Ең алдымен, Абылай хан даңғылы мен Дина көшелерінің қиылысында күйшінің ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде қазақтың күй өнерін дамытуда Д.Нұрпейісованың еңбегі орасан зор екенін атаса, дарынды домбырашы Айгүл Үлкенбаева күй әлемінде Дина мектебінің алатын жоғары ролі, тарту шеберлігі туралы айта келіп, ескерткіштің ашылуы өнер иесіне жасалған айрықша құрмет деп толқи сөйледі.
Осы істің басы-қасында жүрген, Динаның шөбересі, республикалық «Күй анасы» қорының директоры Төлеген Қуанышев:
«Бүгін – тарихи сəт! Дина Нұрпейісованың ескерткіші жəне оның төңірегі жасыл-желекке толып, халық демалатын рухани-мəдени орталыққа айналатын болады. Күй – аманат арқалаушы. Қасиетті домбыраны сөйлете білген күйші жақсы хабарды да, жаманат хабарды да естірте біледі. Сондықтан күйдің бойында қаныңды қыздыратын қиқу да, мысыңды басатын сес те, мықтылығыңды сезіндіретін айбар да болатыны анық. Осы құдіреттің бəрі Дина анамыздың күйлерінде бар», - деді.
Ол күйшінің ұрпақтары атынан бұл жобаны іске асырған Қазақстан Президентіне, Мəдениет жəне спорт министрлігіне, Нұр-Сұлтан қаласының əкімдігіне, қолдау көрсеткен Атырау облысының жұртшылығына, мүсінші Жалын Бауырханға ризашылығын білдірді. Шаралар легі «Достық» үйінде жалғасып, «Күй анасы – ДИНА» атты энциклопедиялық жинақтың таныстырылымы өтті. «Арыс» баспасынан жарық көрген көлемді еңбек үш бөлімнен тұрады. Онда күйшінің өмір жолы, зерттеуші ғалымдардың, танымал тұлғалардың естеліктері топтастырылған. Жинақтың ішінде екі CD дискі бар. Онда Дина Нұрпейісованың тартқан күйлері жинақталған.
Сондай-ақ күйлерінің ноталары да енген. Кітаптың таныстырылымын жүргізген филология ғылымдарының докторы, академик Уəлихан Қалижанұлы өз сөзінде жаңа жинақтың Дина өмірін зерттеушілер үшін баға жетпес құндылығын атап өтсе, танымал қаламгер, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин:
«Динаға ескерткіш орнату, күйлерін насихаттау, мынадай энциклопедиялық жинақты шығару – өнер адамына деген құрмет əрі тəуелсіздігіміздің жемісі. Мына кітапты шығарған адамдардың көп еңбек сіңіргені, б і л і м д а р л ы қ п е н ж ұ м ы с атқарғаны көрініп тұр»,- деді.
«Дина – ауыл қыздарынан шыққан тұңғыш дəулескер, күйші-композитор. Ол – тек қазаққа ғана емес, дүйім түркі əлеміне жəне бүкіл адамзатқа өшпес те қайталанбас күй өнерімен танылған алып тұлға. Оның рухани мұрасы жалғасын таба беруіне бəріміз де атсалыса берейік»,- деді ғалым Орақ Əлиев.
Қоғам қайраткерлері Серік Əбдірахманов пен Ирак Елекеевтер домбыра қазақтың жаны екені, құдіретті күй өнері де, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, халқына өшпес мұра қалдырған Дина Нұрпейісованың есімі де мəңгі жасай беретіні туралы ойларымен бөлісті. Ғалым-академик Кəрімбек Құрманəлиев Дина өміріне қатысты өзі білетін жайттарды жазып беруге дайын екенін жеткізіп, домбырашы, ұстаз Орынбай Дүйсен күй анасының «Жеңіс», танымал домбырашы Тұрар Əліпбаев «Мереке» күйлерін орындады.
Ақын Айбатыр Сейтақ Динаға арнаған өлеңін оқып, өз ойын:
«Жас ұрпақ бар өсіп-өніп жетілер, Дина күйін асқақтатса еркін ел: Дəуірлердің шанағында күмбірлеп, Ғасырлардың пернесінде шертілер!»,- деп түйіндеді.
Қоғам қайраткері Мəди Артығалиев:
«Мен Динаның кіндік қаны тамған жерге бес рет барған адаммын. Зерттеймін деген адамдарды ертіп бардым. Негізі Динаның туған жері Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Бекетай құмында жатыр. Атырау облысының шекарасына бір шақырым жетпейді. Ал одан жиырма шақырымдай жерде басталатын Жиделі құмында 1818 жылы Құрманғазы Сағырбайұлы дүниеге келген. 1860 жылға дейін сол жерде тұрып, кейін «Көктерек» ауылына көшкен. Талай түрмені көріп, заманның дауылды жылдарын бастан кешкен. Ал Дина да қиын-қыстау кезеңде Астрахан облысының Володар ауданына көшіп барғаны, сол жерден Алматыға аттанғаны белгілі»,- деді.
Жиналғандар аса дарынды өнер иесі қазақтың күй құрылысын өзінше дамытқаны, домбыра тартуда құбылтып отырудың шебері болғаны жөнінде айтты. Дина сахнада отырып, небір күрделі шығармаларын орындағанда оң қолының қағыс техникасы сүйсініп тыңдаған əрбір көрерменнің ерекше назарын аудартқан. Оның жүрегінен туған жауһар туындылар қазақ күй өнерінің алтын қорынан орын алды.
Төлеген Қуанышев бірнеше ұсыныстарын алға тартып:
«Жыл сайын республика деңгейінде «Шəмші əндерінің фестивалі» өтіп келеді. Сол сияқты өнер ордаларында «Күй құдіреті» немесе «Дəулескер күйші Дина» атауымен жыл сайын домбырашылар байқауын өткізуді дəстүрге айналдырсақ, қандай ғанибет! Дина есімін иеленген өнер орталығын ашу қажет деп ойлаймын. Дина көшесінің бойында күйшілердің аллеясы немесе өнер иелерінің аллеясы болғаны жөн. Жазғы сахнасы бар театр салынса, ол да өнерге жасалған құрмет болатыны сөзсіз. Бұл күйге жаны тебіренетін, күй өнерін терең түсінетін, тамырынан, ұлттық тінінен ажырамайтын есті ұрпақты тəрбиелеу үшін маңызы өте зор игі істердің бірі болар еді», - деді.
Жиналған қауым алдағы уақытта күй өнеріне ерекше мəн берілуі қажет екенін алға тартып, Білім жəне ғылым министрлігі оқу процесін қалыптастыру барысында қазақтың күйі мен күйшілері туралы дəріс беруді балабақшадан бастау керектігін ескеруі жөнінде ұсыныс жасады. Басқосу соңында елорда іргесіндегі Қосшы кентінде жаңадан ашылған музыка мектебінде дəріс алып жүрген өнерлі балдырғандарға 10 домбыра сыйға тартылды. Сырдария университетінің президенті, ғалым Оңалбай Аяшев Д.Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай шеберлерге 10 домбыра жасатып, дарынды оқушыларға табыс етуін өтінген екен. Міне, сол бастама сəтті жүзеге асты. Осы шараға Динаның тікелей ұрпағы Кəрима Мұратқызы Нұрпейісова қатысты. Күйші туралы сыр шерткен «Ғасыр адам» атты деректі фильм көрсетілді.