RSS лента

Мұражайдағы шуға қатысты түсінік берді

  • 15.07.2021, 15:33,
  • 608
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Мәдениет және спорт министрлігі Алматыдағы Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы төңірегіндегі жанжалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мұражайға кондиционерлердің шуы үшін айыппұл салынған болатын. Ол шу музейге жақын жерде салынған Central Esentai Residence тұрғын үй кешенінің тұрғындарына кедергі келтіріпті.

 

 

Мұражай Республикалық маңызы бар қала құрылысы және сәулет ескерткіші болып табылады және 1983 жылдан бастап тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне кіреді. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамада іргелес аймақтар шегінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге шектеулер белгіленген.

 

«Бұл ретте заңда қалалар мен басқа да елді мекендерді жоспарлау, салу және қайта жаңарту жобалары, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштері бар жерді пайдалану карталары уәкілетті органмен келісуге жататыны белгіленген. Алайда, министрлік мұражайдың күзет аймағында осы көп қабатты тұрғын үй кешенін салу үшін мұндай келісім берген жоқ», — деді Мәдениет министрлігі.

 

Министрлік салқындату және кондиционерлеу жүйесі мұражайдың өзі құрылған сәттен бастап, яғни 1976 жылы жүргізілгенін айтады. Бұл ғимараттың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі, ал ғимараттың сыртында тұрған қазіргі тоңазытқыштар 2008 жылы орнатылған. Олар штаттық режимде жұмыс істейді, жыл сайынғы профилактикалық қызмет көрсетуден өтеді және өндірушінің сипаттамаларына сәйкес келеді.

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 7 желтоқсандағы № 372 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы музей қорының музей заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығына сәйкес әртүрлі музей заттарын кешенді сақтау кезінде ауа температурасы +18 ± 1 градус шегінде белгіленеді.

 

«Осылайша, музейдің салқындату және ауа баптау жүйесі ұлттық мәдени мұраны сақтаудың кепілі және кез келген музейдің тыныс — тіршілігін қамтамасыз етудің міндетті элементі болып табылады», — деп атап өтті ведомствода.

 

Уақытында әрекет ету мақсатында мұражай басшылығы Central Esentai Resedence ТК құрылыс салушысымен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде құрылыс салушы аталған мәселені шешетінін айтқан. Министрлік бұл мәселе мұражайдың еліміздің тарих және мәдениет ескерткіші ретінде сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылауда болғанын және болатынын айтты.

 

Еске салсақ, бұған дейін Қастеев атындағы өнер мұражайы жаңа тұрғын үй кешеніне жақын орналасқандықтан зардап шегуі мүмкін деп хабарланған болатын. Қала тұрғындары 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мұражай кондиционерлерінің дыбыстары олардың тыныштығына кедергі келтіреді деп санайды. Мұражайға 230 АЕК (670 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды және 30 күндік мерзімде бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Алайда, мұражай өкілдері тұрғын үй кешені күзет аймағында салынғанын және керісінше тұрғындардың қиын жағдайға тап болғанын айтты.

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ:
Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости