ЖАНТАЛАСЫП, ОРТАЛЫҚ ІШІ НӨПІР ХАЛЫҚҚА ТОЛЫ БОЛАР» ДЕГЕН КӨЗ АЛДЫМЫЗДАҒЫ КАРТИНА ДАЛБАСА БОЛЫП ШЫҚТЫ. РАС, ЖІЛІКТІҢ МАЙЛЫ БАСЫНАН ДӘМЕЛІ ХАЛЫҚ ҚАРАСЫ КӨП. БАЙҚАСАҚ, АТАЛҒАН ОРТАЛЫҚ БҮГІНГІДЕЙ НАУҚАНҒА АЛДЫН АЛА САҚАДАЙ САЙ ДАЙЫНДАЛҒАН. КӨРІП, ТАҢЫРҚАП ҚАЛДЫҚ.

 

ОРТАЛЫҚТАҒЫ ҮЙЛЕСІМДІ ЖҰМЫС

 

Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Мұса Хайруллиевтің айтуынша, мұнда отыздың үстінде маман қызмет етіп отыр. Халыққа қызмет көрсету орталығында барлық жағдай жасалған. Ғимарат жанындағы ангарды да беріп, криминалистердің автокөліктің «тазалығын» тексеруіне мүмкіндік жасалыпты.

 

– Осыдан бір жыл бұрын Армения көліктеріне сары номер берген кезде де халық қарасы көп болды. Сол мезгілде ың-шыңсыз қызмет көрсеткен едік. Бұл жолы да мемлекеттің ұсынған бірреттік жеңілдігін пайдаланып, жерлестеріміздің тезірек көліктерін заңдастыруына, оларға кедергі болмауға мүдделіміз. Жоғары қабатты түнде ғана компьютер, жиһазбен толықтырып, дайындап қойдық. Ол жердегі 35 орында азаматтар өз-өздеріне қызмет көрсетсе, төменгі бөлікте 30 қызметкер консультациялық кеңес беріп, құжаттарын рəсімдеуде. Аудандардан қосымша мамандар да алдырып үлгердік. Жалпы, 60 шақты маман науқанға сақадай сай. Карантиннен кейін өзбек азаматтары келген кез[1]де, мобилизациядан қашқан Ресей Федерациясының тұрғындары біздің орталық арқылы жеке сəйкестендіру номерлерін алған шақтарда да күніне бірнеше мың адамға қызмет көрсетілді. Сондықтан, мұндай науқандармен алғаш кездесіп отырған жоқпыз, - деген Мұса Қарашаұлы жұмыс орнынан түстеніп, түнгі 23-ке дейін көппен бірге жүргенін əзілдеп жеткізді.

 

Халыққа сапалы қызмет көрсетуді басты орынға қойған басшының бірреттік науқаннан əр қазақстандық тыс қалмай, үлгеріп қалса деген ниетін байқадық. Директор мырзадан «құжаттардың бəрі бірдей кедергісіз өтіп жатыр ма?» деп те сұрап үлгергенбіз. Оның пікірінше, тиісті талапқа сай келмейтіндер аз емес. Соның бастысы тіркеуден шығарылмаған автокөліктер. Оның иелерінің сол кедергілерді жою үшін бірінші шілдеге дейін уақыттары бар. Содан қайтадан келіп осы жерге құжаттарын тапсыруларына болады. Иə, Қазақстанның жолдарында заңдастырылған көліктер көбейеді деп сеніп жүрміз. Яғни, шетелдік номерлер біртіндеп шешіле бастайды. Мұнда келушілердің барлығы жат жұрттық тұлпарларын тіркеп, ақ номер тағуға асық. Орталық ішін айналып жүріп, 2-3 сағаттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз. Мемлекеттің ұсынған жеңілдігін пайдаланып, тезірек көліктерін заңдастырып алуға асыққан тұрғындар көп. Алдымен көлік иесі «Электрондық үкімет» порталы немесе ХҚКО арқылы өтініш беріп, көлігін іздестіру базалары бойынша тексертеді. Одан кейін көлікті заңдастыруға қажетті құжаттар қабылданады. Сондай-ақ, көлікті заңдастыру үшін алғашқы тіркеу, техникалық паспорт үшін баж салығын жəне мемлекеттік номер алу үшін тиісті алымдарды төлеу міндеттеледі. Барлығының құны 215 мың теңгеден аспайды.

 

– Шамамен жарты сағат, бір сағат ішінде шағым қаралады. Одан кейін азаматқа «Заңдастыруға болады, автокөлікті салыстыруға əкелсін» деген sms хабарлама келеді. Яғни, салыстыру деп кузовтың номерін қарайды. Барлығы сəйкес келген жағдайда ғана арнайы төлемдерді төлейді, - дейді сол маңда тұрғындардың еш кедергісіз қызмет алуларын бақылап жүрген Атырау облысы ПД Əкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталық бастығы, полиция майоры Жеңіс Дəулетов.

 

Ал, смс хабарлама мақұлданбаған жағдайда көлік иелері ішкі істер органдарына жүгіне алады.

 

«ЗАҢДАСТЫРУ БОЛМАСА, КӨП АҚША ТӨЛЕР ЕДІМ»

 

Бұл күн Вячеслав Попов үшін сəтті күн болған сыңайлы. Айы оңынан туған ол бас-аяғы жарты күннің ішінде ресейлік «мерседесін» отандас көліктер тізіміне қосып, заңдастырып алды. Тұңғыш болып жатжұрттық көлігін тіркеген оның қуанышында шек жоқ.

 

– «Қазақ номерді 200 мың теңгеге алғаныма қуанып тұрмын. Осындай жағдай жасап, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түрген мемлекет басшылығына алғысымызды айтамыз. Əйтпесе, көлікті тіркеу үшін утиль алым, бастапқы төлем, тағы басқасын төлеуіміз қажет болатын. Техниканың бағасы да 3 млн. теңгеге шығып кететін еді. Тек, криминалистер тексерген кезде ғана кідіріс болды. Бұл да түсінікті, өзге елге тиесілі дүниені заңдастыру үлкен жауапкершілікті талап етеді, - деп бізбен əсерімен бөлісті.

 

«Расымен, мұндай «иесіз» шетелдік көліктердің жергілікті электрондық базаға тіркелмеуі – елімізде жол-көлік оқиғасы, қылмыстық фактілер анықталған жағдайда шұғыл іздестіруге ішкі істер органдарының жұмысына кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті» дейді бізбен ойын бөліскен блогер Лунара Мақсотова. Иə, сол себепті де мемлекет басшысы шетелдік автокөліктерді заңдастыруды тапсырды. Тіпті, рулі оң жақта орналасқан «темір тұлпарларды» да заңдастыруға мүмкіндік жасалды емес пе? Орталықтан репортаж жасап жүріп, рулі ыңғайсыздау көлікті тізгіндегендермен де тілдесіп үлгердік. Байқауымызша, мұндай көліктердің саны жыл сайын артып келе жатқан секілді. Əлбетте, оған деген сұраныстың артуына оның арзандау бағасы əсер еткені белгілі. Дегенмен, Жапонияда шығатын мұндай көліктерге жүргізушілердің көзқарасы сан түрлі екен. Біреулерге ұнап жатса, енді бірі «мұндай көліктер елімізде жүрмеуі тиіс» деген пікірде.

 

– Негізі, бұл көліктердің басты артықшылығы – шығынының аздығы. Оның үстіне, рулі сол жақтағы көліктер сияқты бұлар да климаттық бақылау, автоматты қорап, құлыпқа қарсы жүйе, артқы камера секілді барлық қажетті, заманауи құралдармен жабдықталған. Мен сияқты көп балалы анаға өте ыңғайлы, кең, балалар бір-бірімен алысып-жұлысып отырады, бастысы көлік жүргізіп келе жатқанда мені мазаламаса болғаны. Ал, рулі басында ыңғайсыздық тудырғаны рас. Дегенмен, жүре-бара оған үйреніп те кеттім. Басқа көліктерге қарағанда «мұндайлардың» бағасы арзандау келеді, - дейді Ардақ Маратова есімді қала тұрғыны.

 

Мұндай машиналардың көпшілігі жанармайды аз тұтынады екен. Теңіз климатына байланысты жапондық көлік өндірушілер коррозиядан қорғауға көп көңіл бөлетін көрінеді. Міне, осындай себептерден соң халық шетелдік «шыттай» көлік тізгіндеп, аз-мұз ақшаларына бір көлікті қолма-қол еншілегісі келеді.

 

ТАЯҚТЫҢ ЕКІ ҰШЫ БАР

 

Көлік іздеп қазақтың ш етел асуы еріккендік емес. Қымбатшылық жағадан алып, жаныңды қысқан кезде оң не, солы не деп «көрпесіне қарай көсілгені» де. Дегенмен, олардың барлық артықшылығын аяқасты ететін басты кемшілігі бар. Біздің жолдарымызда оларды қолдану қолайсыз көрінеді. Яғни, елімізде рулі оң жақтағы көліктер үшін жол қарастырылмаған. Əсіресе, күре жолдардағы жүк көліктерін басып озу кезінде жолдың екінші жолағы толық көрінбей, қиындық тудырады екен. Сол себепті, əрдайым ара қашықтықты алшақ ұстап отыруға, екінші жолақтағы жол қозғалысын көру үшін мойынды барынша алға созуға немесе алдыңыздағы көлікті «көз» қылып, ілесіп отыруға тура келеді. Десе де, мемлекет басшысы халықпен санаса келе оң жақ рулді көліктерді «өзіміздікі» етіп алуға бұл жолы мүмкіндік берді. Десе де... таяқтың екі ұшы бар. «Бұл күнге де жеттік-ау» деп жүрген көпшіліктің көңілі күпті. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, көбінде сатып алу-сату келісімшарты жоқ. Оның үстіне, өзге елден есептен шыққаны жөніндегі анықтаманы да алу мұң болып тұрған көрінеді. Бірінен бірі сатып алып, енді өмірі табаны тимеген Армениядан оның иесін табу қисынға келмейді.

 

– Науқан басталған бірінші күні келіп, сұрастырғанымда сары номерін тапсырып, бұрынғы ақ номерді алып, Армениядан есептен шығару қажеттігін айтты. Бірақ, бұл тұлпарым ол жақта да есепте жоқ қой. Өткен жылы сары номерін алып алдық. Ал, мына жағдайды түсінбей отырмын. Бүгін тағы анық-қанығын білуге келдім, - дейді көңіл-қошы болмай, абдырап тұрған Медет Өмірзақұлы. «Əліптің артын бағамын» деген Мейрамбек Наурызбаев та Армения еліне баруға бетінен басады.

 

ХАЛЫҚТЫ САБЫЛТЫП ҚОЯ МА?

 

Көлікке қатысты келеңсіздіктер «халықты сабылтып қоя ма?» деген күдік бар. Ал, бүгінде шекесінен шертіп жүріп «шетелдікті» тізгіндегендердің шақшадай басы шарадай болып жүр. Енді, құжат жасақтау да оңайға соқпайтын секілді. Шетелдік автомобильді тіркемеген жағдайда заңға сəйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Еліміздегі шетелдік көліктердің дені сақтандыру полисі негізінде қолданылып жүр. Егер автомобильді белгіленген уақытта заңдастырмаған жағдайда сақтандыру полисі тоқтатылып, көлік айыптұраққа қойылады. Білуімізше, бүгінде ел аумағында сақтандыру полисі арқылы жүрген 300 мыңнан астам шетелдік автомобиль бар. Айтпақшы, біз мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барған күні азаматтар криминалистерден өту ұзақ уақытты алатынын айтып, реніштерін білдіріп жатты. Бақсақ, расында көліктің қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін бір ғана криминалист маман отыр екен. Өзін Манарбек Қабдолов деп таныстырған полиция қызметкерінің айтуынша, екі күн ішінде 54 адамның көлігін тексеріп, оның екеуі өтпеген. Қалған 52-сі криминалистердің «сынынан» сүрінбепті. Қара халықтың қамы үшін жасалған бірреттік акция болғанымен, оның игілігін көріп, көңілі шаттанған ағайындарды байқамадық. Заңдастырудан үміттілердің үміті ақтала ма? Ақ адал ақысына алған «тұлпарының» құжатын шетелден жасап əкелетіндей, кімнің қалтасы қампайып жүр дейсің... сақтандыруға сеніп, сан соғып қалмаса игі... Ол ол ма, «растоможкадан» қашып, конструктор ретінде көлік əкелгендер ертең сорлап қалмай ма? Мұндай көліктер заңдастыруға жатпайды екен.

 

 

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости