2013 ЖЫЛЫ АШЫЛҒАН ХИМИЯ-БИОЛОГИЯ БАҒЫТЫНДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ БҮГІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚҰТТЫ ОРДАСЫНА АЙНАЛЫП ҮЛГЕРГЕН.
АТА-АНАСЫ ТАҢДАҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ
Іріктеу сынағына VII сыныптан бастап қабылданатын оқушылардың жыл сайын осы мектепте білім алуға ынтасы артып отыр. Мұнда бір орынға бірнеше оқушыдан өтініш түседі екен. Осылайша, Назарбаев зияткерлік мектебі облыстағы өзге мектептерді озық деңгейге жетелейтін, білім берудің басты ордасына айналған. Əсіресе, осы өлкеде ірі өндіріс орындары орналасқандықтан, мектептің химия-биология бағытындағы берер ілім-ғибраты көп. Жақында осы мектептің XII сынып оқушылары əлемнің беделді университеттерінде білім алу үшін білім гранттарын жеңіп алғандығы туралы ақпараттар тарады. Айтулы мектептің жас түлектері Еуропа, Америка елдерінен шақырту алған. Солардың бірі – Аман Бекмұратов. Ол бір мезгілде əлемнің бес университетінен оқуға шақырту алды. Атыраулық жас дарынды əлемге əйгілі Майами университеті (Miami University, АҚШ), Мариан университеті (Marian University, АҚШ), Колорадо штатының университеті (Colorado State University, АҚШ), Якобс Бремен университеті (Jacobs University Bremen, Германия), Ла Сапиенца университеті (La Sapienza University, Италия) оқуға қабылдауға дайын. Айта кету керек, аталған оқу орындарының ішінде тек италиялық университет қана толық грантқа шақырту жіберген, басқалары ішінара грант ұсынып отыр.
– Бұған дейін Вокзал маңындағы №24 мектепте оқыдым. Назарбаев зияткерлік мектебінен 5 жыл бойы алған біліміме көңілім толады. Сондықтан, өзім құралпы жастар мен кейінгі іні-қарындастарымды əрқашан дамуға жəне үйренуден жалықпауға шақырамын, – дейді Аман Амангелдіұлы.
Ақжолтай жаңалықтың ізін ала біз де арнайы құттықтап, үкілі үміт арқалаған жас түлекке хабарласқанымызда, бұл бесеуінен басқа, тағы да бес университеттен хабар күтіп отырғанын айтты. Бос уақытында қатарластары секілді футбол ойнап, спортпен шұғылданғанды жақсы көретін Аман поэзия оқығанды да жаны сүйеді екен. Футболдан мектептің атынан облыстық жарыстан жеңімпаз атанып, республикалық жарыста өнер көрсетіп келген.
– Басында Назарбаев зияткерлік мектебі туралы хабарым болмады. Бұл мектепте оқу ең алғаш ата-анамның таңдауы еді. Мектепке де солар əкелді. Ерекше оқу орны екенін сездім. Кейін мектепті танып, көріп жəне терең сезінгеннен кейін оқу орны маған да ұнады, – деп Аман ағынан жарылды.
Жас түлек болашақта химиялық инженерия саласының маманы болуды армандайтынын жасырған жоқ.
МЕКТЕПТЕ ЖҮРІП ТӘЛІМГЕР БОЛДЫ
– Мектепте химия мен физика пəндерін сүйіп оқыдым, – дейді болашақ инженер. – Осы мамандықты таңдау энергияны, материалдарды, пайдалы қазбаларды өндіруге деген қызығушылығымнан пайда болды. Болашақта бұл мамандыққа сұраныстың артатынына ешқандай күмəн жоқ, себебі мұнай-газ секілді пайдалы қазбалардың қоры таусылатыны белгілі, сондықтан оларды қайта өңдейтін, тиімді пайдаланатын мамандар қажет болады.
Өндірдей жастың мұндай өрелі ойына аздап таңырқауымыз да болды. Сосын ойымызды сабақтадық. Аман Амангелдіұлының айтуынша, университеттерге тапсыру туралы былтырғы қыркүйек айынан бастап жоспарлаған. Өзінің мамандығына сəйкес келетін университеттердің тізімін жасап, олардың бағасын, рейтингін, тіпті факультеттің рейтингін зерттеп, тапсырады. Қызық болғанда, əдетте оқуға тапсырғаннан кейін 7 жұмыс күнінен соң шығатын нəтиже, ай жарым уақыттан соң белгілі болған.
– Алдымен Колорадо штатындағы университеттен келген жағымды жаңалықтың қатарын Майами университеті жалғады. Менің ғана емес, мектебіміздегі грантқа ие болған жолдастарым Нұрсұлтан Жаңабай мен Мəдина Даярдиеваның да жетістігін əлеуметтік желілерге жарыса жазып, даңқымызды асырып жатқанына қуаныштымын, – деп алғысын жеткізді жас түлек.
Ол былтыр Атырау қаласындағы «Шаңырақ» балалар үйінің тəрбиеленушілеріне басқа да оқушылармен бірге тəлімгер болғанын айтады.
– Былтыр жылдың басында «Тəлімгер» жобасы Назарбаев зияткерлік мектебі мен «Шаңырақ» балалар үйінің арасында жасалып еді. Пандемиялық жағдайларға байланысты, жоба онлайн форматта «ZOOM» платформасында өтті. Жоба құрылымы бойынша, тəлімгерлер топқа бөліндік. Əр топтың мақсаты мен оларға қойылған талаптар реті əртүрлі болды. Біздің «Логика» тобындағы клубтың басты мақсаты – оқушылардың математикалық жəне логикалық дағдыларын практика арқылы дамытып, балаларды əртүрлі логикалық формулалармен таныстырып, бірнеше есептер шығардық. Өз білімімізді бөлісу арқылы, білетін ақпараттарды жетілдіріп, білмеген тұстарымызды шыңдай білдік. Сол жоба арқылы өзімізді үйретуші сезініп, əр сабақтың қызықты əрі ұмытылмастай өтуіне бар күшімізді салдық, – дейді ол.
ТАҢДАУ ТАЛАСҚА ТҮСІП ТҰР
Қазір мектеп бітіру салтанатына дайындалып жатқан Аман – ата-ананың тұңғышы, артынан ерген екі қарындасы мен інісі бар. Балалардың тілеуін тілеп отырған анасы Гүлсім Ерғалиева – үй шаруасында, əкесі Амангелді Хайруллин жеке кəсіппен айналысады. Мектепті үздік бітіріп жатқан жерлесіміз, əлі де болса шетелдік университеттерге нақты таңдау жасамағанын айтады.
– Біздің мектепте басқа мектептермен салыстырғанда технология дамыған. Мұнда тек теория ғана емес, іс-тəжірибе түрінде де оқытылады. XI-XII сыныпта дəрістер тек ағылшын тілінде өтеді. Шетелден келген ұстаздар да зейінімізді ашуға көмектеседі. Сынып тəлімгерлері де біздерге көмектесіп, əркез қолдау танытып отырады, – дейді болашақ студент.
Ел болашағы – білімді, озық ойлы жастар. Ал, Аман секілді талапты жастардың армандары аласармай, үлкен өмірге басқан сапары сəтті болуына біз де тілекшіміз.