Калифорниялық фотошебер өзінің фото әлеміне жасаған алғашқы қадамдары туралы баяндап, үздік жұмыстарын көрсету арқылы фото түсіру ерекшелігімен таныстырды.
Photocamp жазғы элективтік курсына еліміздің барлық аймақтарындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен 60-қа жуық 8-10 сынып оқушылары қатысуда. Олардың арасында Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен екі оқушы қатысуда. Дамир Алтайұлы мен Томирис Көшекенова фотоөнердің тарихы, алғашқы фотоқұралдар, фото жанрлары мен фотосуреттердің композициялық құрлымы туралы мағлұматтар алды.
—Бастапқыда мен политология және неміс әдебиеті мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ кейін фото әлемі мені ерекше қызықтырып, осы іспен кәсіби тұрғыда айналысуыма түрткі болды. Жақсы әрі әдемі фотосуреттер адамның жүрегіне жетіп, әсерлі эмоция қалдырады. Мен суреттер арқылы көріністен алған өзімнің әсерімді және өзгелердің эмоциясын жеткізіп отыруды мақсат етемін», — деді Герд Людвиг.
Курстың практикалық бөлігі Тұңғыш Президент атындағы саябақта,Ә.Қастеев, Д.Қонаев атындағы мұражайларда жалғасын тапты.
— Фотосуретші түсіру барысында эксперимент жасай білуге үйретті. Әрбір фотода белгілі тарихтың сипатталуы өте маңызды. Бір ғана сурет мыңдаған адамның тағдырына, санасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан фотоөнеркәсібі ешқашан өзектілігін жоймайды, — дейді атыраулық оқушы Томирис Көшекенова.