Мәжілісмен Берік Дүйсенбинов депутаттық сауалын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа жолдады.
– «Ақ жол» фракциясы депутаттарының Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуі кезінде газдандыру мәселесі әлі де толық шешілмегенінен хабардар болдық. Ауыл азаматтары газбен қамту мәселесін тағы да қайталай көтеріп, әкімдердің әсем есептерінің шындықтан алыс екенін жарыса айтып, жанайқайын жеткізді.
Оның үстіне, Құдайға шүкір, еліміз күнін көре алмай қол қусырып отырған жоқ. Әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп биік мақсат қойдық. Бірақ, жылына 50 миллиард текше метр газ өндіретін Қазақстанның халқы сол газбен үйін жылыта алмаса, біз қандай өмір сапасы туралы айта аламыз, ондай әлемдік рейтингтің құны бес тиын.
Өкінішке қарай, осы ауылдарға көгілдір отын әлі жетпеген. Егер газ болмаса, тұрғындардан 4 жыл бұрын неге ақша жиналған? Халықпен кездесу кезіндегі айтылған шағымдарға сүйенсек, Жетісай ауданындағы 72 мектептің 39-ы әлі де көмір қызуымен жылынады.
Газдың қосылмау себебін жергілікті әкімшілік, өкілетті органдар әртүрлі техникалық себептермен түсіндіруде. Бірақ, мардымды, нақты жауап ала алмадық. Әрине, сылтаудың түрі көп, қағаз бәрін көтереді. Осы ауыл азаматтары мен мектептерге газдың жетпеуіне себеп болып отырған шенеуніктер мен газ құбырының басында отырған өкілетті органның басшыларына көгілдір отынсыз отырған ауылдарға көшіп, балаларын суық мектепте оқытып, келе жатқан қыстың қарсаңында тезекпен жылынып өмір сүруге кеңес береміз. Сонда мүмкін, бұл мәселе жылдам шешілер, - деді халық қалаулысы.