RSS лента

Атырауда жол құрылысы қарқын алуда

  • 13.09.2023, 12:31,
  • 13 344
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: әлеуметтік желі

Бүгінгі таңда Атыару облысында инфрақұрылымды қайта құрылымдау, әсіресе, экономиканың күретамыры, қауіпсіз қозғалыстың кепілі саналатын жолдарды жаңғырту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, жоспарлы да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Бұл республикалық және жергілікті маңызы бар тасжолдардың сапасын жақсартып, әлеуетін арттыруға септігін тигізіп келеді. Мұны, әрине, жақсылықтың нышаны ретінде бағалаған орынды. Бұл бағытта «Атырауинжстрой» (АИС) ЖШС-нің қосып отырған үлесі қомақты.

 

Қазір компания облыс бойынша 10 ауылда жол салып жатыр. Атап айтқанда, Индер ауданындағы Өрлік, Махамбеттегі Жалғансай ауылдарында ауылішілік жол күрделі жөндеуден өткізілуде. Айта кету керек, АИС ресурстары негізінен қаладағы жолды қайта құрылымдауға немесе жаңғыртуға бағытталған. Осылайша, биыл облыс орталығындағы Сырым Датов көшесі, Азаттық даңғылы, «Индер-Қарабау» тасжолы, қала маңындағы Бірлік, Бірлік-2, Бимахис, Мирас-2, Геолог елді мекендерінде жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Еркінқала ауылдық округіндегі «Еркінқала-1», «Еркінқала-2», «Еркінқала-3», «Балауса», Ракуша, Қайыршақты ауылдық округіне қарайтын Талқайраң, Томарлы, Алмалы ауылдық округі аумағындағы «Алмалы-2» шағынаудандарында жөндеу жұмыстары жалғасуда. zhol2 Ал, Доссор кенті (Мақат ауданы) мен Құлсары қаласы (Жылыой ауданы) жол құрылысымен қамтылған. Бұлардың бәрінде тақтайдай тегіс жол мен жаяу жүргінші жолдары төселеді.

 

Серіктестік жұмысын бастаған жиырма жылдан аса кезеңде дербес асфальт-бетон зауытын да жасақтап алған. Зауыт механигі Ерден Байзенов өндірістік процестің қыр-сырына тоқталып, дайын өнімнің сапасын қамтамасыз етудегі жұмыстар жайын тарқатты.

 

– Асфальт өндіруге дайындық жұмыстарына ерте көктемде, яғни наурыз айының басында кірісеміз, ал сәуір айының бірінші онкүндігінде дайын өнім тиісті құрылыс нысандарына жөнелтіледі. Кәсіпорын алғашқы аяз (суық) түскенге дейін үздіксіз жұмыс істейді. Мәселен, өткен маусымда зауыттан шыққан асфальттің соңғы партиясы қараша айының бірінші онкүндігінде жөнелтіліпті. Жол құрылысына қажетті материалдарды дайындау процесі толығымен автоматтандырылған интеллектуалды жүйе арқылы жүзеге асады. Өндірістік қуаты – тәулігіне 1000 тонналық зауытта жыл басынан бері 115,2 мың тоннаға жуық асфальт-бетон, 193,9 мың тоннадай аралас өнім шығарылды, – деді ол.

 

Ал, бас технолог Әлімхан Жұмашевтың айтуынша, қаңтардан бері қабылданған инертті материалдардың көлемі – 322 957 тонна. Күні бүгінге зауытта 137 мың тоннаға жуық инертті материалдардың (құм-қиыршықты қоспа (ПГС), әртүрлі көлемдегі қиыршық тас, минералды ұнтақ, т.б.) қоры да жеткілікті. Болжам бойынша бұл компанияның алдағы екі айда жұмысын тоқтатпай жүргізуге жетеді. Теміржол қатынасы арқылы тасылатын инертті материалдар мұнда тәулік сайын дерлік келіп отыр. Аптасына 10 мың тонна жаңа өнім жеткізіледі.

 

Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысу барысында көлемі шағындау болса да жолшылардың өз бау-бақшасын көрдік. Оны әу баста осы ұжымнан зейнеткерлікке шыққан кәріс жігіті қолға алыпты. Енді оның ісін әріптестері жалғастыруда.

 

Бақта жеміс ағаштары мен көкөніс-бақша дақылдарының бірнеше түрі өседі. Айналасы әдемі гүлзармен көмкерілген. Бейнелеп айтқанда, мұны бақша дақылдарының барлық түрі өсетін зауыттың «жасыл бұрышы» деуге болатындай. Біз осында болғанда бақшаны баптап-күтіп жүрген бағбанды да кездестірдік.

 

– Ұлты өзге болса да бұл кісі өзіміздің ағамыздай еді. Әрі екеуміз де Бейбарыс ауылынанбыз. Әуелде шаруашылықтың егін саласында жұмыс жасағандықтан ба, бұл іс қиынға соққан жоқ. Негізгі жұмысымызды ауысымдық әдіспен жасайтын болғандықтан, демалыста келісіп осы шаруамен айналысамыз. Алға қарай бау-бақша көлемін көбейту үшін оның аумағын сәл де болса ұлғайту қажет. Оның да шешімін табатынына сенімдімін. Жайлы жатақханамыз, мезгілімен тамақтанып тұратын асханамыз бар. Жалақыны уақытында алған соң, жағдайымыз жаман емес. Меніңше, әрбір кәсіпорын-мекеменің жанында осындай жанға сая болар жасыл желек болса қандай керемет. Төңіректен көмкеріліп тұрған тал-терек адамға оттегі де бөліп тұрады. Ол қай жағынан да пайдалы, – деді өзін Серік Тілепбергенов деп таныстырған жігіт.

 

Облыс орталығындағы Сырым Датов көшесі – шаһардағы ең ұзын және үлкен көшелердің бірі. Сондықтан, оны жаңғыртуға көп уақыт кетеді. Жалпы ұзындығы 5 шақырымға жуықтайтын осы көшені қайта құрылымдау 2021-2024 жылдар аралығын қамтиды. Мердігер кәсіпорын – «Атырауинжстрой» ЖШС-нің осы құрылыс нысанына жауапты учаске бастығы Жандарбек Құспанғалиевтің айтуынша, былтырдың өзінде көшенің 1,5 шақырымы жөнделіп, пайдалануға беріліпті. Биылға жоспарланғаны да шақырымға (980 метр) жуықтайды. Бұл учаске көшенің Шоқан Уәлиханов және Құттығай батыр көшелерімен қиылысар тұсындағы бөлігін қамтиды екен. Шілденің басында осы аралықтың 600 метрден астамы реконструкциядан өтіп, көлік қозғалысына рұқсат берілген. Қалған 300 метрдің үстіндегі жолдың құрылысы тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мереке – Құрылысшылар күні қарсаңында ашылады деп күтілуде.

 

– Межелі мерзімде бітіру үшін құрылыс-монтаж жұмыстарына 20 арнаулы техника, бірнеше ондаған адам тартылып отыр. Жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Құрылыс материалдарынан ешқандай іркіліс жоқ. Төселетін жолдың биіктігі 80 сантиметрді, ені 14 метрді құрайды, төрт жолақтан тұрады. Көліктер бір-біріне қарама-қарсы екі бағытта жүреді. Екі жағынан өрмелі тастан тротуар төселеді. Ескі жарық шамдары бағаналарымен қоса жаңаға ауыстырылып, аялдамалар да жаңартылады. Қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында арнайы жол белгілері мен сызбалар салынады. Бұл жұмыстарды қосалқы мердігер мекемелер орындайды. Реконструкциялаудың келесі кезеңі Сырым Датов көшесінің Георгий Канцев көшесімен қиылысқан жерінен «Арын» құрылыс дүкеніне дейінгі аралықта жалғасады. Бұл – жобаның соңғы бөлігі. Айрықша атап өтуге болатын жайт – құрылысы біткен учаскелерде көліктің жүруіне рұқсат беріп, қауіпсіз әрі қалыпты қозғалысты қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді компанияның өкілі.

 

Сайып келгенде, «Атырауинжстрой» компаниясы 20 жылдан астам уақыт бойы тұрақты дамуға қажетті барлық шараларды қолға алып келеді. Серіктестік – Қазақстандағы жол құрылысына тартылған компаниялар арасында көшбасшылардың бірі. Табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қызметкерлер мен жергілікті тұрғындарға қамқорлық көрсету, сондай-ақ, жол құрылысын жүргізетін аймақтардағы инфрақұрылымды жетілдіруге жәрдемдесу, сапа мен қауіпсіздікті сақтау – АИС-тың басты мақсаты.

 

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

Оставить комментарий
Последние новости