«Бюджетті нақтылау аясында күш құрылымдарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыруға қосымша 441 млрд теңге қарастырылған. Атап айтқанда, қаңтар оқиғаларының салдарын жоюға және өтемақы төлеуге жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге қаражат бағытталатын болады. Бұл шығындар зардап шеккен техниканы, ғимараттарды жөндеуге және қалпына келтіруге бағытталады. Қазіргі уақытта қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қажетті жәрдемақы мен өтемақы төленді. Бұдан басқа, материалдық және тұрғын үй көмегін өңірлер көрсетеді.
Күш құрылымдары өкілдерінің саны мен айлығын көбейтуге 92 млрд теңге бөлінбек. Барлық әлеуетті органдардың арнайы бөлімшелерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері үшін еңбекақы орта есеппен 20-дан 40%-ға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, ІІМ, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің арнайы көлік құралдарымен жабдықталған арнайы бөлімшелерінің санын арттыру жоспарланған. Материалдық-техникалық базаны толықтыруға 91 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде әскери-көлік авиациясы паркіне 15,5 млрд теңге бөлінді. Қабылданған шаралар қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, дағдарыс жағдайларына жедел ден қоюға және тұтастай алғанда күштік органдардың беделін арттыруға ықпал етеді», - деді еліміздің Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева.